"Тойға тығылып барып жүрген жұлдыздарды белгілейік": Ләйлә Сұлтанқызы екпеге қарсы шығып жүрген танымал адамдарды сынға алды

0
2 267

"Нормальный өмірге оралайықшы деп жазыңдаршы, ЖҰЛДЫЗДАР!" - дейді тележүргізуші.


Соңғы уақытта Балғынбек Имашев, Алтынай Жорабаева сынды белгілі адамдар екпеге қарсы шығып, өз ойларын желіде еркін жазып жүр. Ал елді вакцина алуға шақырып жүргендерді бұл жайттар алаңдататындай. Бүгін бұл туралы танымал тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды.

Ләйлә Сұлтанқызы: "Назгүл Қожабек "Халық жаппай вакцина салдыра бастауы үшін инстаграмдағы жұлдыздар соған үндеуі керек. Ал олар керісінше салдырмаңдар деп шулап жүр. Өз пайдасын білмей ме? Халық түгел вакцина алып болғанда той жасауға рұқсат беріледі ғой. Жоқ енді, олар тойсыз жүрген жоқ қой, тығылып барып жүр, бірақ инстаграмға тойдан сурет, видео сала алмай қор боп жүрген жоқ па..." депті.

Салдырмаңдар деп тойға тығылып барып жүргендерді, салдырмаңдар деп салдырып алғандарды, салдырмаңдар деп вирус жоқ екенін дәлелдеп жүргендерді белгілейік онда... (ойын-шыны аралас әрине)

Немесе керісінше бәріміз тезірек салдырып, нормальный өмірге оралайықшы деп жазыңдаршы, ЖҰЛДЫЗДАР..."


Мұны оқыған оқырмандардың пікірі екіге бөлінген. Бір бөлігі тележурналистің сөзін қолдап, "Барлығын зерттеп, оқып-біліп алып вакцина алдым. Өзім үшін, үйдегі күнделікті мені күтіп отыратын төрт балам үшін, жақындарым үшін. Менің де азаматтық позициям осы. "Пересылаемое сообщениедегілерді" құр таратқанша нақты ақпаратқа жүгінгеніміз абзал. Википедия ашыңыздар ең болмағанда", "Салдырған жақсы. Израильде жаппай салдырып қандай жақсы нәтиже көріп отыр емес па. Масканы тастады олар уже. Бізде солар сияқты емін еркін жүрсек болады ғой. Тойымызды, басқамызды жасап, қорықпастан, тығылмастан. Индия не болып жатыр Құдай сақтасын. Олар сол вакцинаға жете алмай жатыр" десе, екінші тарап журналистің өзіне оқу керегін айтып, вакцинаға енбейтіндіктерін айтқан.