Баян Алагөзова толық қыздардың жұлдызын жақпақ (видео)

0
2 393

Продюсер «Я пышка» атты кезекті толықметражды фильмін таспалауда.


Баян Алагөзова толық қыздардың жұлдызын жақпақ (видео)

Әдетте дене сымбатын сақтауда қарамағындағы қыздарға қатаң талап қоятын Алагөзова, алғашқы ойынан айныған секілді. Танымал продюсер кезекті картинасы үшін, керісінше, артық салмақты актрисаларға іздеу салды. Бұл туралы Youtube желісіндегі Shownews.kz бағдарламасында айтылды.

«Өмірімдегі ең қызықты кастинг болды. Сондай-ақ, іріктеуге келген арулар да сондай күлкілі. Бірде-бір кәсіби актриса қатыспады. Дегенмен, еліміздің біраз томпақ бойжеткендері бой көрсетті. Бұл фильмнің көрерменге ұнайтынына кәміл сенемін. Себебі, біздің елде толық қыздар туралы туындылар бұрын-соңды түсірілмеген», – дейді Баян Алагөзова.

Бұл жолы Алагөзова «Я пышка» атты кезекті толықметражды фильмін таспалауда. Аталмыш киноға басты кейіпкерді сомдайтын толық қызды табу аса қиындық тудырмағанын айтты.

«Кастингтің өзіне кешігіп қалдым. Сосын телефон шалып, іріктеуден өту үшін Алматыға келдім. Негізі бізде толық қыздар өмірде өздерінің дене бітімін көрсетуге көбінесе ұялады ғой. Сол қыздардың атынан мен шығайын деп тұрмын», – дейді басты рөлдегі Назерке Назарова.

Бұл фильм Назеркенің кино әлеміндегі алғашқы еңбегі. Алайда, іріктеуден өткен аруға аталмыш туындының шығармашылық тобы кейіннен талапқа сай келмейтінін жеткізген. Мұны естіген ол, тәуекелге бел буған.

«Жеті килограмдай қостым. Бірінші талап сол болды. Одан кейін актерлық шеберлік, дикция жағы, менде акцент болды. Өйткені, фильм орыс тілінде, ал мен қазақша сөйлеймін» – деп ашығын айтты актриса.

Бірнеше күнге созылған түсірілім жұмыстары таяуда тәмамдалады. Толық қыздардың тағдыры туралы туынды, келер жылдың ақпанында үлкен экранға жол тартады.