"Інім тамағын өздігінен ішіп, дәретханаға да бара алмай қалды": Танымал актрисаның інісі туралы жазбасы желі оқырмандарын жылатты

0
4 853

"Врачтардың көзқарасынан, әңгімелерінен бірдеңе беру керек екенін білді. Сөйтті де мамам алыс бір ағайынымызға жылап-еңіреп барып “Ойбай балам өлетін болды” бір қой қарызға берші дейді. Оны дәрігерге “Барымыз осы енді, қуырдақ қылыңыз” деп береді. Сосын барып қозғалады..."


Танымал актриса Дариға Бадықова бала кезіндегі қиындығымен бөлісіп, оқырмандарының жүрегін ауыртты. Ол инстаграм парақшасына інісінің ауруы туралы жазып, онда дәрігерлердің ашкөздігі мен 90 жылдары елде болған қиындықтарды да тілге тиек еткен.

"Мұны өмірге өкпелі болғандықтан, я біреулерді жамандағым келгеннен, өз ауылымды ұнатпағандықтан жазып отырған жоқпын. Қайта жаным ашығандықтан жазамын. Менің күнделігімнен үзінді болсын деген" актриса әр жайтқа мән бере отырып, төмендегідей жазба жариялады.


"1994 жылы 6 жасар інімнің аяғы бір-ақ күнде өзімен-өзі ісіп кетті. Бәрі аң-таң. Ауылда тұрамыз. Ісіктің түрі жаман болмай тұрғанда алдын-алайық деп үрейіміз ұшып ауданға "больницаға" апардық. Олар көреді де бірден: “Ойбай, мынаның аяғы сынған, тізесі сынған, гипс саламыз” дейді. Мамамның аузы ашылып: “Өлә, бұл бала еш жерден құлаған жоқ қой. Қалай аяғы сынады?!” - деп таң қалады. Бірақ оны еститін құлақ жоқ. Тізесі сынғаннан ісіп жатыр дейді де гипстап тастайды...⠀⠀
Аяқ гипсталған соң інімнің қолы, қолының буындары ісе бастайды. Бала қозғала алмай 4 ай жатады. Көтеріп шығарып, арқалап кіргізіп жүрді. Мама, папа үйдің бетін көрмей кетті. Ауруханада түнеді. Біз 4 ай бойы нағашылардың қолында болдық. Жан-жаққа кетіп әбіржіп кеттік... Не керек, 4 айдан соң бір дәрігер келеді де: “Не істегенсіңдер мынаған? Сынбаған ғой аяғы. Неге гипс салдыңдар?” - дейді дым болмағандай. Сөйтеді де інімнің жан дауысын шығарып шырылдатып тұрып гипсты қайтадан шешеді. Сенесіздер ме, сонда інім сау аяққа салынған гипспен 4 ай жатқан ғой! Гипсты алған кездегі аяғын көрсеңіздер. Көлкілдеп ісіп, суланып кеткен. Қол тигізе алмайсың...⠀Аяқ та іскен, қол да іскен. Бала қозғала алмайды. Өзі жүре алмайды, тұра алмайды. Жүгіріп ойнап жүрген жерінен бір күнде сал болды да қалды. Аппетиті жоқ, көңіл-күйі жоқ, жылай-жылай әлі құрыған, күнімен-түнімен температура... 42-ге дейін көтерілген кезі де болған екен. Судорогы ұстап, қайта-қайта талып қалған. Анам әлі күнге есіне алып айтқанда көзіне жас алып қалады. Айтуға да ауыр...⠀
1994 жыл өөөөте ауыр кезең болған. Көз көргендер біледі. Ауданға барып-келу қиын. Ауылдағылар тамақ та апара алмады, әке-шешем аурухананың тамағын ішіп жатты. Ауыл мен аудан арасында қатынайтын автобусқа қарызға мінеді. Жүргізуші кейде қабағын түйгенде, тіпті екі ортада 6км жаяу жүрген кездері де болған. Арасында атам ат арбасын берген екен. Қолда көк тиын жоқ. Дәрігерлердің ым-жымына, қас-қабағына қарап, папа-мамам аласұрып кеткен. Диагноз әлі анықталмады... Анықтай алмай жатыр... Неден ісіп жатқаны белгісіз. Жағдай жақсы болса, әке-көке деп былай ымдағанда жақсы қарар ма еді? Диагноз уақытында анықталар ма еді? Кім білген...

Көбісі “Неге жоғарғы жаққа апармадыңдар, неге Таразға апармадыңдар” дегендей жазыпты. 1994 жылы Тараз түгілі ауылдан ауданға қатынауға ақша жоқ. Жағдай өте ауыр болды. Соған қарамастан, қарызданып-қауғаланып жүріп әке-шешем бір қой берді врачқа.⠀

Басынан бастап айтайыншы, інімнің екі аяғы да, екі қолы да ісіп, икемге келмей қалды. Тамағын өздігінен іше алмайды, дәретханаға бара алмайды. Мамам әпкем екеумізге далаға алып шығыңдар дейді, біз кезек-кезек арқалап алып жүреміз. Аулада өзіндей басқа балалар футбол ойнап, асыр салып жүргенде інім қарааап отырады. Өте қиын жағдай...

Гипсты алған соң больницада 5 ай бойы бір бөлмеде тағы жатты мамам екеуі. “Не болды, Не істейміз?” дейтін жан жоқ. Әңгіменің ашығы осы енді. Не дегенмен ҚАЗАҚПЫЗ ҒОЙ! Байқады. Врачтардың көзқарасынан, әңгімелерінен бірдеңе беру керек екенін білді. Сөйтті де мамам алыс бір ағайынымызға жылап-еңіреп барып “Ойбай балам өлетін болды” бір қой қарызға берші дейді. Оны дәрігерге “Барымыз осы енді, қуырдақ қылыңыз” деп береді. Сосын барып қозғалады... Не керек, аяқ сынбаған болғасын басқа ауру анықтау керек қой енді. Балаға “бруцеллез” деп диагноз қояды. 100% нақты диагноз емес. Емнің барысына қарай көреміз дейді дағы, бруцеллездің дәрісін тығады кеп, тығады кеп. Баланың жағдайы жақсармайды. Айлап жатады больницада. Үйге 10 күнге шығып келеді. 10 күннен соң қайта жатады. Уақыт осылай өте береді... Баяғы бір қойдың қадірі уже өтті. Қайтадан қипақтау басталады. Беретіндері болса, жәшіктеп берер еді ғой, көк тиын жоқ!⠀

Үйде біз тарыны талғажау етіп отырмыз. Сабаққа киетін киім жоқ. Ауру баланың қамы бір бөлек. Қыркүйек келсе әке-шешемнің уайым-қайғысы ол басталады. Әпкем екеуміз ешқашан 1-қыркүйек барған емеспіз сабаққа. Себебі жаңа киім жоқ. 15-не таман, бәрінің жаңа киімі ескірді-ау дегенде барамыз. Мамамның 78 жылғы, 81 жылғы сіңлілері аман болсын. Солардан қалған-құтқан киімдерді киіп барамыз. Қыстыгүнді айтпаңыз, қар түскенде көңіл де қоса түседі. Етік қайдан табамыз деген уайым...⠀⠀
Қысқасы, осылай арада біраз уақыт өтеді. Уже 1999 жыл! Болмағасын врачтар “енді пенсияға шығару керек” дейді. Ойлаңыздар, сонда інім бруцеллез деген НАҚТЫ ЕМЕС диагнозбен 5 жыл жүреді"
деген Дариға Бадықова әрі қарай дәрігерлерге отын да түсіріп бергенін жазыпты. Бірақ оқиғанын соңын келесіде жазуға уәде беріп, аяқсыз қалдырған.

Бұл оқиғаны оқыған желі қолданушыларының жүректері ауырып, өздерінің басынан өткен ұқсас оқиғаларын жазған.

"Таныс жағдай ,ауылымның ауыр халі осы жағдай басымнан өткен соң есіме түсіп әңгімеңізден жылағым кеп кетті ғой Дариға апай. Соқыршек боп больницаға апарғанда( тура сіздердегідей өмір сүріп жатқанбыз жоқшылық)жарылғанша саудаласып ақыры бір қойын әкеп врачқа құтылды" дейді, бір оқырман. Ал келесі бірі, "Ой біздің медицинаға сенім жоқ түсінбеймін сонша жыл оқып дұрыс білмейді диогнозды масқара қазір тіптен қорқынышты олардың көбісі ақша мег оқыған енді сеніп көр оларға.Тіпті Геппократтан да, құдайдан да ұялмайды екен. Қазіргі заманда ақшаң жоқ па өле бер дәрігерге барғанша құда да тыныш ,құдағида тыныш" деп өз уайымдарын жеткізген.