Жылуға қарыз тұрғындар жарықтан ажыратылуда

0
1 109

Сонымен қатар қарызын қайтармайтын заңды тұлғаларға да жылу беру тоқтатылады. Бүгінде олардың жалпы қарызы 32 млн теңге.


Жылуға қарыз тұрғындар жарықтан ажыратылуда

Семейде «Жылукоммунэнерго» мекемесі қарызы бар тұрғындармен күресті бастады. Жылдап тұтынған жылу үшін ақша төлемегендердің пәтерлері жарықтан ажыратылуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қала бойынша тұрғындардың жылу мекемесі алдындағы қарыз мөлшері 600 млн теңге. Оның 70 пайызы тұрғындарға тиесілі. Сондықтан «Жылукоммунэнерго» мекемесінің қызметкерлері жылдап жиналған қарызды қайтаруға құлықсыз тұрғындармен күресті күшейтуде. Жыл басынан бері 200 абонентке берешекті қайтару туралы ескерту жасалған. Енді ескертуді елемеген 80 борышкер жарықтан ажыратылуда.

«Борышкерлермен күрес жұмыстары жыл бойы жалғасады. Біз қатаң шараға көшуге мәжбүрміз. Себебі, тұрғындар тұтынған жылуға ақша төлеуге асықпайды. Енді жылуға ақшаны 3 айдан артық төлемесе тұрғындар рет-ретімен жарықтан ажыратылады»,-деді «Жылукоммунэнерго» мекемесінің бөлім басшысы Гауһар Жетпісбаева.

Жылу мекемесінің қызметкерлері 3 мыңнан артық тұрғынның үстінен сотқа шағым түсірген. Бүгінде олардың 1500-і сот орындаушыларының қарауында. Сот қаулысы шыққаннан кейін борышкерлердің мүлкі тәркіленіп, еңбек және зейнетақысынан жылу берешегі өндіріледі.

Сонымен қатар қарызын қайтармайтын заңды тұлғаларға да жылу беру тоқтатылады. Бүгінде олардың жалпы қарызы 32 млн теңге. Қазір техникалық құжаттарды қайтарып алу туралы хат дайындалып жатыр.

«Бүгінгі күні орталық жылу жүйесіне қосылғысы келетін абоненттер көп. Алайда, жылудың жеткіліксіз мөлшерінен өтініштер кері қайтарылады. Енді қарызды төлемейтін нысандарды жылудан ажыратып, өтініш берген нысандарға қосатын боламыз»,-деді Гауһар Жетпісбаева.