"Мойныма асылып еркелей алмады": Ердос Қанаев өмірден өткен ұлы туралы жан тербер естілігімен бөлісті

0
14 490


Атақты әнші Ердос Қанаев өткен жылы дүниеден өткен баласы туралы жазбасымен жұрттың жүрегін жылатты. Тебірендерлік жазба жариялаған әнші онда ұлы және оның дертті болғанын жазған.

"Өзіңсіз өтті 1 жыл! Өзіңсіз бір жыл өте шықты құлыным!
Алла Абдурахим балапаныма қамшының сабындай қысқа өмірде шымшықтың тұмсығындай ғана келте ғұмыр нәсіп етіпті. Сол санаулы жылдарында не азап көрмеді, сезінген ауыртпалығын, тартқан азабын сөзбен айтудың өзі маған өте ауыр. Әлемім айналып, кең дүние төңкеріліп түскендей күйдемін. Артыңнан құран бағыштауға ғана шамам келіп, "боталап" қаламын деп ойлаппын ба?
Бала болып еркін ойнай алмады, қалағанын ішіп, тәбеті тартқан тағамын жей алмады.
“Анашым”- деп анасын құшақтай алмады,
“Әкетай”- деп мойныма асылып еркелей алмады.
Балалық шағы болмады құлынымның. Ол үлкен адамдар да төзе алмайтын он жылға созылған ауруымен арпалысқа толы "сынақты" бастан кешірді. Сонда да қыңқ еткен дыбыс шығарып, бала болып жыламады да. Сол “сынақта” жеңімпаз болады деп сенген едім, қайтейін?! Жан-дәрменім қалғанша сені қызғыштай қорып өтемін деп ойлаушы ем!
Өзегім өртеніп жүргелі 1 жылда өте шықты. “Төзе алмаймын, төзу мүмкін емес шығар”-деп ойлаушы ем. Бірақ, көнеді екенсің. Біздің емес, Құдереті шексіз күшті Алланың маңдайға жазғаны болады екен.
Бақұл бол, балапаным. Жаның жұмақта деген сөз ғана көңіліме медет. Хайырлысын білуші Алла! Мүмкін Аллахым бұл жалғандағы қиналысыңды пейіштегі үлкен сыйымен алмастырғаны шығар?!
Алла салды, біз көндік! Аллам алдыңнан жарылқағай!"
деп жазды әнші.


Бұл жазбаны оқыған жанкүйерлері әншіге сабыр тілеп, қалған балаларының қызығын көруді тіледі.