«Кеткен қызды қарғамаған халық едік» : Белгілі журналист Заиданың некесіне пікір білдірді

0
1 248

«Керек болса жауға да қыз берген елміз».


«Кеткен қызды қарғамаған халық едік» : Белгілі журналист Заиданың некесіне пікір білдірді

Нигериялық ер азаматпен тұрмыс құрған маңғыстаулық Заида "Еуразия Бірінші" арнасындағы "Көреміз" телебағдарламасына қатысты. Соңғы уақытта желіде хит болған жұпты студиядағылардың талап тастауға дайын болғанын байқауға болады. Сол бағдарламада белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Айнаш Есали да пікірін айтты.

«Мына екі байғұсты әлі талқылап жатыр екенсіздер.

Ақыл тоқтатқан жастағы екеуінің де әңгімесін әбден тыңдадық.

Ұл ержетіп, қыз бойжетіп отырғанда бірдеңе деп ақыл айтудың өзі қиын.

Жаһандану келе жатыр, жұтылып кетпейік, деп баяғыда қырық мақаланы бекер жазбаған екенбіз. Енді осылай кеткеніміз кеткен. Заман өзгеріп жатыр. Ұлттық идеология уыстан шыққан.

Заман да, жастар да өзгерген. Керек болса, еліміздегі әрбір алтыншы неке - аралас неке. Қазақтың небір мықты жігіттері өзге ұлттың қыздарын бақытты етіп жүр. Оларды бірақ осы екеуі сияқты жүндей түтпедік.

Жұрттың, әсіресе, ер-азаматтардың осы екеуіне жазған комменттері мен қарғыс-құсықтарын оқысаң, жерге кіре жаздайсың. Бұл да ойланатын жағдай.

Зайда қызымыз бұл жігітке жүгіріп барып тие салмаған. Бірін бірі екі-үш жылдан бері біледі.

Сосын біздің жігіттеріміз алдымен қыздардың түріне, фигурасына қарайды, ақылы, тегі, тәрбиесі туралы маңдайларына тигенде, отбасындағы түсініспеушіліктің тақсіретін тартқанда барып бір-ақ біледі.

Ерлі-зайыптылардағы үйлесімділік, ортақ талғам, екеуіне де ұнайтын ермектер болуы керектігін түсінгенше жарты өмірлірі өтіп, көмірлері шығып болады.

Джейси Африканың мұсылмандар тұратын бөлігінде тұрады. Намаз сүрелерін жаттап, намаз оқып, оразаұстамайтындықтан, өзін мұсылманмын деп айта алмаймын, деді.

"Сендер алған әйелдеріңді кейін әкелеріңе бере салады екенсіңдер ғой", деген сұраққа талып қала жаздады.

Біздің қыз адамдарға бірден үйреніп, сөйлесіп кете алмаймын, тұйықтаумын деді.

Біздің қыз мұнай компаниясында аудармашы, тіл үйрететін орталықта істейді. Үш тілге судай ағып тұр. Күйеу бала да сонда жұмыс істейді. Зайда ұлтымыздың барлық жөн-жоралғысын біледі. Қазақшасы шұрайлы ғана емес, парасат-пайымымен пікір айтады.

Өздері отыздан асқанша үйленіп, әйел алып, бір қазақты бақытты ете алмай отырған спикерлер сөзге жеңістік бермей, араша талағанда да соңына дейін тыңдап, сабырмен жауап беріп отырды.Жатқа жаман қызымыз кетпеген. Адамды баурап алатын бір сүйкімділігі, ішкі сұлулығы бар. Ойланатын жағдай.

"Біреуді білмей ғайбаттасаң Алла тағала соны алдыңа келтірмей көрге кіргізбеймін, деген" деді біздің қыз.

Қыздың жолы жіңішке. Кеткен қызды қарғамаған халық едік. Керек болса жауға да қыз берген елміз.

Қайда жүрсең де жыламай жүрші, ботам...» - депті журналист.

Ал желідегі оқырмандар «Қазақ жігіттерінің мазағы болғанша, отбасын құрып қадірлі ана болсын. Ал жігіттер қауымы ойлансын», «Бақытты болсыншы! Байғұс қызға тіл тигізбеген қазақ еркек қалмады ғой деймін, не деген тоқтау жоқ жұртпыз, сұмдық» деген пікірлерін жазуда.