​ЗӘРДІҢ ТҰНЫҚ болмауы БҮЙРЕКТЕГІ ТАСТАН хабар береді – дәрігер

0
4 519

Бүйрегі ауыратын адамдар жедел емделмесе, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығатын болады


​ЗӘРДІҢ ТҰНЫҚ болмауы БҮЙРЕКТЕГІ ТАСТАН хабар береді – дәрігер

фото: vseglisty.ru

Адам ағзасындағы ең маңызды мүше – бүйрек. Оның атқаратын қызметі орасан зор. Тіпті, бүкіл саулығымыз бүйректің саулығына байланысты десек қателеспейміз. Ендеше, маңызды мүшенің атқаратын қызметі, ауруы және емделу жолдары туралы Түркістан қалалық емханасының нефролог дәрігері Сафаров Мирзаакмал Мирзаахметұлынан (суретте) сұрап білейік.


– Мирзаакмал Мирзаахметұлы, бүйректің адам өмірі үшін қандай маңызы бар? Жалпы оның қызметі қандай?

– Бүйрек – зәр өндіріп, оны несеп жолдары арқылы сыртқа шығарумен айналысады. Ағзадағы зат алмасу кезінде пайда болған сұйықтық пен токсиндерді сүзгіден өткізіп, зәрмен бірге айдап жібереді. Сол сияқты қанның қышқылын арттырмаудың алдын алатын қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті реттеп отырады. Бүйрек артериялық қысымды қалыпты ұстап, грмондарды өндіруге ат салысады. Эритропоэтин секілді бүйрек гормоны жілік майындағы қан жасушаларын бақылап отырады. Онымен қоса, бүйрек D дәруменін өндіріп, қандағы кальцийдің көрсеткішіне ықпал етуге қауқарлы. Бұл дәрумен сүйектің мықтылығын сақтауға көмектесетін минералдандыру әрекетіне өте қажет.

Бүйрек 24 сағат бойы артық сұйықтық пен зат алмасудан қалған токсиндерді шығарып отырады. Сау бүйрек тәулігіне қанды 300 рет тазалауға қауқарлы. Яғни, орташа есеппен 1500 литр қан әр күн сайын бүйрек арқылы өтіп тұрады.


– Бүйрек қалай қабынады? Оның ауруына не себеп болады?

– Бүйрек – бірде-бір бұлшық еті жоқ, тамырлы бұдалары көп шумақшалардан тұратын мүше. Бүйректе жүйке тамырлары жоқ, сондықтан қабыну кезінде бірден ауырсыну болмайды.

Бүйректі аман, аурудан ада ұстау үшін көп нәрсе жасап қажет емес. Ең алдымен, бүйректі суықтап қалудан сақтау қажет. Ең қызығы бүйрекке қатты суықтың да, ыстықтың да зияны бар. Әсіресе, күз бен көктем айларында бүйрек пен аяқты жылы ұстауға тырысқан абзал.

Көбіміз ісу, бас ауруы мен шаршаудың өзі – дәрігерге көрінудің алғашқы белгілері екенін біле бермейміз. Ағзамыздың сүзгісі болған бүйрекке – инфекция, созылмалы дерт, нашар экологиялық ахуал, дәрілер, тағамдық токсиндер, темекі тарту, алкоголь, салауатты өмір салтын сақтамаудың барлығы да өз әсерін тигізеді. Бүйрек аурулары көбінесе білінбей жүріп, пайда болады. Алайда, адамдар сол белгілердің несеп-жыныс жүйесіне тікелей қатысы барына назар аудара бермейді.

фото: kolosinform.ru

– Бүйректің ауырып жүргенін қалай білеміз? Белгілерін айтып өтсеңіз...

– Бүйрек өзіндегі өзгерісті білдіреді. Нақтырақ айтқанда:

Зәрдегі көбік

Зәр қатты қыстап, дәрет сындырғанда көбіктің пайда болуы – қалыпты жағдай. Ал оған қосымша аурулардың қосылуы – алаңдауыңызға жақсы себеп. Көбік зәрдегі ақуыз бен токсиндердің болмағанынан хабар береді. Бұл бүйректің дұрыс жұмыс жасамауынан, әртүрлі қосындылар мен қан құрамын сүзгіден өткізудегі бұзылыстардан пайда болады.

Алқызыл, қызыл және қоңыр зәр

Зәрдің түсі ақ сарыдан бастап, қою кәріптас түске (янтарный) дейін түрлене беруі мүмкін. Оның түсін өзгертуге кейбір жеген тағамдарымыз әсер етіп жатады. Мәселен, қызылша, жидек, фасоль мен дәрі-дәрмектер зәрді сарғылт, қоңыр, қызыл тіпті жасыл-көк түске бояп жібереді. Ал мұндағы басты мәселе – жоғарыдағы тағамдарсыз зәрдің қызыл түске енуі. Мұндай жағдайда жылдамырақ дәрігерге барыңыз.

Зәрдің тұнық болмауы

Бұл – бүйректегі тастан немесе несеп шығару жүйесіндегі инфекциядан хабар беретін симптом. Тұнықтығын бұзатын тағы бір себеп – зәрдің сусыздануы, яғни қоюлануы. Мұндай жайсыздықты байқасаңыз, көбірек су ішуге тырысыңыз. Бірнеше литр сұйықтық зәріңізді қайта мөлдірлік қалпына келтірсе, бәрі дұрыс деген сөз. Егер олай болмаса, міндетті түрде нефролог маманның көмегіне жүгініңіз!

Бел ауруы

Ауырсыну сезімі арқада пайда болады: қабырға астында, омыртқа жотасының оң және сол жақ бөлігіне беріледі. Ол кейде ішке және жыныс жолдарына дейін жетіп жатады. Бұл ауруды омыртқамен байланыстырып, шатасатындар көптеп кездеседі. Олай қателесуге болмайды! Ауруды одан әрмен асқындырып алмас үшін кәсіби көмекке жүгіну керек.

Созылмалы шаршау мен әлсіздік

Бүйрек – эротроциттердің құрылуын бақылайтын эритропоэтин гормонын өндіреді. Оның аздығы анемия, әлсіздік пен шаршауға алып келеді. Бұл – бүйректі тексеруден өткізуге алғашқы себеп болып тұр.

Бастың ауруы немесе бас айналуы

Бүйрек жұмысының бұзылысынан ағзаға жиналып қалған токсиндер мидың дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіреді. Бұл есте сақтау қабілетін нашарлатып, бастың ауыруы мен айналуына себеп болады. Оған дейін жеңіл атқарып жүрген жұмыстарыңыз қиынға соғып, көп күшті талап етпек. Бүйрек жұмысының нашарлауынан анемия мен басқа да асқыну процестері жүреді. Егер бұл симптомдар жиі-жиі мазаңызды алса, несеп шығару жүйесін тексеруден өткізу керек.

Жүректің айнуы мен лоқсу

Егер тамаққа дейін және кейін жүрегіңіз айныса (бұған тамақтан улану мен асқазан жолдарындағы бұзылыстардың қатысы жоқ), бүйрегіңізді тексертіңіз. Ағзаға түсіп жатқан зиянды заттарды сүзгіден өткізуге оның шамасы келмей жатқан болар? Алдымен, лоқсудың басқа да себептерін сызып тастау үшін терапевтке барып, одан соң нефрологқа көрініңіз.

Жиі зәр шығару

Бұл жайсыздыққа несеп шығару жолдарының кез келген ауруы себепкер болуы ықтимал. Ал дәл бүйрекке қатысты айтар болсақ, инфекция (пиелонефрит), тастың пайда болуы немесе ағзадағы сұйықтықтың тепе-теңдігін сақтайтын функцияның бұзылысы адамдарды әуре-сарсаңға салады.

Ісік

Бұл – ағзада сұйықтық кідіріп қалғанда болатын жайсыздық. Соның кесірінен аяқ пен көздің айналасы ісініп шыға келеді. Ісіктің өзі сізде шынымен бір аурудың барын анықтап бере алмайды. Тұзды тамақ жеу, бір орында ұзақ отыру мен кейбір дәрі-дәрмектер адам денесінің ісініп-толынуына алып келеді. Әйелдерде ішке қабылдған су етеккір немесе аяғы ауыр кезінде ағзада ұзақ сақталуы мүмкін. Ал ісіктің беті қайтпай, жиі белгі бере беруі – бүйректегі проблемаға сілтейді.

Құрғақ, жиі қышитын тері

Бүйректің қандағы құнарлы заттар мен минералдар тепе-теңдігін сақтай алмауы, токсиндер мен артық сұйықтықтықты сыртқа шығару кезінде проблемаларға тап болуы – теріні құрғақтандырып жібереді. Әрине, теріміздің түлеуіне одан да басқа толып жатқан сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін. Бар мәселе – бүйректен болса, оны міндетті түрде шешу керек.

Артериялы қысымның лезде көтерілуі

Бүйрек – адамның гормоналды жүйесінің басты қозғаушы күштерінің бірі, ол қысым мен ағзадағы қан көлемін реттеуші. Сол себепті, олардың жұмысындағы бұзылыс гипортонияның ұстамасына алып келуі мүмкін. Айтпақшы, бұл белгі ілгеріде атап өткен белгілермен қатар пайда болса ғана, бүйректің жұмысындағы проблемалардан хабар береді.

Дене температурасының өзгерісі

Үнемі тоңып-дірілдеу мен себепсіз қысымның жоғарылап кетуі бүйректегі бұзылыстардың әсері деп біліңіз. Дәрігерлер адам температурасы бүйректің қабынуынан (әсіресе, пиелонефритте) көтеріледі дейді.

фото: ru.aikyn.kz

– Бүйректегі қатерлі ісік қалай білінеді?

– Ерте кезеңдерде симптомдар көрінбеуі мүмкін. Бүйрек қатерлі ісігінің белгілерін атап өткен жөн:

  • гематурия (несептегі қан);
  • қолмен сипау арқылы анықтауға болатын бел аймағында ісінудің болуы;
  • жалпы жағдайдың нашарлауы, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы;
  • дене қызуының көтерілуі;
  • аяқтың ісінуі;
  • анемия;
  • артериялық қысымның себепсіз жоғарылауы;
  • бүйрек аймағындағы ауырсыну.

Бірнеше ондаған пайыз жағдайларда бүйрек қатерлі ісігі белгілері байқалмайды және кездейсоқ анықталады. Сондықтан жылына 2 рет профилактикалық тексеруден өтіп, іш қуысын ультрадыбыстық зерттеуге түсіріп тұру керек.

Бүйрек қатерлі ісігін диагностикалау кезінде келесі зерттеу әдістері қолданылады:

  • ультрадыбыстық зерттеу ісікті басқа өскіннен ажыратуға көмектеседі;
  • рентген диагностикасы: рентгенография (оның ішінде бүйрек ангиографиясы, урография және т. б.);
  • компьютерлік томография;
  • қан мен зәрді зертханалық зерттеу.


– Бүйрек қатерлі ісігінің алдын алуға бола ма?

– Әрине, ауруды емдегеннен алдын алған әлдеқайда дұрыс. Бүйректің саулығын сақтағыңыз келсе, алдымен темекі шегу, алкогольді пайдалану сияқты жаман әдеттерден бас тартыңыз. Сондай-ақ, дұрыс тамақтанудың, белсенді өмір салтының негізгі ережелерін ұстаныңыз.


– Жалпы, бүйректің саулығын сақтау үшін қандай сақтық шараларын жасауымыз керек? Аурудың алдын алудың жолы бар ма?

– Бүйрек саулығын сақтаймын десеңіз, төмендегі кеңестерге жүгініңіз:

✔ Көп су ішіңіз. Бүйрек денедегі қалдықтарды сүзіп шығару үшін су өте қажет болады.

✔ Темекі тартпаңыз. Темекі ішіндегі химиялық элементтер бүйрек арқылы зәрмен сыртқа шығады. Осы арада бүйрек жасушаларына әсер етіп қатерлі ісіктің қалыптасуына себеп болуы мүмкін.

✔ Ауруды басатын дәрілерді көп тұтынбаңыз. Бұл бүйрек қатерлі ісігіне жол ашуы мүмкін. Жалпы дәрі-дәрмек атаулыны бет алды көп қолданбаған жөн.

✔ Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Дене жаттығуларын жасап жүріңіз, салауатты қоректеніңіз.

✔ Тағамдардағы тұз мөлшерін мейлінше азайтыңыз. Тұздың күндік мөлшері 6 грамнан аспағаны жөн.

✔ Артық салмақ бүйректің жауы. Салмақты қалыпты деңгейде ұстаңыз.

✔ Қандағы шекер мөлшерін, қан қысымын бақылауда ұстаңыз.

✔ Күніне бір алма жеп тұру бүйрекке пайдалы келеді.

✔ Асқабақ және асқабақ дәні қандағы қант деңгейін реттеп, бүйректі тазалау тұрғысынан және тас пайда болуының алдын алуда пайдалы.

✔ Ақжелек (петрушка) бүйректердің токсиндерді шығаруын, жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жыныстық және жүйке жүйелеріне болымды әсері бар.

✔ Бүйрек ауруларына генетикалық бейімділігіңіз жоғары болса, дәрігерге қаралып тұрыңыз.

Ең бастысы, денсаулығыңызға немқұрайлы қарамаңыз.


– Мирзаакмал Мирзаахметұлы, құнды әрі керекті кеңестеріңізге үлкен рахмет!


Сұхбатты жүргізген Л.АХМЕТОВА

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


БАУЫРДЫ тазалаудың КЕРЕМЕТ әдісі бар


ЕСТЕ САҚТАУ қабілеті неге НАШАРЛАЙДЫ?


ТЕМЕКІні тастағыңыз келсе СҰЛЫ қайнатпасын ішіңіз