​"Үзілмеген үміт" көркем фильмі халықаралық кинофестивальде бас жүлдені жеңіп алды

0
1 240

Фильмдегі басты рөлдерді Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары сомдады.


​

ERNUR.KZ.ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша "Tanaris Production" кинокомпаниясы түсірген "Үзілмеген үміт" көркем фильмі Ресейде өткен Халықаралық "Свет миру" кинофестивалінде Бас жүлдені жеңіп алды, - деп хабарлайды tengrinews.kz "Қазақфильм" киностудиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Үзілмеген үміт" фильмінің режиссерлері - Серік Әбішев және Руслан Магомадов. Аталған фильмді халықаралық кинофестивальдерде көрсетіп, насихаттауды Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ жүзеге асырып отыр.

"Біздің фильмімізге жоғары баға берген "Свет Миру" фестиваліне және оның қазылар алқасына алғысым шексіз. Фильмнің тең режиссері Руслан Магомадовпен, сондай-ақ картинаның түсіру тобымен бірлесіп мейірімге толы, адамдардың жүректеріне жылу ұялатып, көңілдерін нұрландыратын фильм түсіруге тырыстық", - деді режиссер Серік Әбішев.

Фильмдегі басты рөлдерді Алматы және Алматы облысы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның балалары сомдады. Картинаның негізгі түсіру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысында өткен. Фильмнің музыкасын еліміздің танымал композиторы Қуат Шілдебаев жазған. Ал, фильмге музыка жазу барысында Батырхан Шүкеновтің саксофонмен орындаған импровизациясы негіз болған.

Еске салайық, осы фильм ең алғаш Германияда өткен 64-ші Мангейм-Хайдельберг халықаралық кинофестивалінің негізгі байқауында көрсетілген болатын. 2016 жылы фильмде басты рөлді сомдаған жас актер Амагелді Құсайынов Халықаралық "КиноМалыШок" кинофестивалінде "Үздік бала рөлі" жүлдесімен марапатталған.
Фильмнің желісі мынадай: Тұтқынға алынған қылмыскер әскерилердің бақылауымен Кореядан Еуропаға ұшып бара жатқан сәтінде, ұшақ Қазақстанның бір қалашығына қонуға мәжбүр болады. Осылайша, темір тордан талай мәрте қашып кетпек болған басты кейіпкер, тағдырдың салуымен балалық шағын өткізген балалар үйіне қайта оралады. Түрлі ұлт өкілдерінен құралған фильмнің кейіпкерлері тіл табыса алмаса да, бір-бірінің жүректеріне мейірім шапағатын төгіп, көрермендерді адамдар арасындағы адам­гершілік, махаббат пен достық сезімдерін бағалай білуге шақырады.