"Қазақстанға оралу ойымда болған жоқ": Атақты биші Шұғыла Сапарғалиқызы шындығын айтты (видео)

0
3 380

4 тілді еркін меңгерген биші қызға орыс тілін үйрену қиын болған.


Қытай елінде туып-өсіп, талантын миллиондарға мойындатқан өнер иесі - Шұғыла Сапарғалиқызы. Мың бұралып, қырық құбыла билейтін биші қыздың атағы да, ақшасы да болды. Осының бәрін тастап, атамекенге оралған. Бұл жерде ол бәрін басынан бастады. Бірақ, Шұғыланың көкейінде отанға оралу деген арман болмаған екен. Тіпті, Қазақстанға келгеннен кейін біраз уақыттан соң қайта Қытайға кетуді де ойлаған. Бұл жайлы Шұғыла Сапарғалиқызы Астана арнасындағы "Оңай емес" бағдарламасында айтып берді.

«Шынын айту керек, менде ондай ой болған жоқ. Өйткені мен тиіттейімнен сол жақта туып-өстім. Маған Қазақстан деген бөтен дүние болды. Ол кезде оқып жүрдік, жаспыз, бала болдық. Арманымыз басқа болды. Мен сол мемлекеттің астанасы Пекин қаласында оқимын. Сол жерде жұмысқа қалып, одан кейін Еуропа мен Америка секілді дамыған әлемге шығуым керек болды. Жетістіктерге қол жеткізуім керекпін. Жастық кезімде атақты биші болғым келді. Сондай ой болды, жас кезімде. Ал «Қазақстанға барамын, елге ораламын» деген менде ой болған емес», - деп шынын айтты.

Шұғыла Сапарғалиқызы Қазақстанға алғаш рет 1996 жылдың көктемінде келген. Шағын концертке өнер көрсетуге шақырту алған.

«Жаркенттің кеденінен өтіп келген кезде шошып кеттім. Пекинде істеп жүрген кезде 22 жастағы қызбын. Ал мына жақта Қазақстанның жаңадан егемендік алған уақыты: кешке қарай жарықтың бәрін сөндіріп қоятын, ал жолдың бәрі шұңқыр-мұңқыр. Маған керемет дөрекі, ерсі болып көрінді. Қазақстанға келіп мында өмір сүргенше, Үрімжіге барып тұрғаным артық қой деп айттым. Шынында ол кезде заман сондай еді», - деді Шұғыла Сапарғалиқызы.