Кемпiрқосақты көргiң келсе, төпелеп жауған жаңбырға шыда!

0
305
Сіздің «бір кем дүниеңіз» бар ма? Кем дүние бүтінделеді.

Кемпiрқосақты көргiң келсе, төпелеп жауған жаңбырға шыда!

фото: shkolazhizni.ru

Маған жаңбырлы күн ұнайды. Әсіресе, аспанның бір жағында торлаған бұлттан жаңбыр жауып, қарсы жағында күн шығып тұрған кезде көрінетін кемпірқосақты ұнатамын. Табиғаттың бұл ғажайып көрiнiсi «кем бiр дүние» дегендi ұғындыратын сияқты. Ал адам баласы өміріндегі сол бір кемді іздеумен болады. Табады...жоғалтады...табады...

«Кемпiрқосақ» сөзi «кем бiр қосақ» деген сөз тiркесiнен шыққан. Жетi түстi доғадан құралған доғаларды үш қосқа бөлсеңiз, соңғы қостың бiр қосағы кем болып шығады. Сондықтан да «кем бiр қосақ» деп атаған. Міне, адамдар таңырқай қарайтын жаңбырдан соң шығатын түрлi түстi сұлу кемпiрқосақтың өзiнде де бiр кемшiлiк бар. Сол сияқты, төрт құбыласы түгел, ойлағанының бәрi орындалып жатқан адам кем шығар, сiрә?!

Әйткенмен, бір қайғының соңынан қуаныштың, бақытсыздықтан кейін жақсылықтың болатыны анық-ақ. Бұған әрине, тағы да кемпірқосақ дәлел. Аңғарсаңыз, жаңбыр жауардың алдында тұман түседi. Тұманнан соң, жаңбыр, ал төпелеп жауған нөсерде аспан күмбезінде түрлі-түсті доға – кемпірқосақ көрініс береді. «Адам мен Табиғат егiз» деген сөзге бойласақ, Табиғаттың өзi бiзге қайғы-мұңнан соң, жақсы өмiрдiң басталатынын ұқтырып тұрған жоқ па?! Десек те, өміріндегі кемпірқосақты аңғармайтындар бар. Ал, көре білген, сене білген адам міндетті түрде "бір кем дүниесін" таба алады. Бұл орайда мен Шынар есімді келіншектің өмірін мысал еткім келіп отыр.

Шынардың алғашқы некесі қысқа болса да ол жаңбырдан соң кемпірқосақты көретініне сенген еді. Ажырасқанында баласы 1 жаста болатын. Баласы әкесiн жақсы танымайды. Ес кiре бастаған шақта ғана «әкем қайда?» деп сұрайтын болды. Бастапқыда Шынар сөз таппай абдырап қалса, кейін «Әкең шетелге жұмыс iстеуге кетті» деп, алдауды үйрендi.

Құрбыларының баласы түнде ұйқыға жатқызғанда ертегi айтып берудi сұраса, ал Шынардың ұлы әкесi туралы айтуды сұрайтын. «Әкем маған ұқсай ма?», «Әкем не жұмыс iстейдi?», «Менiң әкем қандай адам?» осындай сұрақтары таусылмайтын. Мүмкiн, әке-шешесiнiң ортасында алаңсыз өсiп жатқан балалар ертегi тыңдағанды жақсы көретiн болар, ал жалғызбасты ананың баласы әкесi туралы «ертегiні» тыңдап жатып тәттi ұйқыға батады. Мұндай сәттерде Шынар ұлын аяйтын және оны әкесiз өсiрiп жатқан өзiн жазғыратын. Бiрақ, амал қанша, күйеуi екеуінің ендi қайтып қосылмайтыны анық едi. Ол бұларды ешқашан iздеген емес. Оның өз отбасы бар.

Баласы мектеп жасына толды. 1-сыныпта оқитын бала күнде сыныптастарымен төбелесiп келетiндi шығарды. Балабақшада мұндай қылығы жоқ-тұғын. Шынар ұлын отырғызып қойып, не себептi балалармен төбелесетінiн сұрады. «Балалар сенiң әкең жоқ» дейдi, ал менiң әкем алыста жұмыс iстейдi десем сенбейдi» деп жылап қалды. Ұлын қалай жұбатарын білмеген Шынар оны тек құшақтай берді. Осыдан соң да баласы төбелесуін қоймады. Сынып жетекшiсi Шынарды ата-аналар жиналысына жиі шақыратын болды.

Шынарды ұлының жайы ойландырмай қоймады. Ал, адамның мұңайып жүргенi айналасындағыларға әсер етпей қоймасы белгiлi. Оның жұмыс орнында бiр кабинетте отыратын қызметкерлердiң арасында Серiк есiмдi жiгiт бар. Ол Шынардан 6 жас үлкен болса да, үйленбеген сүрбойдақ. Серiк көңілді жігіт, мейрам сайын кабинеттегi қыз-келiншектерге сыйлық жасап, дастархан жаю әдеті. Оның мәрттiгiн басқа ер-азаматтар «Серiктiң бала-шағасы, әйелi жоқ болған соң, тапқанын мерекелерде көңiл көтеруге жұмсамағанда қайтсiн? Ал, бiздiң ақшамыз бала-шағадан артылмайды» дейтiн әзіл-шыны аралас. Бiрақ та қыз-келiншектердiң есебiнен мейрамханаларда жүретiн бойдақтар да бар. Десе де, Серiк ерекше жан. Ол тiптi, айналасындағылардың бiрiнiң басына қайғы түссе, оны жеңiлдеткiсi кеп, қолынан келгенше көмек көрсетеді.

Серiк Шынардың да жеке өмiрiнде бiр мәселенiң туындағанын аңғармай қалмады. Жұмыстан қайтуға жиналған оған «Шынар, сәл кiдiршi. Үйiңе мен жеткiзiп саламын» дедi. Ыңғайсызданып «жо-жоқ, қоғамдық көлiкпен жетiп аламын» дегенiмен, ол өзiмен бiрге қайтуға көндiрдi. Жолай ол Шынардың мұңына себеп болған сырды суыртпақтады. Қалаға келгелi ешкiм Шынардың басындағы жағдайға мұншалықты алаңдамаған едi. Туған әпкесінiң өзi «Әркiмнiң өз өмірі, өз жеке мәселесi бар. Кiмде уайым-қайғы жоқ дейсiң» деп тыңдамай, сөзiн бөлiп тастай бередi. Ал, жұмыстағы жақын араласатын құрбы келiншек сөз арасында «Басындағы мұңын айтатындарды жақтырмаймын. Отбасымда күнде ұрыс, күнде кикiлжiң боп жатса да мен оны ешкiмге жыр қып айтпаймын» деп отырады. Сондықтан да Шынар ешкiмге ашылып сыр айтпайтын болған. Ал, Серiк қазбалап сұраған соң ба, әлде ер-азаматтың алдындағы әйелдiң әлсiздiгi ме, Шынар баласының әкесi туралы жиi сұрап жүргенiн, мектепте балалармен де сол үшiн төбелесетiнiн айтып берді. Көзiнен ытқыған жасын да тыйып қала алмады.

Серiк бiраз уақыт үнсiз отырды, әбден жылап жеңiлдесiн дегенi болар. Кейiн «Әрине, жалғыз өзiңе баланы бағу ғана емес, оның тәрбиесi де қиын. Бiрақ, бiлiп қой, сен бақыттысың. Өйткені, балаң бар!» дедi. Ары қарай сөзiн жалғап «Алла бұйыртса, алдағы айда 38-ге толамын. Бiрақ, менде не әйел, не бала жоқ. Өзiмдi бақытсыз сезiнем. Бiлесiң бе, мен ендi үйленсем, тек балалы болу үшiн ғана үйленетiн сияқтымын. Өйткенi, жасың ұлғайған сайын әйелiм болса деп емес, балам болса екен, «әке» деп алдымнан жүгiрiп қарсы алса екен деп армандайсың» дедi. Иә, сырттай қарағанда күлiп, көңiлдi жүргендердiң де өз мұңы болады.

Ертеңiне Серiк «Шынар, алдағы демалыста қолың бос па? Балаңды ертiп шық, үшеумiз қыдырайық» деп қолқа салды. Жексенбi күнi Серiк ауладан күтiп алды. Көлiгiнiң алдында тосып тұрған Серiкке жақындағанда Шынардың баласы «Мама, бұл әкем бе?» деп сұрады. Сосын жауабын күтпей-ақ «әке!» деп, жүгiре жөнелдi. Қапсыра құшақтап жiбермей тұрған баланың бұл қылығы Серік пен Шынарды қобалжытты. Ал, бала «Әке, ендi ешқайда кетпейсiз бе?» деді. Ұлына бұл әкесi емес екенiн айтып түсiндiрмек боп «балам» деп ұмтыла бергенiнде, Серiк «Иә-иә, ендi сенiң қасыңда боламын» дедi.

фото: wallhere.com

Күнi бойы кішкентай бала Серiкке сұрақ қоюмен, ал ол жауап берумен болды. Ұлы анасын ұмытып кеткендей, Серiктiң қолынан ұстап алған. Күйеуiнен ажырасқалы осы ұлға бар тәтті мен жақсыны сатып әперіп, тапқанын жұмсағанымен, ол «әкесi» табылған күнi-ақ анасын ұмытқандай.

Сол күнi Серiк бала ұйықтағанша, қасында отырды. Содан соң үйiне қайтты. Таңертең оянған бала «Тағы да менi тастап кетiп қалды ма?» деп бұртиды. Серiк те сезгендей, бұларды аулада көлiгiмен күтiп тұр екен. Баланы мектепке ертiп барғысы келетiнiн айтты. Мектепке жеткенше бала «Әкемдi көрген соң, балалар ендi «әкең жоқ» деп келеке етпейтiн болатын шығар» деп қайталаумен болды. Ал, көлiктен түскен соң Серiктiң қолынан жетектеп, сыныбының есiгiне дейiн ертiп баруға сүйреледi. Ұлының қылығынан ұялса да Шынар оны тоқтата алмады. Өйткенi, Серiкке де бұл ұнап тұрған секiлдi.

Бiрте-бiрте Серiк те балаға бауыр басып қалғандай. Ол жиi келетін болды. Көп ұзамай-ақ, ол Шынарға үйленуге ұсыныс жасады. Шынар да Серікті ұнатып қалған, алайда үйленбеген жігітітң әке-шешесі қарсы болмас па екен? Осы сұрақты көзінен оқып қойғандай-ақ Серік «Ата-анам менiң үйленгенiме қуанбаса, қарсы болмас. Олар менi жалғыз басы состиып, өмiрден өтiп кете ме деп қорқып жүр. Баласы бар келiншекке болса да үйленшi деп отыр» дедi күлiп.

Олар үйлендi. Ата-ене балаға алғашқыда бөтенсiп қараған едi, ал бір жылдан соң олардың көзқарасы өзгерді. Қоңырау шалған сайын ең алдымен Шынардың баласын сұрайды. Ауылға барған сайын «әже», «ата» деп, солардың жанынан бiр елi ұзамайтын баланы кiм жақсы көрмейдi десеңiзшi.

Серiктен құрсақ көтергенде, өз қандарынан жаралған немересi өмiрге келген соң, Шынар тұңғышын бөлектер деп ойлаған. Жоқ, бәрiбiр де үлкен баласының орны олар үшiн ерекше.

...Серік Шынар мен оның баласының бір кемін толықтырса, бұлар Серік пен оның ата-анасының бір кемін толықтырғандай.

Шынар төпелеп жауған жаңбырға шыдай білді және одан соң көрініс берген "кемпірқосақты" көз тастап көре білді.

Кем дүние бүтінделеді. Тек, нөсерден соң төменге қарап жердегi көлшiк суға тыржиып, аяғыңызға шашыраған лай суға ашулана бермей, аспан күмбезiне көз тастап, кемпiрқосақты мүлт жiберiп алмауды ойлаңыз. Ал, жоғары қарамаған, тек төмендегiнi көредi.

Ал, сіздің «бір кем дүниеңіз» бар ма?..

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет