ҚИЫНДЫҚҚА тап болғанда ҚУАНУ керек, себебі...

0
787

Қиындық – бұл сіздің қателіктеріңіздің жазасы емес, керісінше, бұл тағдырдың сыйы! Иә-иә, сенбесеңіз, оқыңыз!


ҚИЫНДЫҚҚА тап болғанда ҚУАНУ керек, себебі...

Кейбіреулер күз айларын көңілсіздікті арттырып, қиындықты қат-қабат етіп жіберетін мезгіл деп санайды. Мүмкін солай болар, мүмкін бұл қате пікір. Дегенмен, бүгіннен бастап, «Бұл қиындық қай жазама берілді?», «Қиындық қашан таусылар екен?» деп түңілуді доғарыңыз. Керісінше, алдыңыздан қиындық шықса – қуаныңыз! Өйткені...


ӨЙТКЕНІ...

  • қиындық – өміріңізді өзгертуге берілген мүмкіндік
  • қиындықтар – өзіңізді өзгертуге берілген тегін даму сабақтары
  • қиындықтар – болашақтағы қауіпсіздігіңіз үшін қажет.
  • сіз қиындық деп санаған нәрсе, жағдай – шындығында тағдырдың сыйы.


ҚИЫНДЫҚ – ТАҒДЫРДЫҢ СЫЙЫ

Жалпыға ұғынықты, ең қарапайым мысал келтірейінші. Итжерік боп, тамақ ішкен сайын лоқсып қиналған келіншектердің «Бұл азаптан қашан құтыламын?» дегенін естігенсіз бе? Ал, «Толғақ кезіндегі қиналғанымды айтып түсіндіре алмаймын...» дегенді ше? Әрине, адамнан адам шығу оңай ма? Бірақ та, біле тұра сіздің де жүкті болғыңыз келеді. Неге?

Өйткені, балалы болу үшін бұл қиындықтардан өту міндетті екенін білесіз. Жүктілік кезеңіндегі, босану сәтіндегі қиындықтар қинаса да бастан өткізуге дайынсыз. Себебі, бұндай қиындықтардан өтпейінше балалы болу, ана атану бақытына жету де мүмкін еместігін түсінесіз. Білгендіктен, түсінгендіктен, «Жеті ай қалды, алты ай қалды... енді тағы үш ай шыдасам болды» деп сабырлы боласыз.

Осы секілді барлық қиындық уақытша. Тек біреуі жеңіл, екіншісі ауыр, үшіншісі күрделі болуы мүмкін, бірақ ешқайсысы мәңгілік емес. Тоғыз ай секілді әр қиындықтың белгілі бір мерзімі бар. Шыдаммен, ақылмен кез келген қиындықты өткеруге, өтуге тырысыңыз.


КЕҢЕС: Басыңызға қиындық түссе, оның уақытша екеніне сенсеңіз, ол жеңілдей түседі. Бірақ, ешқашан қиындықтан қашуды ойламаңыз. Өйткені, қызметте сатылап өсу секілді өмірде де әр кезеңге өту үшін және қалауыңызға ие болу үшін, жолыңызда кездескен барлық қиындықтан өтуіңіз қажет.


ҚИЫНДЫҚТАР – ТЕГІН ДАМУ САБАҚТАРЫ

Өміріңізді өзгерткіңіз келсе – алдымен, өзіңізді өзгертіңіз дейді психологиялық, мотивациялық кітаптар. Яғни, мінезіңізді, әдеттеріңізді, өмір сүру салтын, қарым-қатынасыңызды, ойыңыз бен сөзіңізді, түсінік пайымыңызды өзгертуіңіз керек.

Өзгеремін, өзгертемін деп, апта сайын бір кітап оқып, ай сайын бір психологиялық тренинг сабаққа қатысып, коуч пен тренерлердің ақыл-кеңесін орындап жатқандар көп. Дұрыс-ақ! Бірақ олардың арасында «Қаншама қаржыны шашып не үшін оны оқығанмын, бекерге уақыт жоғалтыппын» дейтіндері де аз болмайды. Осы орайда, өмірдегі миссияңызды адаспай табу және арманыңызға иелік ету үшін қиындықтарыңыз дайын карта екенін айтқым келеді.


Өміріңіздегі кедергі мен қиындықтан артық ұстаз да, одан артық пайдалы сабақ та жоқ. Есте ұстаңыз, өмір сізге не керек екенін, қай мінезіңізді өзгертіп, қай қасиетіңізді шындау қажеттігін жақсы біледі. Және тұлғалық дамуыңызға себепші болатын жағдайларды туғызып отырады.


Егер, сізден елге танымал, мықты психотерапевт шығатын болса, онда өмір жолыңызда алаяқ, қу, екіжүзді адамдар көп кездеседі. Алдану, жылау, айырылысу, сатқындық, сүйгеніңіздің тастап кетуі сияқты жағдайларға жиі тап боласыз.


Адам жанын түсіну үшін, адамтану үшін өмірдің бұл сабақтары сізге әдейі жіберіледі. Дәл сол сияқты, мықты кәсіпкер болғыңыз келсе, қаржылық қиындықтарды көп кездестіресіз. Бұл сынақтардан өткенде ғана сіз рухани, кәсіби өсесіз, дамисыз.

Бір қиындық сізді психологиялық тұрғыда дамытса, енді бір қиындық арқылы сіз заңгерлік біліміңізді жетілдіресіз. Тағы бір қиындық сізді адам тануға үйретеді. Келесісі керемет идея туғызады. Мұның бәрі сіз үшін, сіздің жан-жақты дамуыңыз бен қалауыңыздағы керемет өмірге лайықты тұлға боп қалыптасуыңыз үшін жіберіліп жатқан сабақтар. Сондықтан, қайғырмаңыз, қуаныңыз!

Адам көп кітап оқығаннан емес, сынақ пен қиындықтарды бастан өткізіп сезіну арқылы, олармен күресу арқылы жетіледі, дамиды. Мысалы, сұлу сымбатқа жету үшін күнде таңертең жүгіресіз, тәтті тағамдардан тыйыласыз, фитнесзалда екі-үш сағат жаттығасыз, қиналасыз, терлейсіз, денеңіз ауырады. Ал, рухани мықты болу үшін адам сатқындықты, жақынынан айырылуды, жоғалтуды, таңдануды, өкінішті, ренішті, кешіре білуді, кешірім сұрауды бәрі-бәрін бастан өткізуі керек. Бұның бәрін сіздің рухыңызды, ерік-жігеріңізді шынықтыруға арналған «жаттығулар» деп қабылдаңыз.


КЕҢЕС: Неғұрлым қиындық күрделі әрі ауыр болса, сіздің рухыңыз да жылдам келесі сатыға көтеріледі. Тән өледі, ал рух (жан) өлмейді. Сондықтан, өміріңіздің соңына дейін рухани дамуды тоқтатпаңыз, қиындықтардан қорықпаңыз, қашпаңыз. Сонымен қатар, ол арқылы өмір-ұстаз сізге нені үйреткісі келіп жатқанын түсініп, қорытынды шығарып үйреніңіз. Әйтпесе, бір-біріне ұқсас қиындықтар қайталана береді.


ҰҚСАС ҚИЫНДЫҚТАР НЕГЕ ҚАЙТАЛАНА БЕРЕДІ?

Жеке басыңыздағы, отбасыңыз бен жұмысыңыздағы қиындықтар сізге берілген тегін әрі ең пайдалы даму сабақтары дедік. Мектептегі, жоғары оқу орнындағы сабақтар секілді, өмірдің сабақтарынан соң да емтихан тапсыратыныңызды ұмытпаңыз.

Мысалы, біреудің сөзін екінші адамға жеткізу арқылы талай рет «таяқ жедіңіз» дейік. Сабақ аларлық жағдайлар болды. Олай болса, әлдебіреудің өмірін талқыламақ болып жатқанда немесе өсек айтқыңыз келіп кетсе, сәл кідіріп ойланыңыз. Бұл өмірдің тест емтиханы, сүрінбеңіз. Егер, тестен аз балл жинасаңыз, келесі сыныпқа өтпей, қайтадан бұрынғы сабақтарды қайталап өтесіз.

Ұқсас қиындықтардың, проблемалардың неліктен қайталанатынын түсіндіңіз бе? Тағы да түсіндіріп көрейін. Мысалы, бақытыңыздың баянды болуы үшін сізге кешірімді болу жетіспейтін болса, осыны үйрететін түрлі сынақ пен қиындықтар беріледі. Кешіруді, кек сақтамауды үйренбейінше, бұрынғы қиындықтарға ұқсас кедергілерге кезіге бересіз. Яғни, нашар оқушысыз, сыныптан-сыныпқа көшпейсіз.

Өмір сабақтарын дұрыс түсініп, сынақтардан сүрінбей өткеніңізден соң мұндай жағымсыз жағдайлар да тыйылады.


ҚИЫНДЫҚТАН САБАҚ АЛМАЙЫНША ҚАЛАУЫҢЫЗҒА ДА ИЕ БОЛА АЛМАЙСЫЗ

Өмір сабақтарынан қашпай оқып, емтихан мен сынақтардан құламай тапсырғаныңызда ғана қалауыңызға ие боласыз.


МЫСАЛ: Жайна бір үйдің жалғыз қызы. Ол өзімшіл және мейірімсіздеу боп өсті. Бойжетіп тұрмысқа шықты. Бірақ, жеті жыл бойы бала сүйе алмады. Ажырасты. Екінші күйеуімен төрт жыл тұрды. Онымен де ортада бала болмағандықтан ажырасты. Жасы 40-тан асқанда әпкелері «Қартайғанда жалғыз қалмақпысың» деп ұрсып жүріп, әйелі қайтыс болған, төрт баласы бар Асқармен таныстырып, екеуінің басын қосты. Балалы болудан үмітін үзген Жайна тағдырына көндікті. Анасыз қалған төрт балаға бар мейір-махаббатын төгіп, оларды өз балаларындай көрді. Бір жылдан соң Жайна жүкті екенін байқады. Өмірге сәби әкелді...

Өзімшіл боп өскен Жайнадан өмір-ұстаз мейірімділікті қажет етті. Мейірімділікті үйренсін деп оның етегіне бала бермей сынады. Ол қиындықтың не үшін берілгенін ұғып, айналасындағы адамдарға мейірімділік танытқанда ертерек сәбилі болар еді. Ол шынымен мейірімді болуды үйренгеннен соң ғана өмір оны қалауына ие етті.


Осы орайда, қиындықтардың сіздің қауіпсіздігіңіз үшін берілетінін де айтқым келеді. Мысалы, көлік жүргізу үшін сізге куәлік қажет. Ал, жүргізу куәлігін алу үшін арнайы емтихан тапсырасыз. Емтиханнан өту үшін, жол қозғалысы ережелерін жаттайсыз, көлік жүргізуді үйренесіз. Ал, енді айтыңызшы: бұл емтиханды сізді қинау үшін ала ма? Жоқ, жеке өзіңіз рульге отырғанда жол апатына ұшырамау үшін, яғни сіздің қауіпсіздігіңіз үшін емтихан алынады. Өмір-ұстаздың сынақтары да сіздің болашағыңыз үшін.

Осы мысалдардан ой түйіп, өз мәселелеріңіз бен басыңыздағы қиындықтарыңызға терең бойлап қарайтын болсаңыз, қайткенде қалауыңызға жететініңізді оңай таба аласыз.

Иә-иә, қиындықтар мен кедергілердің қыр-сырын түсінген адам алдынан қиындық шыққанда тек қуанады. Өйткені, ол қалай қарай қадам жасауды, қай саланы қолға алуды, қай мінезді түзеу керектігін, проблемадан қалай құтылуды «қиындықтарға» қарап-ақ біле алады.


Мүмкіндік бір-ақ рет беріледі дегендерге сенбеңіз, өмір ғана бір-ақ рет беріледі. Ал, әрбір қиындық өміріңізді, өзіңізді өзгертуге берілген мүмкіндіктер. Мүмкіндікті пайдалана біліңіз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)

Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:


Басқа қиын іс түскенде не істеу керек?


Ата-анаңыздың қай қателігін қайталағыңыз келмейді?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет