«Болмайтынға болыспа!» - Өмірдің сабағын ұқпайтындар үшін уайымдаған дұрыс па?

0
841

Сіз бала тәрбиесінде мұндай қателікті жібермеңіз!


«Болмайтынға болыспа!» - Өмірдің сабағын ұқпайтындар үшін уайымдаған дұрыс па?

«Болар бала – жасынан, жөргегінен» дейді халқымыз. Бұл адамның тағдыр жолы бала кезде алған тәрбиесіне байланысты өріледі дегенді меңзесе керек. Алайда қанша тәрбие берсең де мінезі түзелмейтін, өмірдің сабағын ұқпайтын да перзенттер болады. Неге? Әлде, тәрбиенің де дұрысы мен бұрысы бола ма?


Мысалы, Ұмсынай есімді ананың өмірінен бір үзік сыр келтірейік. Ол қай жерде қателік жіберді? Әлде, қателік тәрбиеде ме? Оқыңыз, ойланыңыз!


ҰМСЫНАЙ АНА БЫЛАЙ ДЕЙДІ:

«...Үш ұлым бар. Жасым 67-де. Осы жасыма дейін талай қиындықты бастан кешірдім. Жарымжан көңілмен қартайған шағымда, балаларымның қызығына шомылып, рахатын көрер сәт келгенде дертіме дерт қосылып отырғаны жаныма батады.

Айтпақ болып отырғаным, кенже ұлымның жайы. Қазір ол отыздан асып барады. Мектепте оқып жүргенінде өзі қатарлас балалармен шекісіп қалып, басынан соққы алған. Әрине, бастан қатты соққы алу оңай шаруа емес, денсаулығына айтарлықтай зақым келген болатын сол кезде.

Білікті мамандарға апарып, ауруханада ұзақ уақыт емделіп, жазылып шыққанша жаным тынбай жүгіріп жүрдім. Бірақ, бәрібір денсаулығында кінәраты қалып қойды. Ауруханадан шыққан соң, қайтадан мектебіне барды. Алайда, бұрынғыдай сабақ үлгерімі дұрыс болмай қалды. Есте сақтау қабілетіне де зақым келді ғой деймін.



Содан кейін дамуы кешеуілдеген балаларға арналған мектепке орналастырдым. Ол жерде 6-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқыды. Әрі қарай да емделуін жалғастырып жүрді. Сол аралықта ұлымыздың дерті үшін уайымдаған жан жарым да өзінің денсаулығына біраз зақым келтіріп алды. Содан оңалмады. Көз жұмды.

Жолдасымнан айырылғаннан кейін тұрмыстың бар ауыртпалығы жалғыз өзімнің мойныма түсті. Басыма түскен тағдырыма көндігіп өмірім жалғасып жатқан. Тағы да сол кенже ұлыма байланысты мәселе туындады.

Велосипед айдап келе жатқанда тежегіші істемей қалып, жол шетіндегі үлкен бағанаға соғылып, тағы да зақым алды. Операция жасалды...

Одан да өттік, мектепті әупірімдеп жүріп, аяқтады. Бірақ, оқуға қызығушылығы болмады. Сөйтіп, көлік айдауға деген құмарлығы басым болғандықтан, тым болмаса осы көлігі асырайтын шығар деген оймен мен оған жүргізуші куәлігін алып бердім, көлік айдауды үйренді. Бірақ, менің оған жеке көлік сатып алып беретіндей жағдайым жоқ еді. Тек қана кенже ұлым болғандықтан, оның үстіне, әкесінен ерте айырылып қалды, өзінің де басына түскен тәшпүштері аз болмады. Бала күнінен бері қиындық көріп келе жатқан балама жаным ашитын шынымды айтсам. Оның көңілін қалдырмас үшін басқа балаларыма қарағанда көбірек көңіл бөліп, жылы сөйледім. Қатты дауыс көтеруге қорықтым. Кешкі мезгілдерде жаңадан көшіп келген көршіміздің өзімен қатар ұлымен бірге компьютер ойнап келемін деп кетіп, құмар ойынға да кірісті.



Осы балам үшін мен өзімді отқа да, суға да тастадым. Осының әсері ме екен, мен балам үшін барлығын кешіретінімді, барлығын жасап беретінімді білген ол менен аяқ тартпады. Жігіттік шағында да болашақ өмірі жайлы ойланып, ес тоқтатпады. Әлі де жас баланың қылығын жасайтын.

Күйініп кететінмін. Иә, әрине, балам ұрлық істемеді, біреуге қастандық жасамады. Бірақ, қайдан тапқанын білмеймін, көшеден бір достар тапты өзіне. Ол достарын үйге де ертіп келіп жүретін. Бірақ, мен оларға қарап, ұлымның ол балалармен дос болмағанын қалаған едім. Менің баламды тек пайдаланып, өз мақсаттары үшін жұмсайтын секілді көрінетін. Аналық жүрегім алдамаған екен.

Бос сенделіп жүрген адам не істейді, бірдеңеге ұрынады. Ұлым сол достарымен бірге такси тоқтатады. Барар жеріне ақшалары жоқтығын айтып, «Осы мекенжайға жеткізіп тастасаңыз, сол жерде бізді күтіп отырған тағы бір досымыз бар. Жол ақымызды сол досымыз төлейді» дегенге келісіп, таксиге мінеді. Бірақ, тиісті жеріне аз қалғанда такси жүргізушісінің мойнына пышақ тақап, қорқытып, рульді тартып алады. Көлікті ары қарай менің ұлым айдайды, жанындағы жолдастары көлік иесін түсіріп тастайды. Сөйтіп, әбден сауық-сайрандарын құрып болған соң, әрқайсысы өз үйлерінен түсіп қалады да, ұлым көлікті жолдың бойына тастап, өзі үйге келіп дым болмағандай жүреді ғой.

Арғы жағы белгілі ғой, баламды ұстап әкетті, кінәсін мойнына қойып, 3 жыл, 4 айға жаза кесілді. Анамын ғой, балам үшін жүрегім шырқырап тұрса да, түзеліп шығар, қателігін түсінер деп оны шығарып алуға әрекеттенбедім. Үлкен екі ұлым да бауырларынан мезі болған. Десе де бас тартып, теріс айналмайды ғой.

Басыма түскен бұл ауыр сынаққа да төзімді болуға тырыстым, өлмеген соң, өмірден көре беретінің де көп екен. Мерзімі бітіп, ұлым қамаудан шықты. Ол түзелмеді.



Келе сала шырқымызды тағы бұзды. «Ағам бұл үйден бала-шағасын алып шығып кетсін. Бұл үй менің әкемнен қалған үй» деді. Бұл үй әкеңдікі болса, ағаңның да әкесі ғой балам дегеніме қарамады. Қара шаңырақ кенже ұлдыкі деп тұрып алды. Ұлыма басу айтып, мәмілеге келу мүмкін емес еді.

Күн сайын үйімізде айқай-шу, тіпті, екі ұлым жаға ұстасып, төбелесуге дейін жеткенінде бұлай болмайтынын түсіндім. Тыныштық үшін, ел-жұрттың алдында масқара болмайық деп амалсыздан үйіміздің жартысын, яғни, жерімізді екіге бөліп сатып, үлкен ұлыма кішігірім болса да екі бөлмелі үй сатып алып бердім. Қолымда үлкен ұл тұратын, келінім де жақсы. Олар да менің осы ойыммен келісті.

Біраз уақыт тынышталдық. Үлкен ұлым бөлек шыққан соң, өз өмірлерін сүріп жатты. Кейін кенжем үйленемін дегенде қуандық. Үйленсе отбасының қамын ойлап, бос жүрісінен арылар деген үміт қой.

Үмітім де алдамшы екен. Үйленгеннен кейін ұлым көлік жөндейтін орынға жұмысқа орналасты. Бұрыннан көлікке қызығушылығы бар еді, аз-маз көліктің бұзылған жерін жөндей беретін өзі. Қолынан келетін іс болған соң мен де келістім. Бастапқыда жап-жақсы істеп жүрген. Кейін ішіп келетін әдет тапты.

Келінім екеуінің арасында осыған байланысты дау туындап, жанжалдасып жататын. Мен әрине, ұлымды жақтамаймын, бірақ, келінім де бірден шу шығармай, әйелдік қулығына салып, еркелеп жеңуі керек пе еді деп ойлаймын. Өзінің аяғы ауыр, «Саған мүмкін емес, көп жылама, айғайлама. Балаға да өзіңе де зиян табасың. Ұлыммен өзім сөйлесемін» десем, менімен де ұрысып, ақыры төркініне кетіп тынды. Оған да жаным ашыды, бірақ, мен «іштен шыққан шұбар жылан», өз баламды қайтсем адам қатарына қосамын деп шырылдағанда ол да маған болысып, көмектессе деп едім. Бірақ, жас қой, ол мұндай өмірге төзе алмайтынын айтып, тұра қашты. Сөйтіп, төркінінде жүріп босанды.


Мен немеремді көріп қайту үшін оларды іздеп бардым. Киім-кешегін, аз-маз ақша да беріп кеттім. Қайтарымда ортадағы бала үшін қайта қосылғандарын қалайтынымды да айтып кеттім. Құда-құдағи да менің сөзіме қосылғанымен, келінім қайта қосылуға қарсылығын білдірді. Содан мен немеремді көру үшін келіп тұруға рұқсат сұрадым, олар бұған қарсы болмады.

Арада көп уақыт өтпей-ақ ұлым екінші рет үйленді. Бұл жолы тұрмыста болған, бір қызы бар келіншекті үйге алып келді. Бірге отбасы болып отырса болды деп мен де тілеуін тіледім. Бірақ, бұл отбасын да сақтап қалуға тырыспаған ұлыма не дейін енді? Өз қолымды өзім кесіп тастай алмаймын.

Қазір екі әйеліне де алимент төлейді ұлым. Басына тисе де, аузы күйсе де сабақ алмайтын не деген адам?

Қартайғанда осы ұлымнан көріп жатқан машақатым ақылымнан алжастырып, есімнен тандырмаса болар еді деп қорқып жүрмін...»


Міне, бір ананың перзентінен көріп отырған мұң-зары. Дәл осылай күн кешіп жатқан аналардың қателігі неде?


Әрине, баланы дұрыс тәрбиелеуге арналған арнайы заң, қағида жоқ. Әркім өз өмірлік тәжірибесінен, өмірден алған сабақтарымен тәрбиелейді. Ал, сіз балаңызды қалай тәрбиелеп жүрсіз, оқырман?

Г. ЖҰМАДІЛДАЕВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

«5 НЕГЕ?» ережесімен ең күрделі мәселені де ШЕШЕ АЛАСЫЗ!
Ағайын-туысқа қандай көмек беруге БОЛМАЙДЫ?
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет