​«Жылдың үздік тауары» атағын кәсіпкерлер сатып алады (видео)

0
1 539

Үздік атану үшін белгінің орташа бағасы миллион теңгені құрайтын көрінеді


​«Жылдың үздік тауары» атағын кәсіпкерлер сатып алады (видео)

ERNUR.KZ. «Жылдың үздік тауары» белгісін кәсіпкерлер сатып алып жатыр, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Кәсіпкерлер өз өнімін жарнамалап, оны тұтынушылар көп сатып алу үшін осындай атақты сатып алады екен. Осылайша тауарын өтімді етудің жолы барын мамандардың өзі мойындап отыр.

Өнімге зауытта таңбаланатын үздік белгісі осылайша миллондарға сатылады екен. Оның даңқы неғұрлым жер жарған болса, соғұрлым тұтынушылардың сеніміне ие болу ықтималдығы жоғары. Мәселен, «Жыл үздігі» деген белгіні алу үшін миллион теңгеден асады. Ал кәсібін енді бастаған жандар үшін жеңілдік қаралған.

«Маған өте көп кәсіпкерлер оны қалай сатып алуға болатынын сұрап келеді. Біз негізінен олардың арасында тауары сапалы, ең жақсыларын ынталандырып отырамыз. Яғни, нақты өз саласындағы көрсеткіштерді ұсынамыз. Ал олар бізге ақша төлейді», - дейді рейтинг шығарушы компанияның жетекшісі Гүлнара Хабибрахманова.

Үздік тауар белгісін миллиондаған ақша сатып алғандарға қосымша сыйлықтар да берілетін көрінеді. Яғни, бизнес кеңестер, тауарын жарнамалау тіпті шетелге серуендеп келуге де мүмкіндік бар. Бірақ, ол үздік белгі, өнімнің сапалы екенін білдірмейді екен.


Астанада жұмысы нәтижелі кәсіпкерлердің бірі Лаура Мелісханқызы шаһарда балаларды дамыту орталықтарын ашып, оны өзі басқарып жүр. Кәсіпкер келіншек егер өзінің бизнесіне жарнамалау туралы, оны қала ішіндегі үздік орталық етіп бергісі келетіндерден ұсыныс түссе, бас тартатынын айтады. Өйткені, әуелі халықтың сенімі маңызды.

«Дайын сондай атақты жылдың тауары сатып алу деген дұрыс емес деп ойлаймын. Өйткені халықтың негізгі бір бағасын алу үшін халыққа сапалы қызмет көрсету керек. Жұрт сонда өзі бағалап, өзгелерге айтып, жарнамасыз-ақ сенің тауарды алады», - дейді кәсіпкер Лаура Мелісханқызы.

Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғау қызметінің мамандары болса, үздік деген белгіні сату халықаралық тәжірибеде бар екенін айтады.

«Кез-келген мемлекетте тауар сапасы жөніндегі байқаулар ақылы түрде өтеді. Тек біздің мемлекетте тауар өндірушілердің арасындағы байқаулар тегін өтеді. Оған қатысу үшін кәсіпкер ақша төлеуге міндетті емес», - дейді «Атамекен» ҰКП байқауларды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Әбдікәрімова.

Бүгінде кез-келген тұтынушы өз құқығының тапталмауына жете көңіл бөледі. Кейде тауардың сапасына мән бермей, сатып алған соң ғана сан соғып қалып жатады. Ал сатушылар мен тауар өндірушілер тұтынушылардың өз құқын қорғай алмайтындығын, білместігін пайдаланып, оларға сапасыз тауарын жарнамалап, оның ең үздік әрі сұранысқа ие екенін жазып, өткізіп жібереді. Ал оған сенім артып, сатып алатын да зардап шегетін тұтынушы халық.