Сәбiз шырыны ана сүтінің маңыздылығын арттырады

0
2 398

Қыз-келiншектердiң жас қалпын сақтауға, олардың әдемi көрiнуiне сәбiз шырыны көмектесе алады. Сондай-ақ, күн сайын сәбiз шырынын iшкен әйелдер өзiн еркiн сезiнiп, сексуалды белсендiлiктерi арта түсетiн көрiнедi. Сонымен қатар сәбiз шырыны жүктi әйелдер мен емiзулi аналарға өте пайдалы.


Сәбiз шырыны ана сүтінің маңыздылығын арттырады

фото: 1zoom.me

Сәбiз нағыз пайдалы заттарға бай көкөнiс. Оның құрамында дәрумендер мен микроэлементтер көп. Ал, оның бойындағы антиоксиданттар қатерлi iсiктiң пайда болуына жол бермей, алдын алады екен. Сонымен сәбiз шырыны жайлы сөз қозғамас бұрын оның құрамы мен пайдалы тұстарына тоқталып өтейiк.

Сәбiз шырынында каротиннен басқа Е, С, Д және В дәруменiнiң барлық топтары бар. Сонымен қатар темiр, фосфор, калий, магний сынды элементтер де жоқ емес. Жақында ғана сәбiз шырынында пайдалы фитонцидтердiң бар екенi анықталған. Ол бұрыннан белгiлi сарымсақ пен пиязда бар болатын. Фитонцидтер микробтар мен вирустарды өлтiредi. Сондықтан да болар көбiне тұмауратып ауырғанда дәрiгерлер сарымсақ не пияз жеуге кеңес бередi. Бiрақ та бұл кеңеске құлақ түретiндер аз. Өйткенi пияз бен сарымсақты жей алмайтындар көп. Оның үстiне жағымсыз иiстерi де мұрынды жаратыны тағы бар. Ал, сәбiзде керiсiнше. Сәбiз шырынында ешқандай жағымсыз иiс те, дәм де болмайды. Оны iшкеннен кейiн iш ауырып, мазаламайды. Керiсiнше сәбiз шырыны иммунитеттi көтерiп, қанайналымды жақсартады. Егер де сәбiз шырынын үнемi iшiп отыратын болса, қандағы холестерин деңгейi бiр қалыпта тұрады. Тiптi, ауыр металдардың өзi мұндай сусыннан кейiн ағзада қалып қоймайды.

Әсiресе әйелдерге сәбiз шырынын көп iшу керек. Қыз-келiншектердiң жас қалпын сақтауға, олардың әдемi көрiнуiне сәбiз шырыны көмектесе алады. Сондай-ақ, күн сайын сәбiз шырынын iшкен әйелдер өзiн еркiн сезiнiп, сексуалды белсендiлiктерi арта түсетiн көрiнедi. Сонымен қатар сәбiз шырыны жүктi әйелдер мен емiзулi аналарға өте пайдалы. Оларға мiндеттi түрде жаңа сығылған сәбiз шырынын iшу керек. Себебi бұл шырын ана сүтiнiң маңыздылығын арттыра түседi. Сонымен қатар құрамын байытады екен. Дәрiханалық дәрумендердi iшудiң орнына күн сайын сәбiз шырынын iшудi қолға алсаңыз, бәрi де ойдағыдай болары сөзсiз. Басында сәбiз шырынын жарты стақаннан бастап, сосын келе-келе жарты литрге дейiн жеткiзуге болады. Осылайша сәбiз шырынының бойынан табылатын кальцийдi оңай қабылдауға болады.

  • Сәбiз шырыны әруақытта тәбеттi жақсартып, ас қорытуды реттейдi. Сонымен бiрге шлактарды шығаруға да үлес қоса алады. Ал, ең негiзгi пайдасы ол көздiң көруiн жақсартып, тiстердiң сау болуына септiгiн тигiзеді. Жүйке жүйенi де сәбiз шырынын iшу арқылы тыныштандыруға болатынын біле жүріңіз.
  • Жүйкеңiз шаршағанда дереу дәрiнің көмегіне жүгінбей, алдымен бiр стақан сәбiз шырынын iшiңіз. Сонда жүйкеңiздiң тынышталғанын өзiңiз де сезетiн боласыз.
  • Егер асқа тәбетiңiз болмаса, бойыңызды дел-салдық билеп, шаршап жүрсеңiз сәбiз шырынын iшiңiз.
  • Тырнағыңыз сынып, шашыңыз түсе берсе де сәбiз шырыны көмектесе алады.
  • Күнiне iшкен 1 стақан сәбiз шырыны ажарыңызды әдемiлеп, көзiңiздiң көру қабiлетiн жоғарылатады.
  • Суық тиiп, тұмау болсаңыз, жөтел мазалап, тыныс алу жолдары суықтаса сәбiз шырынына бал араластырып iшiңiз.
  • Сондай-ақ, жүрек, бүйрек және өтiңiз ауырса да шырынның тигiзер пайдасы орасан.
  • Егер, инфаркт алсаңыз, жарты стақан сәбiз шырынына 0,3 шай қасық өсiмдiк майын қосып, күнiне 3 рет iшiңiз.

Сәбiз шырынының көмегiмен түрлi созылмалы ауруларды емдеуге болады. Мысалы, несепке тас байланғанда, атеросклероз ауруына шалдыққанда, түрлi қабынулар мен бедеулiк бой алдырғанда осы шырынмен емделе аласыз. Сондай-ақ, халықтық медицинада сәбiз шырынымен жараларды, iрiңдi жараларды, күйiктi, үсiк шалғанды емдейтiн болған. Алайда сәбiз шырынымен емделудi дәрiгермен кеңескеннен кейiн ғана бастау керек. Сонда да күнiне 2 литрден артық iшуге болмайтынын ескертемiз.

Сәбiз шырынының зиянды әсері

Қаншалықты пайдалы сусын болғанмен де оның да кейбiр адамдарға зиянды әсерлерi бар. Сәбiз шырынын асқазан жарасында, гастрит кезiнде iшуге болмайды. Сонымен бiрге қант диабетiне шалдыққан жандарға бұл шырынды абайлап iшуге тура келедi. Көп iшiп қойған жағдайда басыңыз ауырып, ұйқышылдыққа бой алдыруыңыз мүмкiн. Сол себептi де қант диабетiне шалдыққандар сәбiз шырынын аз iшкенi жөн.

Ләззат Ахметова,

ERNUR. KZ