Журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген күдікті ұсталды

0
905

Клебанов-Маневич құқыққа қайшы жоспарларын іске асыру үшін хакерлер тобы мен акцияларды орындаушыларды жалдаған.


Журналистерге шабуыл ұйымдастырды деген күдікті ұсталды
ERNUR.KZ. ІІМ мен ҰҚК ведомствоаралық жедел-тергеу тобы редакциялар мен БАҚ өкілдеріне жасалған шабуылдар дерегі бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда, деп жазады BAQ.KZ.

Polisia.kz деректеріне сүйенсек, журналистерге жасалған шабуылдарды ұйымдастырушы және бастамашы Қазақстан азаматы Клебанов (Маневич) Аркадий Сергеевич екені анықталды.

"Ол ұсталды және соттың рұқсатымен қамауға алынды. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 115-ші “Қауіп-қатер”, 147-ші “Жеке өмірге қолсұғылмаушылықты бұзу”, 158-ші “Журналистік қызметке кедергі жасау”, 202-ші “Бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру” және 293-ші “Бұзақылық” баптарымен қарастырылған айыптар тағылды. Ұсталған адам істеген әрекетін мойындады. Жауап алу барысында барлық шабуылдарды өз бетінше ұйымдастырғанын, өйткені жеке себептер мен бірқатар қазақстандық танымал БАҚ өкілдеріне бұрынғы талаптарының болғанын мәлімдеді", - делінген хабарламада.

Клебанов-Маневич құқыққа қайшы жоспарларын іске асыру үшін хакерлер тобы мен акцияларды орындаушыларды жалдаған.

Арандату мақсаттары мен нұсқаларын өз бетінше таңдаған. Орындаушыларға берілетін қаражатты криптовалюта операциясынан түскен пайда есебінен төлеп отырған.

Тергеу жалғасуда, оның нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.