"Адамдарға Алланың ескертуі​": Балғынбек Имашев еліміздегі өзгерістерге өлең арнады

0
1 916

"Карантиннің көбейіп себебінен, 20 млн болайық қысқа қарай!"


Белгілі айтыскер Балғынбек Имашев соңғы уақытта қоғамда орын алған оқиғаларға қатысты өз пікірін білдіруден қалыс қалған емес. Жаңалыққа құлақ түре жүретін ақын Қазақстан халқының саны 19 миллионға жеткені үшін қуанғанын жеткізді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазба жарялап әрі ащы әзілге құралған өлең шумақтарын да шығарды.


- Күні кеше ғана Қазақстан халқының саны 19 миллиондық межеден асқаны туралы жақсы жаңалық естідік. Керемет қуаныш қой! Ұлан байтақ даламызға басқалардың көз тігуі, есеміздің басқаға кетіп жатқаны тексіздігімізден емес, санымыздың аздығынан. Әлемде жер көлемі, яғни территориясы бойынша 9 орын аламыз деген аса мақтаныш емес, біз Әлемде 1-орын аламыз! Себебі, біздің алдымыздағы 8 мемлекет бір-ақ ұлттан құралған елдер емес, олар, бірнеше ұлттардың территорияларын құрамына алған империялар. Біздің Ресейде, Қытайда, Өзбекстанда қалған жерлерді қоспағанда бұл жерлер тек қана қазақтікі! Бізде 100-ден аса ұлт жоқ, бізде бәрі диаспора. Осы жерде қазақтың мүддесі жоғары тұруы үшін кедейліктен қорықпай көбею керек. Ризықты билік емес, Алла береді! Таңертең ойыма осы екі шумақ әзіл өлең келіп еді, бір қарасам жеті шумақ болып кетіпті" - дейді айтыскер.


19-Kovid емес қой дұшпан оңай,
Үйде отыр, себебі, тыста бабай!
19 млн болыпты халық саны,
Елді үйіріп үрейде ұстаған ай.

Халық деген қайтеміз "көктегірді",
Билік деген нетеміз "жетпегірді"?
Жапырақты солдырып бәзбіреулер,
Міндеттейді балаға екпе егуді.

Күннен күнге оқиға ушықпаса,
Сыртта тұрып тұмсығын қу сұқпаса.
Жақсы екпеден ел шошып қашар ма еді,
Сауды сал ғып "астынан" су шықпаса?

Белшесінен халықтың кешкен суы,
Вирустардың дерт болып босқа өшруі.
Апат, қайғы, жарылыс - мұның бәрі,
Адамдарға Алланың ескертуі.

Ескертуден жүректер дыз етсе екен,
Билік өзін, ел сөзін түзетсе екен.
Бірін бірі аңдымай, ғайбаттамай,
Ары менен иманын күзетсе екен.

19 млн жапырақ. Үш қарағай.
Бекер жатса біте ме іс толағай?
Карантиннің көбейіп себебінен,
20 млн болайық қысқа қарай!

Топыраққа түскен дән өзі өнсе екен,
Жапыраққа қастандық тежелсе екен.
Қазағымның Саны менен Сапасы өсіп,
Тегеурінді тізімге тез енсе екен.
P.S.
Айнала алмай ат пенен қозы өлсе екен,
Айыра алмай жат пенен ВОЗ өлсе екен!

Оқырмандар ақынның өлеңіне ой бөлісіп, пікір қалдырған.

"25 миллион боламыз қысқа қарай, себебі егіз туатындарда, үшем туатындарда, төртеу туатындарда барғой", "Демография - нөмірі бірінші мәселе", "Ол тірлікті енді үкіметпен ақылдасу керек", "Карантиннің пайдасы халық санын көбейту болып тұр", - деген пікірлер жазылған.