БАСқа қиын іс түскенде не істеу КЕРЕК?

0
1 112

​Депрессиялық күйде қиындықтан қажыған адамдар көбінесе күрең күз айларында өзіне-өзі қол жұмсау әрекеттеріне барады екен. Күйзеліс кезінде әр адам өзіне қалай көмек бере алады?


БАСқа қиын іс түскенде не істеу КЕРЕК?

Адам өмір жолында түрлі қиындықтарға, жағдайларға тап болып жатады. Біреу таудай қиындықты оп-оңай еңсерсе, біреу тарыдай сынаққа сынып қалады. Қанша рет құласа да орнынан жылдам тұрып кете алатындар да, бір жығылса сол жерде байбалам салып жата беретіндер де бар. Не істеу керек мұндайда?


ЕҢ БІРІНШІ...

«Жаман айтпай жақсы жоқ», егер сіздің де басыңызға бір қиын іс түсіп жатса, ең бірінші сіз секілді жылап, қайғырып отырғанда жақын адамыңызға айтқан сөзіңізді еске түсіріңіз!

Иә, еске түсіріңізші, сіз оған не деген едіңіз? Немесе ең жақын адамыңызды қалай жұбатасыз? Ойлап көріңізші.


МЫСАЛ: Жақын адамыңыздың басына қиындық түсті делік, «Не істеймін? Енді қайтпекпін?» деп өзін қоярға жер таппай отыр. «Сабырлы бол. Сабыр сақташы» дейсіз. Солай ғой.

Ең бірінші оны сабырға шақырасыз. Өз басыңызға қиындық түскенде де өзіңізге осы сөзді айтыңыз, қайталаңыз және өзіңіздің осы сөзіңізді тыңдаңыз: «Сабырлы бол».

Мүмкін, сіз ғана емес, талай адам құрбыңызға «сабырлы бол» дегенімен, ол өзіне қол жұмсаған болар... Былтыр анау бір танысыңыздың үйі бүкіл жиған дүние-мүлкімен қоса өртеніп кеткенде де оған барлық ағайын-туысы, көрші-қолаңы «Сабырлы бол!» деген еді, бірақ ол сол жағдайдан соң ішкілікке салынып кетті... Неге? Неге олар өзгелердің де, сіздің де «Сабырлы бол» деген сөзіңізді тыңдамады?

Өйткені, көбіне адам эмоциялық жағдайда өзгенің ақылын тыңдамайды, тыңдаса да орындамайды. Ал, депрессия кезінде ешкімді «естімей» қалады. Сіз сағаттап ақыл айтсаңыз да, психологқа жетелеп апарсаңыз да, ол егер өзіне-өзі «Мен бәрібір өлем» дей берсе, соны істейді. Егер, ол күнде қайғы жұтып жылай берсе, әлі құрып, ауырып ауруханаға түседі... Енді менің өмірім түзелмейді десе, ол түземейді, түзелуге тырыспайды. Көбіне солай болып жатады. Өйткені, депрессиялық жағдайда адам тек өзін тыңдайды, өзінікін дұрыс санайды.

Міне, осы көп адамның қателігін қайталамас үшін, сіздікіндей жағдайға түскен өзгелердің одан кейінгі өмірі қалай өрбігенін ойламаңыз. Себебі, олар депрессиялық күйдегі өзін тыңдады. Ал, сіз мұндай сәтте депрессиядағы өзіңізді емес, сондай жағдайға түскен құрбыңызға (досыңызға), әпкеңізге (жеңгеңізге) айтқан өзіңіздің жұбату сөзіңізді тыңдауыңыз керек.

Түсінікті болу үшін, мына әдісті қолдансаңыз да болады. Күтпеген қиындыққа тап болғанда «Не істеймін?» деп өзгеден кеңес сұрамас бұрын, дәл осы сұрақты жақын адамым айтқанда «Мен деген едім?» немесе «Не деп кеңес берер едім?» деп өзіңізге сұрақ қойыңыз. Сонда «Сабырлы бол» дегеніңіз жылдам есіңізге түседі.


Кеңес: Ең жақын адамыңыз қиын жағдайға түскенде айтқан өз сөзіңізді еске түсіріңіз де, сол сөзіңізді бірнеше рет өзіңізге қайталаңыз: «Сабырлы бол!».

Ең жақын адамыңыз жылап отырғанда оны қалай жұбатып едіңіз, дәл солай өзіңізді-өзіңіз жұбатыңыз. Сонымен, ең бірінші сабыр, сабыр, тағы да сабыр.


НЕГЕ?

Депрессиялық жағдайдағы адамды отта қайнап жатқан шәугімге ұқсатуға болады. Отты өшірмесеңіз су қайнап-қайнап таусылады. Ал, суы таусылған шәугім отта тұра берсе, ары қарай не болатынын білетін шығарсыз.

Сабырға келу – қайнап жатқан шәугімнің астындағы отты сөндірумен бірдей. Сабыр – адамның тынышталып, болған жайтты ақылмен таразылауына, қиындықтан шығар жолды іздеуге, проблемамен күресу үшін күш-қуат жинауға керек.

Сондықтан да, қасиетті Құранда сабырлықтың құндылығы жөнінде тоқсан мәрте атап өтілген екен. Сондай-ақ, Алланың көркем есімдерінің тоқсан тоғызыншысы – ас-Сабур (Сабыр) деп аталатыны да бекерге емес. Құрандағы Бақара сүресінің 153-аятында: «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге» делінген.

Сабыр еткен, сабырға келген адамның санасына жақсы ойлар, проблеманы оңтайлы шешудің ұтымды жолдары, небір идеялар келе бастайды. Сондықтан да, қиындықтан қорқып, проблемадан қашамын деп, қателікке, ақымақтыққа жол беріп алмаңыз.

Есте ұстаңыз: Адам кез келген күрмеулі мәселені шешіп, қиындықтан шыға алады. Адам тек қабірден ғана шыға алмайды.

Ендеше, өзіңізге қол жұмсаудан аулақ болыңыз. Сондай-ақ бақытсыздықтың көйлегін киюге де асықпаңыз. Өйткені, әр қиындықтан соң бір жақсылық болады.


ӘР ҚИЫНДЫҚТАН СОҢ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ҚУАНЫШ КЕЛЕДІ


МЫСАЛ: Аралдардың біріне саяхатқа шыққан туристердің кемесі апатқа ұшырайды. Құтқарушылар келгенше туристердің біразы суға батып кетеді. Суға батып кеткендердің ішінде біреуі басқа аралдың жағасында есін жияды.

Аман қалғаны үшін құдайға алғыс айтып қуанады. Бірақ, аралда өзінен басқа жан пендені таба алмай қуанышы әп-сәтте басылады. Пенденің бәрі солай емес пе, қиындықты тез ұмытады. Әлгінде ғана «Бастысы, бас аман. Аман қалғаныма шүкір» деп құдайға шүкір айтып қуанып жатқан еді, енді «Бұдан да көппен бірге өліп қалғаным жақсы еді ғой» қайғыра бастады. Жылап отырған ол бір уақытта арыстанның ақырған дауысын естиді. Сол-ақ екен, көзінің жас тыя салып, «Е-е, құдайым, сақтай гөр. Сенің құдіретің күшті, сақтай аласың сенем» деп сыйынып, биік ағаш іздеп жүгіре жөнеледі.

Ағаштардың бұтағынан лашық құрып, жыртқыш аңдардан сақтану үшін от жағатын шақпақ тас тауып, өлместің қамын жасайды. Жеміс-жидек теріп, балық аулап жеп күн көреді. Бір апта уақыт өтеді. Енді ол күн-түні құдайға жалбарынып, отбасына оралуды сұранумен болады. Бір күні тағы да балық аулауға барып келген ол лашығының өртеніп жатқанын көреді. Жыртқыш аңдардан қорғану үшін түнде жаққан ағаштарының шоғын дұрыс өшірмесе керек.

Лашығы түгел өртеніп кетеді. «Құдай-ау, көрсеткен қиындығын аз ба еді? Тартқызған азабын аздай, енді мұның не? Қай күнәм үшін жазалап жатырсың?» деп, құдайды жазғырып жылайды. Құдайды да, тағдырын да, қиындықтарды да жазғырып жылай беріп талып ұйықтап кетеді. Қанша ұйықтағаны белгісіз, кеменің дауысынан оянады. Аралдың жағасына үлкен бір кеме кеп тоқтайды. Құтқарушылар екен.

«Мені іздеп келдіңдер ме? Менің мұнда екенімді, тірі қалғанымды қайдан білдіңдер?» деп сұрайды. Сонда құтқарушылар «Түтінді көріп келдік» депті.


Бір қажетімізге жету үшін бір керегімізді жоғалтамыз. Бір есік жабылса, келесі есік ашылады. Сіздің де басыңызға түскен қиындықтан соң (лашық өртенгені секілді), бір жақсылық (құтқарушылар келгендей) келеді, қайғыны қуаныш алмастырады. Сеніңіз, рас. Өйткені, бұл өмірдің заңдылығы.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз


Ата-анаңыздың қай қателігін қайталағыңыз келмейді?


Неге өзіңізге «ТОҚТА» деп айта білуіңіз қажет?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет