"Уақыт - ақша": Танымал Дина Төлепберген сыныптастарының чатынан неге шығып кеткенін түсіндірді

0
2 225

Тележүргізуші: "Мені білмейтіндер "жұлдыз", білетіндер "өзінше" дейді".


Танымал тележурналист Дина Төлепберген өзінің сыныптастарының чатынан неге шығып кеткенін айтты. Тележүргізушінің айтуынша, уақытын бос әңгімеге емес, пайдалы дүниеге жұмсағысы келеді екен.

Алдымен "Өзіншесің" деген пікірге жауап берген ол, мұның барлығы сыныптастарынан басталғанын айтты.

Дина Төлепберген: "Дина өзінше ме? Кешегі посттан кейінгі жазылған комментарийлерді оқып, марқайып отырмын:) "Халық айтса, қалып айтпайды ғой" деймін қуанып күйеуіме. "Жұлдыздық ауруға шалдықпасаң болды" дейді ол.

Иә, жұлдыздық ауру немесе өзінше болу феномені туралы жаза кетейінші. Мені білмейтіндер "жұлдыз", білетіндер "өзінше" дейді. Рас. Бұрын мұны естігенде ренжитін едім, қазір қуанамын. Неге десеңіз...

Бәрі кластастардан басталды. Мектеп бітіргелі талай жыл өткен соң, бір сыныптасым "11Ә" деген чат ашса керек. Сөйтіп бәрімізді жинай бастайды. Бір күні кезек маған да жетеді. Мен қосыламын. Қызықтың көкесі осы кезде басталды! Телефонға тыным жоқ. Күндіз де, түнде де - әңгіме. Амандастық, саулық сұрастық, географиялық жағдай, әлеуметтік статус, демографияға қосқан үлес коэфициентін анықтап шықтық... енді не сұрар деп ойлайсың. Бірақ сообщениелер бітпейді. Ең сорақысы чаттың белсенділері - жауап бермесең ашуланады. Оқиын десең, бір сағатта 999 хабарлама... Қысқасы үш күннен кейін мен әлгі чаттан шығып кеттім. "Ну конечно, Дина жұлдыз ғой, өзінше, менсінбейді бізді" деген әңгімелер желдей есіп кетті...

Иә, өзінше шығармын, өйткені мен өз уақытымды қадірлеймін. Алтын сағаттарымды бос әңгімеге жұмсағанша, еңбек етейін, кітап оқиын, тіл үйренейін. Уақыт - ақша. Шетелдік мамандардың "менің бір сағатым мынанша тұрады" деп сөйлейтінін естігенімде, бұрын түсінбейтінмін. Енді мен де есептеп шықтым.

Мәселен, айына орта есеппен 160сағат ( 4апта 40 сағаттан- 5 күн *8 сағат) жұмыс істейміз. Егер айлығың 160мың теңге болса, демек сағатыңның құны 1мың теңге. Егер 1млн600мың тапсаң, сағатың 10мың теңге деген сөз. Бұл әдіс ақшаны бос жаратпауға көмектеседі. Және әрине, сағат құнын артттыруым үшін тағы не істей аламын деп ойландырады.

Уақыттың құнын білетіндер, Сенің де қадіріңді біледі. Чаттан шыққаныңа ренжімейді. Кездесуге кешікпейді. Бос сөйлемейді. Міне, осындай жандармен өмірде де кездескің келеді. Өйткені бұл кездесулердің мәні бөлек!".

Оның бұл жазбасын оқыған оқырмандардың пікірі екіге бөлінді. Олардың бір бөлігі "Сыныптастардың орны бөлек! Одан шығып кеткеніңіз ұят болған екен" десе, тағы бір тарабы "Дұрыс айтасыз, уақытты бағалау керек! Сізге бәрі жарасады" деп қолдау білдірген.