Ата-анаңыздың қай қателігін қайталағыңыз келмейді?

0
283

...Сүрініп кетсең, болғаны, Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады. Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы – Аңдамай басып, сүрініп кетсе болғаны... М. МАҚАТАЕВ


Ата-анаңыздың қай қателігін қайталағыңыз келмейді?

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ. Сол сияқты, қателік жібермейтін адам да болмайды. Бірақ, біле тұра жасаған қателікті қалай атауға болады?


Осы орайда Нұрайым есімді әйелдің сөзін бірге тыңдап көрейік.

«...Ата-анам мені кішкентайымда балалар үйінен асырап алған екен. Бұны ес біліп, етек жапқанымда, яғни 18 жасымда көрші үйдегі апа айтқан. Кейін анамнан да, әкемнен де сұрап тыныштық бермедім. Бір күні шешем бәрін жасырмай айтты. Әрине, шындықты білгенімді қалаған болар. Бірақ, асыранды екенімді білу менің әлсіз психологияма ауыр тиді. Дәл осы кезде өзімді өмірдегі ең сорлы адамға баладым.

Бала үшін өзге біреудің қолында өсу оңай емес. Олар маған бар мейірімін төксе де мен өзімнің асыранды екенімді біліп, өзімді олардан алып қашатынмын. Тастап кеткен анамды емес, асырап алғаны үшін екінші анамды жек көрдім. Баламын ғой, әйтпесе асырап алғаны үшін алғыс айтуым керек емес пе?!

Ес кіріп, етек жапқаннан соң да анам екеуміздің арамызды бір шекара бөліп тұратындай, одан өзімді жырақ ұстайтынмын. Анам мені өзіне жақын тартып, сырласқысы келетін, ақылын айтып құшақтағысы келетін. Ал, мен «бәрібір бөтенсің» дегендей оқшаулана беретінмін.

Томаға-тұйық оңаша жүретінмін. Сол кішкентайымнан мен басыма қандай қиындық туса да баламды тастанды етпеймін деп өзіме-өзім сөз беріп өстім.

Бойжеттім. Арман қуып мен де қатарластарыма еріп қалаға келдім. Студент атандым.

Аяғымды қанша аңдап басқаныммен, бір жігіттен аяғым ауырлап қалды. Ол татар ұлты шатыс метис жігіті еді. Гитарада ойнағанда жатақхананың бүкіл қызы оның қасынан шықпайтын. Кешкілік достарымен біздің жатақхананың алдына жиі келетін. Аяқ астынан отырыс ұйымдастырып та жіберетінбіз.

Мен ғана емес, оған көп қыз ғашық болды. Бір күні ол мені киноға шақырды. Кинодан шыққан соң оның бір досын әскерге шығарып салдық. Сол екі күннің ішінде сезімге еріп, мен онымен тән жақындастығына барып қойдым. Ол мені күштеген жоқ, қинаған жоқ, өз еркіммен болды бәрі.

Дәл сол сәтте мен оның соңы не болатынын, ертеңімді ойламадым. Бал татыған түндер, қыдыру екі айға жалғасты. Жүкті болып қалғанымды жігітім естігеннен соң, бірден «Алдырып таста» деп айтты. Бұл сөз ол үшін үйреншікті сияқты, қиналмай, ойланбай айта салды. Ал, мен көп ойландым.

Анамның мені тастанды еткені, асыранды екенім есіме түсіп, енді ғана екі апталық болған шаранамды не істерімді білмей жыладым. Шешім қабылдау қиын болды. Бір күні түнде құрсағымдағы нәрестемді жақсы көріп, оны өмірге әкелуге бекінем де, ертеңіне ұйқыдан тұрған соң одан ертерек құтылуды ойлаймын. Осылай ойым онға бөлініп, айлар өтіп жатты. Өстіп жүргенде құрсағымдағы балам үш айлық болып қалды. Баланы үш айдан соң алдыруға болмайды дегенді естігем, ана денсаулығына қауіпті. Не болса да, кім не десе де бейкүнә періштеге өмір сыйлаймын деп, бір шешімге тоқтадым.

Бірақ, айтқан сөзінде тұра алатын адам бар ма екен, мен жүкті болған жігіттің бөлмелес құрбыммен кездесіп жүргенін көріп мұңға баттым. Метис жігіттің талай қызбен жүргенін, оның қызқұмар екенін білсем де бойымды қызғаныш биледі. Әлде, өзімді қор санадым ба, әйтеуір күннен-күнге оны да, құрсағымдағы оның баласын да жек көріп бара жаттым. Еш кінәсі болмаса да мен құрсағымдағы шарананы жек керіп, енді одан тез-тез құтылудың қамын ойладым. Содан құтылсам, ойымды билеген, еңсемді басқан бүкіл мұңнан құтылардай сезіндім.

Аборт жасаттым. Бірақ дәрігер құрсағымнан шаранамды алып тастағанымен, оның әкесіне деген өкпе-ренішімді сылып тастай алмады.

Ұзақ уақыт мен өзімді де, өзгелерді жек көріп, өмірге налып жүрдім. Қазір айтуға оңай болғанымен, біраз уақытқа дейін күйзелісте жүрдім. Өзімді айыптаумен, тағдырымды кінәлаумен болдым.

Уақыт – емші. Бәрі де арта қалды. 29 жасымда тұрмысқа шықтым. Білімді, тәрбиелі, келбетті, бастысы иманды жігіттің жары атандым.

Күйеуім көп балалы отбасында өскен, мейірімді жан. Ата-анасы ертеректе жол апатынан қайтыс болған екен. Аға-жеңгесінің қолында өскен күйеуім мектепті бітірген соң қалаға келген. Қалада жұмыс істеп, қатарластары диплом алып жатқанда бұл кеш те болса жоғары оқуға түскен.

Былайша айтқанда, ол өзін-өзі демеп, өзіне өзі көмектесіп, аяққа тұрған екен. Түсінігі мол, парасаты өте биік. Оны қалай мақтасам да жарасады, ол соған лайықты. Бірақ, мен оған лайықпын ба?..

Мен оған бұрын жүкті болғанымды, баланы алдырып тастағанымды айтпағанмын. Ол да кейбір жігіттер секілді менің өткенімді қазбалап сұрамады. Сондай-ақ, «Неге жүкті болмай жатырсың? Емдел, тексеріл» деп те айта бермеді.

Отандасқанымызға үш жыл болғанда мен күйеуіме айтпастан дәрігерге тексерілдім. Жүкті бола алмай жүргенімнің себебін іздедім. Дәрігер аборт жасатқанымды бірден білді. «Аборт сауатсыз жасалған. Жатырыңа зақым келген. Балалы болу мүмкіндігі аз» деді. Одан кейін де бірнеше рет басқа дәрігерлердің қабылдауында болып тексерілдім. Ем алдым. Бірақ, бойыма бала бітпеді.

Уақыттың зырлап өтіп бара жатқанын ойлап, бала асырап алуға күйеуімді көндірдім. Бөбектер үйінен қызылшақа нәресте асырап алдық. Бірақ, оның дәл мен сияқты психологиялық күйзеліске түсіп, мені бөтенсіп өскенін қаламадым. Сондықтан да, оны асырап алғанымызды ешқашан айтпаймын деп шештім. Күйеуім екеуміз оған өмір бойы асырап алғанымызды айтпаймыз деп келістік.

Айғақтарды жойдық. Құжатының бәрін ауыстырып, өз атымызға жаздық. Есімін де өзгерттік. Ертеңгі күні қызымыз күдіктенбес үшін күйеуім екеуміздің есіміміздің басқы буындарын қосып Нұрбақ деп қойдық. Қызымыз езгелерден естіген күнде сенбесін деп, әдейі ішіме жастық байлап екіқабат боп суретке де түстім. Өйткені, өзімнің асыранды екенімді естігенде алғашқыда сенгім келмей, үйдегі анамның суреттерін ақтарып шыққаным бар еді.

Қазір Нұрбақ бірінші курс студенті. Мен бақыттымын, бірақ осы сөзді шын жүрегіммен, өзгеге естіртіп айтуға ұялам. Алайда өз құрсағында тоғыз ай сәбиін көтеріп, өз қанынан жаралған баланы дүниеге алып келу бақыты бұдан да артық, ерекше шығар. Маған бұндай бақыт бұйырмапты, жо-жоқ ол бақыттан өзім бас тартқан ақымақпын.

Көп қателік, көп күнә жасадым, ең үлкені – аборт жасатқаным. Қызым студент атанғалы оның болашағына алаңдаулымын. Өйткені, ешкім әдейі адаспайды ғой. Мен де анамның қателігін ешқашан қайталамаймын дегеніммен, аборт жасаттым емес пе амал жоқ. Менімен салыстырғанда анам мейірімділеу екен, ол тастап кетсе де маған өмір сыйлады. Ал, мен ше, оны дәрігер қолымен өлтірдім.

Менің анам да адасқан шығар, мен де шатастым. Бірақ, енді қызым – Нұрбақ адаспасыншы деп тілеймін. Қызым менің қателігімді қайталағанын қаламаймын...».


Иә, ата-ана да – адам, олар да қателеседі. Әйткенмен, қателікті қайталамауға тырысқан жөн болар?!

Сіз ата-анаңыздың қай қателігін қайталағыңыз келмейді? Ал, ұл-қызыңыз сіздің қай қателігіңізді қайталамаса екен дейсіз?

(Суреттер ашық дерекөздерден алынды)


Ж. СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ЕҢ қымбат жандарға қаншалықты УАҚЫТ пен КӨҢІЛ бөліп жүрсіз?


ЕРКЕК қырыққа келгенше есі кірмесе – ҚАСІРЕТ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет