«Әншілерді тірідей көрдік» деп шын қуанып, «автограф беріңізші!» деп құшақ жая қарсы алатын»

0
1 396

«Кейде концертімізде свет болмайтын, сонда далада сахна құрып жиналған көліктер фараларын жағып, айқайлап тұрып, бар дауысымызды салып ән айтатынбыз». Әнші Бахыт Шадаева 90 жылдардан естелік боп қалған ностальгиясымен бөлісті.


«Әншілерді тірідей көрдік» деп шын қуанып, «автограф беріңізші!» деп құшақ жая қарсы алатын»

«Алматым жүрегімнің түбіндесің, Көктемдей шуақ шашып күлімдейсің...» деп басталатын 90 жылдардағы әуезді хит әннің орындаушысы Бахыт Шадаева сол 90 жылдарды сағына еске алып жүр. Осы ән қаншама жүректерді тербеді, нешеме той-жиындардың гүлі болды, көптеген вальс кештерінің сүйікті ырғағындай әуелеген еді. Дәл осы ән Б.Шадаеваның жұлдызын жағып, өнердегі карточкасына айналғаны қалың көпшілікке мәлім.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Бахыт Шадаева инстаграмдағы парақшасында: «Есіме, сол 90 жылдар түседі. Күрделі кез болатын, свет, газды өлшеп беретін, әсіресе ауылдарда. Адамдардың көңілін көтеріп біздер, әншілер, ауыл-аймақтарды, жалпы қазақ жерін көп аралайтынбыз. Судың өзі өлшеулі. Бірақ, адамдардың пейілі керемет жарқын болатын. «Әншілерді тірідей көрдік» деп, шын қуанып, «автограф беріңізші» деген сөзбен құшақ жая қарсы алатын. Таласып үйлеріне шақырып, дастарқан жайып барын қоятын еді. Сонда адамдардың жарқыраған жүздерін көретінмін. Кейде концертімізде свет болмайтын, сонда далада сахна құрып жиналған көліктер фараларын жағып, айқайлап тұрып, бар дауысымызды салып ән айтатынбыз, жиналған қауым тыныштық білдіріп аса құрметпен тыңдайтын. Қазіргі заман мүлде басқа, әрине, ол басқа әңгіме», - деп жазды.

Ал әншінің оқырмандары арасында тек жүрекше басқан комментарийлерді оқуға болады.