Журналистер жала жапқаны үшін түрмеге қамалмайды

0
1 132

Әлемнің ешбір елінде жала жапты деп журналистерді түрмеге қамамайды.


Журналистер жала жапқаны үшін түрмеге қамалмайды

ERNUR.KZ. 20 желтоқсандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстің 130-ыншы бабын («жала жабу», «жалған айту») қылмыс деп танымай, Әкімшілік кодекске ауыстыру қажеттігін мәлімдеді, деп жазады Elorda.info.

«Аталған нормаға қатысты пікірталасты зерделей отырып, бірыңғай шешім қабылдаудың соншалықты күрделі екенін байқауға болады. Өйткені құқықтық, гуманитарлық, этикалық және халықаралық стандарттар сияқты барлық бағыттарды ескеру қажет. Аталған мәселенің қағидаттары мен ерекшеліктерін талдау нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 130-бабын қылмыстық деп танымау және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру жөнінде шешім қабылдадым. Біз азаматтарды жала жабудан қорғауға тиіспіз. Осы ретте басқа азаматтардың құқығына кепілдік беру, оларды жала жабудан және орынсыз айыптаудан қорғау үшін жауапкершіліктің жоғары шегін сақтау қажет» деді Президент.

Кейбір қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар аталған баптың Қылмыстық кодексте қалғанын жақтағаны мәлім. Өз кезегінде бірқатар мемлекеттік органдар да 130-ыншы баптың бірінші бөліміне ғана өзгеріс енгізуді ұсынды. Алайда, Президент Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысында адвокат Айман Омарованың көмегімен журналистер және құқық қорғаушылар қауымдастығы ұсынғандай, бапты толығымен декриминализациялау жөнінде шешім қабылданғанын жеткізді.

Атап айтарлығы, бұл бап бойынша негізінен журналистер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бас Прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің мәліметтері (бұл деректі «Әділ сөз» ұйымы сұратқан) бойынша, 2016-2017 жылдары соттарда жала жабу бабы бойынша 1314 іс қаралып, соның ішінде 580-іне үкім шығарылған. 93 адам сотталып, 733 адам ақталған. 2018 жылы соттарға БАҚ арқылы таратылған жала жабу айыбы бойынша 1167 тұлғаға қатысты 962 іс түскен. Соның ішінде, 19 адам сотталған. Бірқатар отандық медиа-сарапшылар, құқық қорғаушылар, кәсіби журналистер 130-ыншы баптың Әкімшілік кодекске ауыстырылуы БАҚ өкілдерінің құқықтарын қорғауға жол ашып, еліміздегі сөз бостандығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім артып отыр.

Бапты ауыстыру – дұрыс қадам

Академик М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, баспасөз тарихшысы, абайтанушы және абылайтанушы көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай Президенттің бұл шешімінің қоғам, мемлекет дамуы үшін оң өзгерістерге бастайтынын айтады. Оның пайымдауынша, бұл баптың декриминализациялануы журналистер қауымының бұрынғыдан батылдау жұмыс істеуіне, журналистік зерттеулердің көбеюіне жол ашады.

«Меніңше, біздің БАҚ-тарда журналистік зерттеулер көп болуы тиіс. Біз кейде мұны жеке бір журналистің жазғаны деп қана қараймыз. Журналистік зерттеу дегеніміз – қараша халықтың, оқырмандар мен тыңдармандардың атынан жүргізілетін зерттеу. Журналистік мәдениетімізді көтереміз десек, қоғамдағы ең өзекті, түйткілді мәселелерге журналистер көп зерттеу жүргізіп, ашық жариялауы тиіс. Сонда ғана қоғам дамиды» дейді Зарқын Сыздықұлы.

Белгілі адвокат, БАҚ бойынша сарапшы Жохар Өтебеков бұл шешімді дұрыс және жағымды қадам деп есептейді. Оның пікірінше, бүгінге дейін Қылмыстық кодекстің бұл бабының қоғам үшін де, журналистер үшін ешқандай жағымды жағы болған жоқ.

«Ең алдымен, бұл бап сөзбен жұмыс істейтін кәсіп иелеріне (журналистер, блогерлер) қауіп төндіріп келді. Әсіресе, жала жапты деп айыпталған журналистерді бас бостандығынан айырды. Мәселен, мен үш жыл бұрын «radiotochki.net»-тің журналисі Сергей Кимді сотта осы бап бойынша қорғадым. «СКАТ» әуе компаниясының С. Кимге қатысты шағымы бойынша ақтау туралы үкім шығарылды. Биыл да елімізде мұндай оқиғалар болды. «Сарыағаш инфо» газетінің бас редакторы, журналист Амангелді Батырбеков түрмеге қамалды. Соңғы жылдары жала жабу бабы бойынша тек журналистер емес, қоғам қайраткерлері де абақтыға қамалды. Олардың арасында шартты түрде қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар да бар. Қалай болса да «сотталған» деген таңба қай адамның өмірбаянына жақсы дейсің? Сол себептен, ар-намысым қорланды, жала жабылды деп санайтын адамдар азаматтық-құқықтық тәртіппен жазалауға жүгінуі тиіс» дейді адвокат.

Сонымен қатар, Жохар Өтебеков Қылмыстық кодекстегі 274-інші баптың (көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату) ҚР-ның Конституциясына қайшы келетінін былай түсіндіріп берді: «Әлемдік тәжірибеде мұндай бап атымен жоқ. Ол тек абсурдтық қана емес, Ата заңымызға және Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 19-ыншы бабына (ой-пікір бостандығы, ой-пікір бостандығын білдіру және тарату) қарама-қайшы келеді. Яғни, тезірек бұл бапты да декриминализацилауымыз қажет».

Журналисті жазалау – кәсіби қызметінен аластату

Бүгінге дейін 130-ыншы бап бойынша үстінен бірнеше рет қылмыстық істер қозғалғанымен сотта жеңіп шыққан қазақстандық танымал журналист Жұмабике Жүнісова БАҚ өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тарту кәсібінен аластату, тұқырту деп санайды. Ол әлемнің ешбір елінде жала жапты деп журналистерді түрмеге қамамайтынын айтады.

«Жала жапты» деп мені сотқа берген жағдайлар көп болды. Соның ішінен бір-екеуін мысалға келтірейін. Осыдан 5 жыл бұрын, Семейдегі бір кәсіпорын мен жеке тұлғалардың арасындағы жанжалға қатысты республикалық газетке сериялық мақалалар жарияладым. Көп ұзамай жеке тұлғалардың бірі (өзі миллионер әйел) мені жала жапты деп сотқа берді. Оны өмірімде ешқашан көрген емеспін. Менің материалдарым тек нақты құжаттарға негізделіп жазылды. Тіпті арнайы Семейге ұшып барып, том-том құжаттарды ақтарып, істің ақ-қарасын анықтадым. Сөйтіп, әбден тексерілген және шынайы фактілердің негізінде мақала жаздым. Бір қызығы, шағым Алматының сотына жолданған. Ал мен елордада тұратындықтан оған шағымданып, құзырлы органдарға хат жаздым. Сөйтіп, сот Нұр-Сұлтанның Сарыарқа аудандық сотына ауыстырылды. Алдын-ала тыңдаудан кейін, басты сот отырысы өтуі керек еді. Еліміздегі жоғары дәрежелі кәсіби адвокат Мұстақым Төлеевті жалдадым. Семейден әлгі кәсіпорынның басшысын, заңгерін шақырттым. Барлық дәлелдейтін құжаттар қолымызда болды. Бірақ жеңілетінін білген қарсы тараптың өкілдері сотқа келмеді. Әлгі әйел өзінің шағымын қайтып алған соң, қылмыстық іс жабылды» дейді Ж. Жүнісова.

Ол сондай-ақ, Ермұхамет Ертісбаев Мәдениет және ақпарат министрі болып тұрған кезде «БАҚ туралы» заңға түзету енгізіліп, журналистер жұмыс істейтін құжаттардың жарамдылық мерзімі 1 жыл деген норманың алынып тасталғанын құптамайды.

«Бұрын заңда сондай норма болған. Яғни, журналистер жұмыс істейтін құжаттардың жарамдылығы 1 жыл ғана болатын. Е.Ертісбаев министр болып тұрған кезде сол норманы алып тастады. Қазір журналистерге 20-25 жылдан кейін шағымдана береді. Өз басымда да сондай жағдай болған. Бірде 6 жылдан кейін менің атыма біреу сотқа арызданды. Мен өзімнің жазған мақала, журналистік зерттеулерімді ешқашан жоғалтпаймын. Әділдігімді растайтын сол құжаттарымды алып, Қарағандыдағы сотқа бардым. Әлгі адам алдын-ала естіп, бәріне көзін жеткізген соң, соттан қашып кетті. Сондықтан, аталған норманы заңнан алып тастау керек» деп түсіндірді Ж. Жүнісова.