БАЛАны ғана емес, АТА-АНАны да жиі ҚҰШАҚТАУ керек. НЕГЕ?

0
792

Ата-анаңызды немересінен қызғанасыз ба? Неге олар есейіп кеткен сізден гөрі кішкентай немерелерін қатты жақсы көреді?


БАЛАны ғана емес, АТА-АНАны да жиі ҚҰШАҚТАУ керек. НЕГЕ?

Адам дүниеге келе салысымен анасы немесе акушер оны құшағына алады, құшақтайды. Ал, өлгенде қара жер құшақтап қойнына алады. Содан болса керек, адам баласы өмір бойы құшақты қажет етеді. Алайда құшақтайтындар аз. Мысалы, оқырман, айтыңызшы, сіз бүгін неше адамды құшақтадыңыз?


Қане, санап көрейік: таңертең балаңызды балабақшада қалдырғанда және жұмыстан келгеніңізде оны құшақтадыңыз. Болды ма? Басқа балаларыңызды ше, күйеуіңізді (әйеліңізді), қарт анаңызды (енеңізді) неге құшақтамадыңыз?


Себебін болжап көрейін. Өйткені, сіз де адамның көбісі сияқты қате әрі келте ойлайсыз. Сіздіңше:

  • Балаларды тек балабақша жасында құшақтау керек;
  • Күйеуді (әйелді) жұбайлық өмірдің алғашқы жылдары ғана құшақтау ұят емес;
  • Ата-ана баласын құшақтауға міндетті;
  • МЕні тек басқалар құшақтау керек;
  • Қарттар (ата мен әке, ана мен ене) құшақтауды қажет етпейді;


НЕГЕ ата-анаңыз сізден гөрі немересін жақсы көреді?

Өйткені, немере ата-әжесін жиі құшақтайды. 18 жастан асқаннан соң әке-шешесін құшақтайтын перзент кемде-кем. Дәл сол сияқты, 50 жастан кейін бір-бірін құшақтайтын ерлі-зайыптылар да саусақпен санарлық қана. Бірақ, адамның жаны қай жаста да құшақтағанды қалайды. Адам құшақтау арқылы жетіспей тұрған мейір-махаббаттың, қорғаныстың, бақыттың орнын толтырады.


МЫСАЛ: Атасы немересінен:

- Неше қолың бар? - деп сұрады.

- Екеу, - деп жауап берді 3 жасар немересі.

- Неге екеу?

- Біреуімен атамды, екіншісімен әжемді құшақтаймын ғой, - деді.

Осы кезде атасы немересін көтеріп алып құшақтады. Немересі де «Ата, мен сізді жақсы көрем» деп құшақтап бетінен сүйді. Қарт ата немересін құшақтап отырып, тұңғыш ұлын осылай құшақтағанын есіне алды. Тұңғышы кішкентай кезінде мойнынан құшақтап, айырылмайтын. Қандай тәтті сәт десеңізші?! Қазір сол ұлы 57 жаста. Алыста тұрады. Тек ағайын-туыстың той-томалағында ғана келеді. Онда да болса «Әке, қалайсыз?!» деп амандасып, құшақтаған сыңай танытады. Басқа ұлдары да солай, құшақтамайды. Тұрмысқа шыққалы қыздарының да кәрі анасын құшақтағанын көрмепті. Тек бес қызының біреуі ғана төркіндеп келгенде кәрі анасын қайта-қайта құшақтайды. Тіпті 1-2 күн қонып кететін болса, ол кәрі анасын құшақтап жатады. Анасы бұған мәз болады.


Есіңізде болсын: Ана бауырындағы баласымен бақытты болса, сол сияқты перзент құшағындағы анасымен бақытты. Кішкентай кезіңізде анаңыз сізді құшақтаса, енді сіз оны құшақтаңыз. Анаңызды да, өзіңізді де осылай бақытқа бөлей аласыз.


КЕҢЕС: Жасыңыз 40-та, мейлі 60-та болсын, анаңызды (ер адамдар әкесін) жиі құшақтап тұрыңыз. Бұл ата-анаңыздың өмір жасын ұзартады. Себебі, адам үшін ең керемет дәрі – құшақтау.


БҰЛ – ЕҢ ЖАҚСЫ ТЕРАПИЯ

Есіңізге түсіріңізші, кішкентай кезіңізде бір жеріңіз ауырса дереу анаңыздың, ал бірнәрседен қорықсаңыз әкеңіздің құшағына тығылатын едіңіз. Анаңыз құшақтағанда ауру да басылып, әкеңіздің құшағында қорқыныш сейіліп сала беретін.

Қазір қартайған ата-анаңыз ауыра қалса, оларды шипажайға, дәрігерге ертіп барып жүрген боларсыз. Дұрыс, бірақ олар үшін перзентінің құшағынан артық дәрі жоқ.

Қарттар неден қорқады? Олар тек өлімнен қорқады. Психологиясындағы бұл қорқынышты кеміту үшін, кәрі әке-шешеңізді жиі құшақтаңыз.


Медицина мамандарының зерттеуінше құшақтау:

  • Орталық жүйке жүйесін тыныштандырады;
  • Иммунитетті көтереді;
  • Қандағы гемоглобинді арттырады;
  • Мидағы гипоталамуста окситоцин гормоны бөлінеді;
  • Мейірім оянады;
  • Уайым-қайғы азаяды;
  • Қарым-қатынасты жақсартады;
  • Сенімділік артады;
  • Жүрек қан тамырларының жұмысы жақсарады;
  • Стресс жойылады;
  • Ұйқысыздықтан емдейді.


БАУЫРЛАРЫҢЫЗДЫ ДА ҚҰШАҚТАҢЫЗ

МЫСАЛ: Егіз қыздар туылады. Біреуі жүрек дертімен туылып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалудың мүмкін емес екенін айтады. Инкубаторда жатқан ауру нәрестенің жағдайы күннен-күнге нашарлап бара жатты. Медбикелердің бірі стандартқа сай емес әдісті ұсынады. Дәрігерлердің бәрі қарсы болса да ата-ана өтініп, жалбарынып тұрып алады.

Медбикенің айтқанын орындап, дәрігерлер инкубаторда жатқан ауру нәрестенің қасына екінші сыңарын жатқызады. Екі-үш сағаттан соң дені сау нәресте ауру сыңарын құшақтайды. Ертеңіне де дәрігерлер егіздердің бір-бірін құшақтап жатқанын көреді. Олар инкубаторда осылай бірнеше ай жатады.

Осыдан соң ауру нәрестенің иммунитеті жоғарылап, жүрегіндегі ақауы да қалпына келеді. Дәрігерлердің айтуынша, олар бойжетіп, ұзақ өмір сүрген.

Бұл болған оқиға. Олай болса, бауырларыңызды да жиі құшақтап тұрыңыз. Әпкеңіз (ағаңыз) немесе сіңліңіз (ініңіз) бақытсыздыққа ұшырыса, ауырып қалса, оны құшақтаңыз.


Есіңізде болсын: Құшақтау – қаржылай көмектен де, әдемі сөзден де артық.


БҰЛ – БӘРІНЕ ТҮСІНІКТІ «ТІЛ»

Құшақтау – алғыс айтуды, сүйіспеншілік сезімін жеткізуді, достықты, татулықты, бауырмалдықты, қолдауды, кешірім сұрауды білдіреді. Бұны соқыр да, керең мен мылқау да, басқа ұлт өкілі де түсінеді. Сондықтан да, мен бұл «тілді» түсінгісі келмейтін күйеуге (әйелге), қатал енеге (анаға), ренжілу бауырға, өкпелі досқа, араз ағайын-туысқа қолдануды ұсынамын.

«Жүрегіңнің есігін қағып тұрмын, аш-аш. Бір ауыз сөз айтайын, ашуыңды бас-бас...» деген әндегідей, әлдебіреуден кешірім сұрағыңыз келсе немесе болған жайды түсіндірмек болсаңыз, бірақ ол тыңдағысы келмесе, тілсіз түсіндіруге кірісіңіз. Иә, құшақтаңыз. Құшақтау – жүрек есігін ашудың бірден-бір кілті.

  • Енеңіз қатал ма? Төркініңізден келгенде немесе енеңіз қыдырып келгенде, жарты минуттай құшақтаңыз.
  • Күйеуіңіз ашуланып ұрсып жатыр ма, үндеместен құшақтап алыңыз да жібермей қойыңыз.
  • Досыңыз ренжіп жүр ме, құшақтаңыз.
  • Бауырыңыз сізбен сөйлескісі келмей ме, үндемей барып құшақтап, «кешірдім» дегенше жібермеңіз.


Есте ұстаңыз: тек кішкентай бала ғана емес, айналаңыздағы үлкендер де сіздің құшағыңызға зәру. Сізді күйеуіңіз (әйеліңіз), ата-анаңыз, ұл-қызыңыз құшақтаса ғана емес, керісінше сіз оларды құшақтасаңыз да – нағыз бақытты сезінесіз. Бақытты сезіну бір басқа да, бақытты сездіре отырып, бақытқа бөлену бір басқа.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


ПРОБЛЕМАңызды физик ЭЙНШТЕЙНнің ӘДІСІмен шешіп көріңіз


ҚАЙҒЫЛЫ адамға қоюға болмайтын ҮШ СҰРАҚ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет