Күнде 5 алғыс жазған адамның өмірінде КЕРЕМЕТ ӨЗГЕРІС болады

0
2 088

11-қаңтар – халықаралық «рахмет» күні. Осы күннен бастап үш ай бойы «Алғыс күнделігін» жазсаңыз нәтижесіне таң қаласыз. НЕГЕ?


Күнде 5 алғыс жазған адамның өмірінде  КЕРЕМЕТ ӨЗГЕРІС болады

Терлеп еңбек етпей-ақ өмірді өзгертудің жолын іздеп жүрсеңіз, бұл жазба сізге арналады. Расында да, бұндай тәсіл бар. Қарапайым әрі оңай.


Ол қандай тәсіл? Тағдырға алғыс айту. Жай ғана алғыс айту қалай өміріме өзгеріс әкеледі деп ойлап жатпай-ақ, бүгіннен бастап алғыс айта беріңіз, көп ұзамай нәтижесін көресіз. Әрине, тағдырға алғыс айтуды кішкентай заттарға айтудан бастаған жөн.



НЕ ҮШІН АЛҒЫС АЙТУ КЕРЕК?

«Тауқыметі көп тағдырымның қай жақсылығы үшін алғыс айтуым керек?», «Өмірім өкінішті, тұрмысым жадау, таусылмайтын проблемадан көз ашпай келемін, мен сонда не үшін, қалай алғыс айтамын?» деген сұрақтарға жауап іздеудің қажеті жоқ. Алғыс айтуға себеп те іздемеңіз. Тек жазып бастаңызшы.

Былай етіңіз:

Бір қойын дәптер сатып алып, сыртына «Алғыс күнделігі» деп жазыңыз. Күнде 5 алғыс жазуды күн тәртібіне енгізіңіз. Алдымен:

  • тұрып жатқан баспанаңызға
  • қолданып жүрген заттарыңызға
  • оны екі мүшеңізге
  • әрбір жұтқан ауаға
  • ішкен суға
  • атқан таңға
  • нан тауып жүрген жұмысыңызға...

алғыс жазыңыз. Заттарға ризашылық білдірген адам бірте-бірте адамдарға алғыс айтуды үйренеді. Ал бастап жібергеніңізді өзіңіз аңғармай да қаласыз.

Мейлі, жалақыңыз аз болса да жұмысыңызға алғыс білдіріңіз, бастығыңыз, жарыңыз, көршіңіз нашар адам болса да олардың бар болғаны үшін алғыс деңіз. Ата-анаңызды көрмесеңіз де, олар әлдеқашан бақилық боп кетсе де, өмірге келуіңізге себепші болғаны үшін ризашылығыңызды айтып алғыс жазыңыз. Міне, осылай алғыс айтудың келесі сатысына автоматты түрде көтерілесіз. Хадистердің бірінде: «Адамға алғыс айта алмаған, Аллаға да алғыс айта алмайды», - делінген. Сіз енді ғаламға, Жаратушыға, тағдырға алғыс айтатын боласыз.

Күнде бес түрлі алғыс жазу керек. Нәтижесін күтпей-ақ жаза беріңіз. Ал нәтижесі қандай?

Үш ай нәтижесіне алаңдамай, себеп-салдар іздемей күнде бес алғыс жазуға машықтанғаннан кейін жұмысыңыз бен жеке өміріңізде, отбасыңызда оң өзгерістер орын ала бастайды. Мысалы, қатал бастығыңыз жұмсарады, жалақыңыз өседі немесе қызметте жоғарылайсыз, адамдармен қарым-қатынасыңыз жақсарып бұрынғыдай болмашыға ренжіп өкпелемейтін боласыз, жарыңыз бен ұл-қыздарыңыздың мінездері түзеле бастайды, қолыңыз жетпей жүрген заттарға ие болудың мүмкіндіктері көріне бастайды...



ӨЙТКЕНІ...

Өйткені сіз өмірдің балансы мен қуат алмасудағы бұзылыстардың орнын толтырдыңыз. Иә, алғыс айту арқылы қуат алмасуды реттедіңіз. Алғыс – қуат. Сондықтан да дана қазақ «қарғыс алма, алғыс ал», «Алғыспен ел көгереді» деген.

Өмірдің айнымас өз заңдары бар. Адам не нәрсені де «бергеннен» гөрі көп «алып» қойса, онда өмірдің баланс заңы бұзылады. Сіз «бермегеннен» соң, баланс заңы бойынша тағдыр біртіндеп сізден қуат (ақша, уақыт, денсаулық, қуаныш, дүние т.б.) ала бастайды.


МЫСАЛ: Сіз үйіңізге қонақ келгенде құрбыңызды көмекке шақырдыңыз делік. Немесе басыңызға бір қиындық түскенде анаңыздан, әпкеңізден, досыңыздан кеңес сұрадыңыз. Олар сізге уақытын арнап білгендерін айтты, жұбатты. Ал, бір күні бұрынғы қонақ келгенде жәрдемдескен құрбыңыз «Тойға киетін көйлек таңдасуға көмектесші» деп сізді киім аралауға дүкенге шақырды. Кішкентай балаңыздың ауырып қалғанын айтып бара алмадыңыз. Сізге уақыт арнағандарға сіз уақытыңызды бөлмедіңіз бе, онда сіз уақыт қарыз болдыңыз. Егер сізге уақыт арнаған адамға сол кезде алғыс ретінде сыйлық тарту еткеніңізде қарыз болмас едіңіз.


Бұл баланс заңының бұзылуының қарапайым бір ғана мысалы. Ал кімнің қашан алтын уақытын алғаныңызды, кімге опасыздық, сатқандық жасағаныңызды, жақсылық жасаған адамның сыртынан ғайбат айтқаныңызды санамалап отырғанша, «Алғыс күнделігін» арнап, күнде 5 алғыс жаза берген дұрыс-ақ.

Банктердегі, адамдардағы қарыздарыңыздан құтылғанша жалақыңыздан ақша артылмайды емес пе? Ал, банктегі кредитіңізден құтылу үшін бір жыл, екі жыл уақыт қажет. Содан соң ғана қалтаңызда артық ақша қалып, оны жинауға мүмкіндік туады. Сол сияқты бір ай алғыс жазып, нәтижесі неге болмай жатыр деп асықпаңыз. Нәтижесі байқалмай жатса, онда әлі «қарыздарыңыздың» жабылмағаны деп біліңіз. Ал, баланстық қуат алмасу реттелген соң, оң өзгерістер орын алып, өміріңізде ақ жолаққа өтесіз.

Баланс заңын былай түсіндірген дұрыс шығар. Тыныс алғанда ауа жұту үшін алдымен ішіңіздегі ауаны сыртқа шығарасыз. Сосын ғана ауа жұта аласыз. Осылай ауаны қабылдау мен сыртқа шығару арқылы сіз өмір сүріп жатырсыз. Ал, іштегі ауаны шығармай, үздіксіз сырттан ауаны жұта беріңізші, не болады? Мүмкін емес.

Міне, «Алғыс күнделігі» сіз жұта беріп жолы бөгеліп қалған, бір орында тұрып қалған қуаттың жолын тазалап, оны іске қосады.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Тіршілік басы – қозғалыс» демеп пе еді? Ал өміріңіз орнынан қозғалып, өзгеріс орын алудың қарпайым әрі оңай жолы – алғыс.



ЕСТЕ ҰСТАР ЕРЕЖЕ

  1. «Алғыс күнделігін» компьютермен емес, қаламсаппен қолмен жазу керек. «Тағдырың өз қолыңда» деген сөздің бір мәні осында жатыр. Қолмен істеген жақсылығыңыздың қайтарымын міндетті түрде көресің дейді өмірлік тәжірибесі мол адамдар. Сол сияқты, алғыс жазу да – қолмен жасайтын жақсы амалдардың біріне жатады. Сонымен қатар қолдың өз қуаты болады. Бұл өміріңіздегі қуат алмасуды жылдамдата түседі.


2. Құранның Ибраһим сүресінің 7-аятында «Раббың былай бұйырады: Ант етеміз, егер шүкір етсеңдер расында сендерге нығметтерімді еселеймін және де ант етеміз, көз жұма қарасаңдар, шүбәсіз, менің азабым өте ауыр», - дейді. Ал Құранның Лұқман сүресінде: «Ей, құлым! Маған шүкір ет, ата-анаңа алғыс айт. Маған қайта ораласыңдар! Мен сендерді жауапқа тартам. Маған деген шүкірлерің мен адамдарға деген алғыстарың үшін сендерді сыйға бөлеймін» деп Алла Тағала құлдарына үкім еткен. Олай болса, күнде жазар бес алғыстың біреуін Жаратушыға, екіншісін ата-анаңызға арнап жазыңыз. Қалған үш алғысты жазу үшін күнделікті жағдайлар мен оқиғалар арасынан жағымдысын, кішкентай жеңіс болса да іздеңіз.


Міне осылай, «Алғыс күнделігін» үш айы бойы жазуға дағдыланған адам, күнделікті өмірінен жағымсыз жайларды емес тек жағымды, сәтті жағдайларды іздейтін болады. Күнде өмірінен тек жақсы жайды көре білген адамның түпсанасында жаңа әрі жақсы бағдарлама орнайды.

Осылай оның сыртқы әлемге көзқарасы өзгеру арқылы ішкі әлемінде өзгеріс болады. Ары қарай дағды механизмі жұмыс істеп, өміріңізде жақсы жағдайлар бірінен соң бірі орын ала бастағанына куә боласыз.

Айта берсек, алғыстың өмірдегі баланс заңын, қуат алмасуды реттеуде, ми нейрондарын оятуда, Жоғары күштен қуат алуға, өміріңіздің кей тұстарына коррекция жасап, кей тұсына уақыт пен күш жұмсап өзгертуге әсері мол.

Дұрысы, «Алғыс айтудың» ғажайыбына өзіңіз көз жеткізіп таңдансаңызшы. Қиын емес қой. Үш ай күнде кешке күнделікке бес алғыс жазасыз, бар болғаны осы ғана!


Сонымен, «ертең» демей, дәл қазір-ақ осы жазбаның астына комментарийге алғысыңыз шексіз бес адамды белгілеп, бес алғыс жазыңыз.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


2020 жылы бақытты болудың 7 СЫРЫ

Сіз қандай келінсіз, ал келініңіз қандай?
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет