"Қойшы баланы баптап көреміз": Жігер Ауыпбаев дауысымен желіде хит болған баланы алып кетті

0
4 178

Қойшы баланың ата-анасы, бауырлары әншіге шәкірттікке беруге ниетті болған.


Осыдан бірер күн бұрын Қазнетте жайлауда, киіздің үйдің ішіндегі кешкі ас кезінде «Ауылым» әнін нақышына келтіре орындаған жас баланың видеосы бір күнде желіден желіге таралып, екі күнде Тик-токтағы қаралымы 1,3 миллион қаралым жинап үлгерген. Қазірде бұл баланың табиғи даусына тамсанып, ән шырқаған видеосы ғаламторда қызу талқылануда.

Таныс болыңыздар, қойшы баланың аты-жөні – Айдос Қаден. Жасы 9-да. Алматы облысы, Кеген ауданы, Бөлексаз ауылында тұрады.
Жақында инстаграм желісінде эстрада әншісі қойшы баланың жайлауына барып ата-анасының алдынан өтіп, Айдосты өзімен бірге Алматыға алып кеткені туралы жазды.

«Маған дейін біраз жандар хабарласып Қойшы балаға қолқа салған екен. Қойшы баланың ата-анасы,бауырлары маған шәкірттікке беруге ниетті екенін білдірді. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» дейді қазақ.

Өзім әлі күнге дейін біреуге шәкіртпін. Десек те осы күнге дейін жиған азды-көпті ілім-біліміммен енді Қойшы баланы баптап көреміз. Өнер жолы – өте ұзақ жол. Бұл жолда өнерді сүйген адам ғана жетістікке жетеді. Арманға жету жолында қаншама қиындықтар, соқпақ жолдар кездеседі... Солардың бәрінен сүрінбей өткен адамның маңдайы жарқырайды. Ал сіздер Қойшы бала екеумізге сәттілік тілеп,ақ баталарыңызды беріп қойыңыздар. Бұйыртса, жақын арада Қойшы бала екеумізден жаңа ән тыңдап қаларсыздар» - деп жазды Жігер Ауыпбаев.


Айдос Жұмажанұлы осы аралықта инстаграмды өз парақшасын да @koishy__bala ашып қойыпты. Оның орындауындағы «Жақсы адамдарым» әні де тыңдаған құлақтың құрышын қандырады.
Өзі орындаған «Ауылым» әніндегідей «Жетегіне еріп арманның Қойшы бала да ауылынан ұзап кетті». Айдостың үлкен қалаға һәм өнерге сапары оң болғай!