​Бұл 6 нәрсені АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ!

0
13 443

Пендеміз ғой, қуанышымызды басқаларға айтқанша асығып тұрамыз. Бақытты сәтті селфи жасап, сол мезетте-ақ көпшілікпен бөлісіп тастаймыз. Сол сияқты отбасымыздағы енемен, күйеумен (әйеліңізбен), ұл-қызбен, басқа да отбасы мүшелерімен арада болған ұрыс-керісті де өзгеге айтып үлгереміз-ау.


​Бұл 6 нәрсені АЙТУҒА БОЛМАЙДЫ!

фото: istockphoto.com

Пендеміз ғой, қуанышымызды басқаларға айтқанша асығып тұрамыз. Бақытты сәтті селфи жасап, сол мезетте-ақ көпшілікпен бөлісіп тастаймыз. Сол сияқты отбасымыздағы енемен, күйеумен (әйеліңізбен), ұл-қызбен, басқа да отбасы мүшелерімен арада болған ұрыс-керісті де өзгеге айтып үлгереміз-ау. Дұрыс-ақ, «қуанышыңды бөліссең – көбейеді, қайғыңды бөліссең – азаяды» дейді қазақ мақалы. Дегенмен, өміріңіздегі қуаныш-қайғының кейбірін жұртқа жария етуге болмайды. Олар қайсы?

1. ЕР МЕН ӘЙЕЛДІҢ ОҢАША БӨЛМЕСІНДЕГІ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

МЫСАЛ: Екі құрбы келіншек әңгімелесіп отыр. Бірі интернеттен «Қалыңыз мінезіңізден сыр шертеді» деген тақырыпты оқиды. Осы кезде екіншісі «Жамбасында қалы барлардың мінезі қандай болады екен? Менің күйеуімнің оң жақ жамбасында үлкен қалы бар» дейді.

Сол күні түнде Ақнұр күйеуінің құшағында жатып, «Бүгін бір мақала оқыдым. Қалай дөп айтқан деп таң қалдым. Аяғында қалы бар еркек көп қыдырады екен. Нартай досыңның аяғында қалы бар емес пе, дәл айтылған ғой. Ал, Қарлығаштың күйеуінің жамбасында қалы бар екен...» дей бергенде, күйеуі «Сен оны қайдан көріп жүрсің?» деп бетіне төне түсті. Ақнұр құрбысымен болған әңгімені айтқанымен, күйеуі сенбеді. Ойланбай айтқан сөзі үлкен керіске айналды. Бұл Ақнұрға өмірлік сабақ болды.

Жай ғана қал дауға айналды. Ал кейбір келіншектердің күйеуімен (еркектер әйелімен) тән жақындастығын тәптіштеп құрбыларына (жора-жолдастарына) айтып отырғанын талай рет естігенмін. Ерлі-зайыптылар арасындағы екеуіне ғана тән қарым-қатынасты өзгеге айту біріншіден, мәдениетсіздікке жатады, екіншіден, кесірі тиюі мүмкін. «Аяғы жаман төрді былғайды, аузы жаман елді былғайды» деген сөз бар, жан жарыңызбен арадағы сезімге селкеу түсіріп қайтесіз?! Бақыт тыныштықты сүйеді.

2. ТАБЫСЫҢЫЗДЫҢ КӨЛЕМІ

МЫСАЛ: Ақнұр үйіне келген Нағимаға әңгіме барысында күйеуі екеуінің жинап жүрген 3 миллион теңгесі бар екенін, күзде әсемдік салонын не азық-түлік дүкенін ашуды ойлап жүргендерін айтты. Нағима күйеуінің жақын досының әйелі.

Кешке Нағиманың күйеуі Олжастан қарызға ақша сұрап келді. «Достардың арасын не әйел бұзады, не ақша бұзады» дегенді жиі айтатын Олжас қандай сылтау айтарын білмей тұрғанда, досы «3 миллион теңгең бар ғой, Ақнұр Нағимаға айтыпты. Өте қажет боп тұр, дос емеспіз бе... Үш айда қайтарам» дейді. Амал жоқ Олжас досына қарыз берді.

Алайда ол қарыз үш жылға созылды. Үш жыл бойы сол қарыз ақшаға бола Ақнұр мен күйеуі ұрысып қала берді. Достар ренжісті. Бөліп-бөліп қайтарылған ақша өз орнын тауып жұмсалып кетті. Ақнұр мен Олжас дүкен ашпады.

Досыңызды, ағайын-туысыңызды «қарыз бермеді» деп ренжіткіңіз келмесе, ұры-қары көз тікпесін десеңіз, табысыңыздың көлемін ешқашан ешкімге айтпаңыз. Бақыт ғана емес, ақша да тыныштықты жақсы көреді.

3. ОТБАСЫНДАҒЫ ҰРЫС-КЕРІС

Үйден қоқысты сыртқа шығаруға болады, бірақ отбасындағы ұрыс-керісті шығарудың қажеті жоқ. Шынында да көмек қажет болса ғана жақын адамыңызға айтуға болады. Бірақ, есте ұстаңыз, ең жақын адамдарыңыздың бір-екеуі ғана сіздің мәселеңізді шешу жолын іздестіреді, қалғаны тек тыңдайды және басқа таныстарыңызға айтады. Дұрысы, шаңырағыңыздағы мәселені өзіңіз шешіңіз.

4. ҚАЙЫРЫМДЫ ІС

Қайырымды істі не үшін жасайсыз? Әрине, Алла ризашылығы үшін! Ендеше, оны адамдарға айтудың қажеті қанша? Айтпаңыз, сауабы жойылады.

5. ҚАТЫСЫ ЖОҚ... КӨРГЕНДІ, ЕСТІГЕНДІ

Үйдегінің бәрін сыртқа шығара беруге, сырттағының бәрін үйге кіргізе беруге болмайды! Көшеде, пойызда немесе автобуста, той-томалақта әлдебіреулердің өзара ұрысына куә болдыңыз делік. Танымайтын екі адамның бір-біріне айтқан былапыт сөзін естідіңіз. Оны сол естіген, көрген жеріңізде қалдырыңыз. Өзіңізбен бірге үйіңізге алып келмеңіз. Неге?

Былай түсіндірейінші: Көшеде аяқ киіміңізді былғап алдыңыз, лай аяқ киіміңізбен үйге кірсеңіз не болады? Үйіңізді былғайсыз!

Үйге аяқ киіміңізді тазалап кіресіз. Олай болса, тек аяқ киіміңізді емес, көшеде көрген, естіген оқиғалардан да тазарып кіргеніңіз жөн болар.

6. ЖОСПАРЫҢЫЗ

Жоспарыңызды алдын ала ешкімге айтпаңыз. Топыраққа егілген 1000 дәннің барлығы түгел өніп шыға ма? Жоқ. Дәл сол сияқты, ойға алған жоспарыңыздың бәрі жүзеге аса бермейді. Сенімді адамдарыңыздың сенімділігін және өзіңізге деген сенімді жоғалтпау үшін әлі басталмаған ісіңізді жария етпеген жөн.

Кез келген жоспар да өсімдік тұқымы секілді, топыраққа егілген соң сонда жатып өніп дамиды. Кейін қылтиып бас көтеріп көктеп шығады. Көшет тамыр алғанша оның өсетінін, жеміс салатынын болжай алмайсыз. Сондықтан да «санамай тұрып сегіз деме» дейді мақал.

Дән өніп, көшет болды делік. Бірақ оның сабағы жуандап, топыраққа бекігенше дауылдан, төпелеп құйған жаңбырдан, суықтан қорғайсыз. Солай ғой, ендеше, айналаңыздағы адамдардың «Әй, қайдам! Бұл сенің қолыңнан келмейді», «Көтере алмайтын жүкті беліңе байлап қайтесің?», «Шамаңа қарасайшы» деген секілді сөздерінен үмітіңізді, сеніміңізді қорғау үшін де ойға алған жоспарды алдын ала айтпауды үйреніңіз.

Өзгенің кертартпа сөздерін ғана емес, іштарлықты да жас көшетке зардабын тигізер суық пен дауылға ұқсатуға болады. Ой қазанындағы жоспар кәдімгі жас нәрестенің құрсақта пайда болып дамуына ұқсайды. Ал, ырымшыл қазақ нәресте туылғаннан соң 40 күн басқа адамдарға көрсетпеген. Бұл кезде баланың аурасы әлсіз болады, ауруды қабылдауға бейім. Сол сияқты сіз де әлі пісіп жетілмеген ойдағы жоспарыңыз «шетінеп кетпесін» десеңіз, ол жүзеге асқанша айтпаңыз.

Жалпы, айтуға болмайтын бұл – алтауды бір сөзбен сыр деуге болатын шығар. Үйіңіздегі және жан сарайыңыздағы сырды өзгеге айту – сол адамға қанжар бергенмен бірдей. Біліп қойыңыз, ол қанжармен сізді жаралайды немесе қорғайды. Қалай ойлайсыз, айналаңызда жаныңызды жаралайтын адам көп пе, әлде қорғайтын ба?

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет