"ОТБАСЫМДА ҚЫРҒЫН, АЙҚАЙ-ШУ!": Әзілкеш танымал адамдар ойнататын ұтыстар туралы бейнежазба жариялады (видео)

0
3 052

Қазіргі күні әлеуметтік желіде онлайн ұтыс ойнатқан әншілерден көз сүрінеді.


«Өнер қырандары» пародия театрының әртістері қоғамдағы көкейтесті мәселерді сахналап жүр. Олар тек сахна төрінде ғана емес, әлеуметтік желіде де белсенді. Осы театрдың басшысы Мадияр Серікбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына ұтыс ойнап, жеңіл олжа тапқысы келген жандарға арнап видео жүктеген.

Әлеуметтік желіде олайн лотерея ойнатқан әншілерден көз сүрінеді. Ұтысқа қымбат көлік, қомақты қаржы, соңғы үлгідегі смартфондар, тіпті киім-кешектер де қойылады. Көз қызықтыратын жүлдеге қызыққандар қалтасындағы соңғы қаржысын тігіп, соңында сан соғып қалып жатыр. Мадияр адамдарға алданбаудың жолын айтып берді.

"Міне, ақша! Осының бәрі шын! Айфон, автокөлік - бәрі менікі! Мына дүниенің барлығына қалай жеттім. Оп-оңай! Еліміздегі танымал адамдардың ойнатқан лотерея, конкурстарының арқасында жеттім...

Оп-оңай. Тіркелдім, ақша салдым, ойнадым, ұтылдым. Қайтадан ойнадым, ұтылдым, ұтылдым, ұтылдым... Соңында ақшам қалмады. Отбасымда қырғын, айқай-шу, үйдің берекесі қашты. Бала -шаға аш. Амал жоқ, жұмыс істедім. Өз еңбегіммен ақша таптым, телефонға жетті, машинаға жетті. Ең соңында түсіндім. Ондай болмайды екен. Өз маңдай теріммен осындай күйге жеттім.

Енді ойнамаған достарға айтамын: Менің конкурсым басталды. Маған тіркел, 10 досыңды белгіле, үшеуін шығарып таста. Екеуін кіргіз, қайтадан төртеуін шығарып таста. Сөйтіп жүріп олар шаршасын да, конкурстың дұрыс емес екенін түсінсін. Адал еңбекпен, маңдай терімен ақша тапсын. Қазақта керемет мақал бар: "Бір қозы туса, бір жусан артық шығады" деген. Қозының қамын ойлаған Құдай сені сақтап қояды деп ойлайсың ба? К черту конкурс!", - дейді актер.

Оқырмандар арасында пікір жазғандардың дені актердың ойын қолдап, ұтыстардың халықта алдау екенін айтқан.

"Лотерея, розыгрыштар, ұтыстар. Осының бәрі көбейіп кетті бүгінгі таңда. Оның бәрі лохотрон ағайын. Дінімізде ол Харам. Так что абайлаңыздар. Күнәға батып қалмайық", "Жарайсың, жұлдыздардың біреуінің шынын айтқаны болды-ау әйтеуір", "Жарайсыз,аға. Адал еңбекпен тапқан нан тәтті болады" - деп жазған оқырмандар.

Айта кету керек, Мадияр Серікбаев түсірген бұл бейнежазбаны 200 мыңнан астам желі қолданушылары тамашалап, олардың арасынан 3500-ге жуығы оңды пікір қалдырып үлгерген.