«Дресс-код – «Дарикошня» стилі: Қарақат Әбілдина туған күнін дүркіретіп атап өтті

0
1 946

Қонақтар жетіген бейнесіндегі торттан ауыз тиді


«Дресс-код – «Дарикошня» стилі: Қарақат Әбілдина туған күнін дүркіретіп атап өтті

Белгілі эстрада әншісі Қарақат Әбілдина туған күнін дос, туыстары, жақындарының арасында дүркіретіп атап өтті.

«Туған күн адамның жылына бір рет келетін жеке меншік мерекесі. Жақындарының ықыласына, Алланың сүйіспеншілігіне бөленетін күн. Баршаңызға мың алғыс! Қай жерге бармасам да құшағымды гүлге толтырып жатырсыздар. Биылғы туған күнім Рамазан айына тұспа-тұс келгендіктен, ауызашар+туған күн+жаңа бейнебаянымның тұсаукесері етіп атап өттік. Құдайға шүкір, досқа баймын. Бұл бейнебаянда өмірдегі қымбат достарым төбе көрсетеді. Сыйласатын, түсінетін, әркез қолдайтын достарының болғаны қандай жақсы», - деп ағынан жарылды туған күн иесі.

Кештің дресс-коды - «Дарикошня» стилі деп алынды. «Қарақат» мектеп студиясында білім алушылар жетіген аспабын үйреніп жүргендіктен, жалпы жетіген аспабының әншінің өмірінде алатын орны зор болғандықтан, жетіген бейнесіндегі торт әзірленіпті.

Өнер иесіне туған күнінде ұлдары гүл, қыздары ән сыйлады.


Әнші Мадина Садуақасова: «Бұл әлемде саған ұқсайтын адамды әлі кездестірмедім. Өзіңе ғана тән мінезің, үнің бар» деп тілек арнаса, белгілі айтыскер Сара Тоқтамысова жүрекжарды лебізін өлеңмен өрді.

«Қазаққа әуелеген ән Қарақат,

Сахнаға сән кіргізген сән Қарақат.

Осы күні айналды үлкен Баққа

Кешегі бүршік жарған дән Қарақат», - деген өлең жолдарын арнады.

Сонымен бірге Қарақат Әбілдинаға жолдасы Қыдырәлі Болманов раушан гүлдерін сыйлады. «Инстаграмның жоқ заманында 101 розаны сыйлап,ж үрген жолыма төсеп, бөлмемді гүлмен көмкеріп тастаған жігіт қой Қыдекең.Көбі қазір инстаграм үшін тырысып жатса, Қыдекең керісінше инстаграм пайда болғалы гүлдерінің саны азайып бара ма,қалай? Әзіл ғой, әрине» деп жазды әнші.