Бала Жамбыл журналист Жамбылға айналды

0
11 435

Ақын бала Жамбыл журналист болуды бала кезінен армандаған.


Бала Жамбыл журналист Жамбылға айналды

"Сарқытымын Жамбыл қарттың, Жамбыл менің есімім" деп жырлаған кішкентай ғана бала, қазір студент атанған. Мектепті "Алтын белгімен" бітірген жігіт, өзінің қиялы журналистика факультетіне жетелегенін айтады.

Бұл туралы өзінің жеке парақшасында "Талапты бала - талпынған құстай, құмары қанбас самғап бір ұшпай" - демекші, талаптың кемесіне мініп, талантымды шыңдау арқылы сүйген мамандығымды таңдау жолындағы сапарға шықтым. Ұшқыр қиялым осы бүгін бағымды сынап жатқан киелі қара шаңырақтың журналистика факультетіне жетеледі. Қарақылды қақ жарып, алдаспандай жарқ етіп, аямай тіліп түсер от тілді, орақауыз журналист болу бала кезден келе жатқан арманым. Қажырлы еңбегім мен тоқтаусыз ізденісім асыл арманыма сүріндірмей жеткізеді деген сенімдемін. Бес жасымнан "Мен - қазақпын" - деп өнер өлкесіне тәй - тәй басып кіргенім есімде. Аллаға шүкір, бұл күнде ақжүрек алашымның бала Жамбылы атанып, сүйікті перзентіне айналдым. Өлеңімді өміріме өзек етіп, жауқазын жырларымның тұнығын еліме арнадым. Халқының жоғын жоқтап, мұңын шағатын, шыншыл, ұлтжанды, халқымен жүрегі бірге соғатын журналист қана нағыз журналист деп ойлаймын. Қызығы мен қиыны қатар жүретін осы бір мамандық менің жан - дүниемді еріксіз баурап, тананың сүтімен емес, ананың сүтімен келген ақындығыма шабыт берді.

Өлең жазам, мәнерлеп оқудың шеберімін, 2-3 кітаптың авторымын, жеке шығармашылық кешімді үн - таспалар мен бейне таспаларға жинақтадым. Балауса шағымнан "Балапан", "Құлыншақ", "Санамақ" сияқты теле-бағдарламалардың жүргізушісі болдым. Елбасымыз ақ батасын беріп, қолынан сыйлық та алдым. Биыл ең жас қатысушы болып, Н.Ә.Назарбаев атындағы стипендияның иегері атандым. Осы біраз жинақтаған тәжірибем, аттары алтын әріппен жүректерге жазылып, өсер ұрпаққа өнеге болған, сөздің жілігін шағып, майын ішкен қазақ журналистикасының майталмандары: А.Байжанбаев, Т.Амандосов, Қ.Бекхожин, Т.Қожакеев, М.Барманқұлов, Н.Омашев, С.Қозыбаев сияқты аға буындардың жолдарын жалғап, жақсы журналист болуыма септігін тигізеді деген үміттемін"-, деген әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің студенті өзінің сөзін төмендегі жырымен жалғастырыпты.

"Мен халқымның қыранымын баптаған,
Қазақ болып туғаныма мақтанам.
Сөзін сөйлеп, мұңын шағам ұлтымның,
Керек емес атақ - мансап, тақ маған
.

Шындық айтам, шындық үшін өлемін,
Бағым, сорым, бар байлығым - өлеңім.
Бүгін жазған эссем менің ертеңгі,
Бақытыма жол ашар деп сенемін.
"


Бала Жамбылдың тілек-ниетін оқыған оқырмандары оны құттықтап, жақсы пікірлерін жазып, сәттілік тілеуде. Жанкүйерлері болашақта халықтың қамын ойлап сөз айтатын азамат болады деп үміт етеді және бізде сондай сенімдеміз.

Бала Жамбылдың алдағы армандары орындалып, шабыты сарқылмасын дегіміз келеді.

Фото: @zhambylofficial

ERNUR.KZ