«Күйеуім орыс еді» : Гүлмайдан Серікбай некесінің сәтсіз болғанын айтты

0
3 311

«Ұлым әкесімен видеобайланыспен сөйлескенде «Папа, забери меня!» деп айтады».


 «Күйеуім орыс еді» : Гүлмайдан  Серікбай некесінің сәтсіз болғанын айтты

Құрылыста істеп жүрген жерінде ән салып, желі арқылы жұлдыз болған Гүлмайдан Серікбай «Хит ТВ» арнасындағы «Менің өмірім» бағдарламасында жеке өміріне қатысты сұрақтарға жауап берді.

Басында Дана деген атпен шыққан сылақшы қыздың шын аты Гүлмайдан. Айтуынша, атасы мен әжесі немересін перзентханадан алып келгенде «Не ат қоямыз?» деп біраз ойласыпты. Сонда «Қазақстан әйелдері» журналының мұқабасындағы дәстүрлі әнші, ҚР мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетованың суретін көріп, жезтаңдай, күміс көмей әнші болсын деп ата-әжесі қойған екен. Жақында Гүлмайдан апасы қоңырау шалып, «Айналайын, қызым, жолың болсын!» деп батасын бергенде қатты қуанғанын, екеуінің ұқсастықтары көп екенін айтты.


– Өзімді Гүлмайдан деп таныстырсам, көпшілігі ұмытып не атымды шатастырып айтатын. Сөйтіп, бір көрген адамдарға атымды Дана дей салатынмын. Гүлмайдан азан шақырып қойған атым, Дана – лақап атым.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бестам ауылында туып, өстім. 11 сыныпты бітірген соң ЖЕНПИ-дің орыс тілі пән мұғаліміне түсе алмадым. Бір жылдан соң Қорқыт ата университетінің музыка факультетіне оқуға түстім. Ауылдың Мәдениет үйінде 2-3 әнді қайталап айтып жүретінмін. Ауылда мал бағатынмын. Әйтпесе, ауылда басқа ешкімнің қызы мал бақпайтын. Ал біздің үйде 60-70 сиыр болатын. Оны падаға қоса алмағандықтан, өзіміз бағатынбыз. Кең далада ішің пысады. Ауылдан жайылымдық жерге дейін 3 км жер. Сол жақта жүріп ән шырқасам, даусым ауылға жетеді екен, - деді балалық шағына саяхат жасаған әнші.


«Әкем, ағам бар. Анам дүниеден өтіп кетті. Әкем ютубтан сұхбаттарымды көріп, көзіне жас алып, толқып, маңдайымнан сүйіп «Қарапайым Ғалымның қызы осылай көтеріліп кетеді?» деп кім ойлаған?!» деп батасын беріп жатыр. Бұл Құдайдың ісі ғой.

Анам 2017 жылы қайтыс болды. Мен мектеп бітірген соң ауылдан қалаға көшіп келдік. Сол кезде папам мен мамамның арасында кикілжің болып екеуі екі жаққа кетті. Ағам астанаға жұмысқа кетті. Мен туысқанымыздың үйінде жүрдім. Анаммен де көп байланыспай кеттік. 12 наурыз күні туған күні еді. 15 наурызда көлік қағып кетіпті деген хабар келді. Сол сәтте менің ішімде 3 айлық балам бар еді. Қазір ұлым 4-ке келді. Мен шок болдым. Көзімнен жас шыққан жоқ. Қабылдай алмадым. Түсім сияқты. Жаназада «Алтынайдың қызысың ба?» дейді бір әйел. «Неге ырымын жасап дауыс шығарып жыламайсың?» дейді. Бірақ, ішім өртеніп жатыр. Бір аптадай жыламадым. Кейіннен көп жыладым. Ішімдегі баланы көп жылап, қиналып, босандым. Мамам тұрмысқа шыққанымды білетін. Ақыры көндіктім. Кейде анаңа басыңды қойып, жылап алғың келеді. Амал жоқ. Анам сияқты мені ешкім түсінбейді. Түсінгісі келсе де, түсінбейді.

Біздің үй ауылда. Қалада пәтерде тұрамыз. Күнделікті тапқан 4-5 мың теңгеңе нан, шәй аласың. Ипотекаға ақша жинай алмайсың. Мен тұрмыстағы күйеуіммен 5 жыл тұрдым да, арамыз дұрыс болмай ажырап кеттік. Оның көзқарасы басқа, менің көзқарасым өзге. 21 жаста жастықтың алауымен үйленген едік. Соңғы жағында бейбіт түрде екі жаққа кеттік», - деді жеке өмірі туралы айтқан Гүлмайдан.


Сұхбат барысынан Гүлмайдан Серікбайдың өмірде көп қиындық көргені білінеді. Оның Алматыға келгеніне 4-ақ ай болыпты. Әкесі жанында. Бәлкім, анасы Алматыда жерленгендіктен де, сонда тұрақтауға шешім қабылдаған шығар.

– Жұлдыз деген қыз менің даусыма қызығып, қайта-қайта ән салғызатын. Біз екеуміз тек құрылыста емес, үй жинауға шығатынбыз. Кондуктор болып, арасында тауық сойып, тазалап, поляға да барып жұмыс істедік. Қай жерде не жұмыс бар, соның бәрін істеп жүрдік. Қолымнан кеп тұр ма, істеп кете беремін. Еңбектеніп жүрген кезімде аяқ астынан болып кетті. Жақында Шымкентке жаңа жылдық түсірілімге барып келгенде шын сезіндім. Аяқ-қолымды жерге тигізбей қарсы алып шығарып салған шымкенттіктерге алғысым шексіз. Оған дейін ұйқылы-ояу түсініксіз болып жүрген еді. Ары қарай да тоқтап қалмауға тырысамын.

Киім тігіп берейін, ән жазып берейін деп жатқан адамдар бар. Ұсыныстар өте көп. Бақтыгүл деген әпкеміз 3-4 костюм берді. Жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан мектеп басшылары да көмек береміз деп жатқан. Сәкен ағамыз оқуға түсуге көмектесуде. Құжаттар реттелген соң өзіміз хабарласамыз деді, - дейді ол.


Сылақшы қыз жеке өмірінің жұмбақ жерін айтқысы келмегенімен, әңгіме ауаны сол жаққа бұрылғанда айтпасына болмады.

«Менің жолдасым орыс ұлтынан. Кезінде көп адамдар «Неге орыс?» деп ұрысқан болатын. Тағдырдан қаша алмайсың ғой. Ұлымның аты Ян. Еврей тілінен аударылғанда «Құдай мейірімді» деген мағына береді екен. Бізге Құдайдың мейірімі түссін деп атын солай қойдық.

Отбасылық өмір мен үшін ауыр тақырып. Оған қатты ауыр басқанмын. Бес жыл аз уақыт емес. Ұлым әкесінен аумайды. Екеуі видеобайланыспен сөйлескенде «Папа, забери меня!» деп айтады. Соны көріп жылағым келеді. Ресми түрде ажырасқан жоқпыз. Бірақ, бірге тұрмаймыз. Арамыз суып кеткен.

Отбасылық өмір мен өнерді қатар алып жүру қиын сияқты. Ол бір ғана себеп. Одан да басқа себептер көп. Өкініш те жоқ емес. Тұрмысқа шығуға неге асықтым екен деп. Ойлағанымдай болмағаны үшін қынжыламын. Ұлыма ешкім өз әкесіндей бола алмайды. Ал күйеуіммен қайта қосылу мүмкін емес. Әйел мен күйеу бірге тұру үшін жоқ дегенде 2-3 қызығушылық болуы керек. Екеумізде ұқсас ешнәрсе жоқ. Соны уақыт өте келе түсіндім. Сондықтан, өсіп келе жатқан қазақ қыздарына «Тұрмысқа шығуға асықпаңыздар! Болашақ жарыңызды әбден зерттеп, ортақ қызығушылық барына көз жеткізген кезде ғана жұп құрыңыздар!» деген кеңесін де айта кетті.


Ал «Кезінде шашыңыз ұзын болған екен. Қазір қысқа. Неге?» деген сауалға: «Түңіліп, өмір қызықсыз боп кеткен күндердің күнінде азанда тұрдым да, шашымды тықырлап алып тастадым. Кейіннен қатты өкіндім. Аман болсақ, шаш өсер», - деп жауап берді.