Инстаграмға не мақсатпен кіресіз?

0
458
Жалпы, кез келген әлеуметтік желіні дұрыс мақсатта дұрыс қолдана білген жөн болар.

Инстаграмға не мақсатпен кіресіз?

фото: therunet.com

Бұрын жұмыстан немесе үй тірлігінен қолы қалт етсе, біреу ата-анасының, енді біреу құрбысының, көршісінің үйіне бас сұғатын. Қазір ше? Инстаграмдағы әлдебіреудің парақшасына кіреді. Әрине, бос уақытын кім қалай, қайда жұмсайды, ол әркімнің өз еркі. Әйтсе де, инстаграмға не мақсатпен кіретінін, не үшін қолданып жүргенін айқындап алу артық болмас.

Осы орайда мен инстаграмды мақсатсыз қолданушылардың бірі – Сәлима есімді келіншекті мысал еткім келіп отыр. Мен онымен бірге жұмыс істеймін. Ол қолы қалт ете қалса, инстаграм әлеуметтік желісіне үңіліп отырады. Бұрын бірге оқыған сыныптастары мен группаластарының парақшаларын ақтарады.

Сәлима бастапқыда «Мәссаған, күшті арықтапты ғой», «Күйеуі әдемі екен», «Жарайсың құрбым, алты баланың анасы», «О-о, мынау группаласым өзгеріп кетіпті ғой, танымай қалдым» деп сүйсініп отыратын. Шамамен инстаграмның пайда болғанына 6-7 жыл болды-ау деймін. Уақыт өте келе инстаграмға кірген сайын Сәлиманың түрі де, сөз мәнері де өзгере бастады. Агрессивті боп кетті. Қысқаша айтқанда, әркімнің фотосына сүйсініп отыратын Сәлима енді күйініп отыратын болды.

Ол енді «Жұрттың әйелдеріне рахат, күнде кафеден түстенеді. Ал мен ше? Күйеуім жолға ғана ақша береді, енем кешеден қалған тамақты ыдысқа салып таңертең қолыма ұстатып жібереді», «Пәленшені көрдің бе, отбасымен қайда демалғанын? Ал, біз он бес жыл отандассақ та бала-шағамызбен ешқайда қыдырмаппыз» деп өз өміріне көңілі толмайтын болды.

Әсіресе, ол университетте бірге оқыған группаласы – Айзаттың әр салған фотосын назарсыз қалдырмайтын. Сәлиманың сөзінен байқағаным, Айзат екеуі студент кездерінде жақын араласқан, университетті бітірергеннен соң да хабар алысып тұрған. Айзат тұрмысқа шыққаннан соң күйеуінің жұмысына байланысты Астанаға көшіп кетіпті. Ол Сәлиманың тойына келе алмаған, осыдан соң Сәлима ренжіп онымен ара қатынасты үзген.

Айзаттың қазір екі ұлы бар. Күйеуімен бірге Израйльге, Германияға және Кореяға жиі саяхат жасайды. Сондай-ақ, Мәскеуде түскен фотолары да инстаграм парақшасында көп екен. Ал, бұл фотолар Сәлиманың мінезін ғана емес, оның үй ішімен қарым-қатынасын да өзгертіп жіберді.

Сәлима «Ары тартса арба сынатын, бері тартса – өгіз өлетін» жетіспеушілікпен өтіп жатқан өміріне налып отыратынды шығарды. Оған күйеуін кінәлап, жиі ұрысатын болды. Құрбысы секілді қыдыра алмайтынына, ол секілді киіне алмайтынына ата-енемен бірге тұратынын себеп ететін де болды. Үйіндегілердің бәріне ренжіп, онысымен қоймай өмірге де налып отыратын. Тіпті, жұмысқа да қызығушылығы қалмағандай селсоқ жүреді.

Бір күні жұмыстан басшылық ЭКСПО-ға бірнеше маманды жіберді. Оның ішінде мен де, Сәлима да бар. Астанада үш күн болдық. Осы үш күнде Сәлима есейіп қайтқандай болды.

Ол Айзатпен татуласты. Қоңырау шалып, онымен кездесті. Айзат үйіне шақырып, бір күн қонақ етті. Инстаграмнан көріп Сәлиманың қызығып жүргені жалдамалы пәтер екен. «Осы уақытқа дейін баспана сатып алып қояр едік, егер балаларымыз аурушаң болмағанда» деді Айзат. Оның екі баласы да аурушаң. Бір баласы 7 жасқа келсе де сөйлей алмайды, естімейді. Ал, баласының екіншісі аутизммен ауырады.

Айзат екі баласын емдету үшін Израйль мен Германияның клиникаларына да апарыпты. Мәскеу профессорларына да көрсетіпті. Жақсы нәтиже байқалмағанын айтады Айзат. Күйеуі жақсы табыс тапқанымен, табысының көп бөлігі балаларының дәрі-дәрмегіне жұмсалады екен.

Құрбысының үйінде бір күн қонақ болған Сәлима «Күйеуінің табысы жеткілікті болғандықтан, үйде отырмағанда не істейді?!» деп қызығып жүрсем, ауру балаларына қарайды екен ғой. Шетелге саяхаттап емес, балаларын емдету үшін барыпты» деді күрсініп.

Содан кейін Сәлима «Балаларыңның дені сау болса, одан артық бақыт та, байлық та жоқ екен ғой. Шүкір, осы өміріме» дегенді жиі айтатын болды. Инстаграмға да кірмей қойды.

Арада бір жылдай уақыт өтті. Сәлима қазір қайтадан инстаграмнан бас алмайтын болған. Енді жұлдыздардың өміріне қызығатынды, олардың өмірін өзінікімен салыстырып, қолында бардың бағасын білмей түңіліп жүр. Міне, бұл инстаграмды мақсатсыз қолданудың бір нәтижесі.

Жалпы, кез келген әлеуметтік желіні дұрыс мақсатта дұрыс қолдана білген жөн болар. Жүйке жасушаларын, уақытыңыз бен мегабайтыңызды босқа шығындағыңыз келмесе, инстаграмға мақсатсыз кіре бермеңіз.

Ал, сіз ше, инстаграмға не үшін кіресіз? Оны қандай мақсатпен пайдаланып жүрсіз?

Ж.Смағұлова,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет