«Мен ешкімнен қорқып, қашып кеткен жоқпын»: Сәкен Майғазиев Шымкенттегі басшылық қызметтен кету себебін айтты

0
3 761

«Шымкенттер Сәкен Майғазиевті сыйғызбады»


«Мен ешкімнен қорқып, қашып кеткен жоқпын»: Сәкен Майғазиев Шымкенттегі басшылық қызметтен кету себебін айтты

«МұзАРТ» тобының солисі Сәкен Майғазиев Шымкенттегі «Түркістан сарайының» басшылық қызметінен кеткеніне көп уақыт болмады. Ол өзінің инстаграмдағы парақшасында «Шымкенттер Сәкен Майғазиевті сыйғызбады», «Елім» деп барып еді, өз жерлестері өзекке тепті» деген сияқты қаңқу қауесеттерге жауап берді.

«Мүлдем олай емес. Мен шымкенттіктеріммен мақтанам. Қол-аяғымды жерге тигізбеді. Риясыз ризалығымен, көлдей көңілімен, көкке көтерді. Шымкентте бар қасиет барлық аймақта, елде, руда, ұлтта бар дүние. АЛЛАға шүкір, мен кез келген ортада өзімді суда жүзген балықтай сезінем, адам алаламаймын.

Шымкентке дейін де жоғары лауазымды қызметтер ұсынып Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалаларына шақырды. Мен жұмыстарымның тығыздығына байланысты бармадым. Әлі де басқа ЖОО-нан, өнер ұжымдарынан ұсыныстар көптеп келіп жатыр. Әзірге рухани, мәдени даму жолында үзіліс алып, шығармашылығымды шыңдасам деймін.


Шымкентте маған тиесілі жұмысты адал атқардым. Бар-жоғы 8 айдың ішінде басшылықтың да, ұжымымның да үдесінен шығып, үмітін ақтап үлгердім деп есептеймін. АЛЛА біледі! 2014 жылдан бері жөндеу жұмысын көрмеген сарайға ағымдағы жөндеу жұмысын жүйелеу, 17 адамнан ғана құралған фольклорлық ансамбльді 40 адамдық ҰЛТ аспаптар оркестріне айналдыру, сахналық костюмдермен, аспаптармен қамтамасыз ету, бірнеше бөлмелерді босатып, оркестрге, ВАА -ге, әншілерге дайындық залын жасақтау, дыбыс жазу студиясын қалпына келтіру, бізге қарасты 5 мәдениет үйі мен 5 клубтың жұмысын жаңғырту, Мемлекеттік маңызы бар іс-шаралар, бірнеше сазды кештер т.б. жұмыстарды қолымнан келгенінше қорғап, ойдағыдай орындап шықтым. Маған сенім артқан Шымкент қаласының әкімдігіне, басшылығыма, ұжымыма рахмет айтам. Мені ешкім шығарып жіберген жоқ. Мен ешкімнен қорқып, қашып кеткен жоқпын. «МузАРТ» тобының 20 жылдығына, «ҚАЗАҚСТАН дауысына» тәлімгерлікке шақырылған соң өз еркіммен өтініш білдіріп кеттім.


Мен ҚАЗАҚСТАНымның әр аймағы үшін, Шымкентім үшін 24/7 ашықпын. Ақан Әбдуәлі мырза: «Сәке, қызметте аз уақыт болсаң да, көп уақыт болсаң да, сен кетерде коллективің қимай шығарып салса, сен нағыз басшы болғаның» деген еді. Ұжымым қимай шығарып салған сияқты», - деп жазды әнші.


Әншінің оқырмандары арасында «Сіз жалғыз Оңтүстік емес, бүкіл қазақтың ұлысыз! Сіздей ұлы бар еліміз бақытты! Аман жүріңіз Сәкеш ағам», «Саке, Шымкентке келіп, бірталай жұмыс жасадыңыз. Шымкенттіктер дән риза болып еді. Қимаймыз сізді. Керемет жан, керемет ұл, керемет басшысыз деп білем» және де «Биік мансабың – өнерің емес пе? Басқаның керегі не?» деген сияқты пікірлер айтылуда.