​Миыңыз «ашып» кеткенде көмектесетін 7 әдіс

0
2 691

Адамның миы неге «ашып» кетеді? Тұрмыстың таусылмас күйбеңінен бе әлде мойынға жауапкершілікті молынан ала бергеннен бе? Меніңше, екіншісі.


​Миыңыз «ашып» кеткенде көмектесетін 7 әдіс

«Миым ашып кетті...» Көп қолданылатын сөз тіркесі. Бірақ жаны бар сөз. Ашыған нәрсенің сыртқа тасып төгілетіні немесе қызып кететіні белгілі. Ми да солай. Ақпараттар ағымына шыдас бере алмағанда бас қауашағыңдағы сұрғылт сұйық зат сыртқа шыққысы келгендей төбеңді тесіп жібере жаздап тесік іздейді. Ақырында ыстығы құлағыңнан шыққанын сезгендейсің.

Аса ұзақ ғұмырды сүріп тастамасам да, біраз жыл деп айтуға болады. Бала кезімде мен де ересектерден «ми ашып кетті» дегенді естіп таңданатынмын. «Ми ашумен» ересектердің «табалдырығын аттағанда» кездесіп, «танысудың» сәті түсті (бұдан ешкім қашып құтыла алмаса керек).


Түсінгенім, мұндайда адам өзіне "STOP!" дей алуы керек екен. Ең болмағанда, бір күнге! Соның өзі жеткілікті.


Ми неге «ашиды»?

Мәселенің тоқетерінен бастар болсақ, алдымен себебіне тоқталу - заңдылық.

Мидың «қайнап» кетуінің себебі – бір емес бірнеше мәселенің топырлап келіп шешімін күтуі. Әсіресе, бүгінгінің тілімен айтқанда, дэдлайн кезінде. Яғни, мәселенің шешілуі немесе жұмыстың орындалуы тиіс уақыттың тақа таянған сәтінде ми расында «қайнайды». Қайнағаны сондай, енді болмаса істен шығып қалатындай көрінеді.

Ойлағаның жоспарлаған уақытта іске аспай, сенген адамың немесе кезінде талай шаруасын тындырып берген таныстарыңды таппай қалғанда бүткіл мәселемен айдалағы аралда бір өзің қалып кеткендей күй кешесің.

Мидың тарапынан ол да дұрыс. Себебі, көптеген мәселенің жауапкершігілін арқалап алған өзіміз де кінәліміз. Мысалы, асқазанға үсті-үстінен тамақ түсе берсе, керіліп қорыта алмай қиналып кетеді емес пе? Ондайда асқазан не істейді? Өз жұмысын орындай алмай қорытылмаған күйде не ары, не бері жібереді. Одан бірнеше ішкі ағза зардап шегіп, салдыранан ауру тауып алуыңыз ғажап емес.

Ми да солай. Жүйкеге салмақ түскен соң қан қысымын көтеріп, ең соңында ойлауға шамасы келмей қалады. Ол «миға» сосын не айтсаң да бәрібір. Қабылдамайды. Бұрын қабылдағанының өзін ұмытып қалады немесе бірді-бірге шатастырып, быт-шытын шығарады. Меніңше, «ашыған» деген осы.


Ми «ашығанда» не істеу керек?

Жеке өзім мұндай сәтпен бірнеше рет таныстым, бірге болдым дедім ғой. Басында шығар жол таппай қиналушы едім. (Өзіме де обал жоқ, туыстың, жұмыстың, тамыр мен таныстың проблемаларына жүгіріп барып кіріп кетем ғой, өзімдікі оңып тұрғандай. Отбасы, бала-шаға, күйеу деген тағы бар. Олардың әрқайсысы бір-бір еншілес мекеме секілді.)

Бір-екі рет миың «қайнаса», үшіншісінде есебі де, жолы да табылады екен. Мен де бір рет шешімін тауып, содан кейінгісінде осы әдісті қолданатын болдым.


1. Әйел емеспін бе, асүйге кіріп кетем...

Иә, миымда сан түрлі сұрақ, мың түрлі сауал пайда болып қайнай бастағанда, қолды бір сілтеп асүйге қойып кететін болдым. Жуамын, тазалаймын, реттеймін. Соңында дәмді бір ас әзірлеп шығамын.

Асүй деген әйел үшін «жан сақтау» бөлімі ғой үйде. Мидың қайнауы максималды сызықтан сәл төмен түседі.


2. Сөмке де көмектеседі

Әйелдің сөмкесінің ішінде адамның басқасының бәрі болады. Басқаныкін қайдам, менікі солай. Дәу сөмке ұстағанға құмар басым «керек болады» деп сала берсем керек. Отыра қалып ақтарып тастап «ағын - аққа, көгін - көкке» деп реттеп шығамын. Рахаттанып қаламын.


3. Содан соң киім салатын шкаф...

Киілетінін алып, киілмейтінін киетіндерге таратқан соң, жарамайтындарын аламын да өртеп жіберемін. (Киімді қоқысқа тастамайды, өртеп жіберген дұрыс дегенді естіп алғанмын.) Шкаф артық заттан босаған сайын менің де миымның ашуы басылғандай болады.

Кезек сөредегі дәрі-дәрмек, оны-мұны салған қораптарға келеді. Жарамайтыны – қоқысқа, керегі жаңа қораптарға ораналасып, реттеліп қалғанда менің де миым жаймен қалпына келе бастайды.


4. Үй тазалау арқылы миды «тазалау»

Өзі осылай ретімен келе береді. Бәрін ақтарып болған соң үйдің шашылатыны белгілі. Енді білекті түре күрделі тазалық жасау керек. Оны да жасап тастаймын. Басқа ештеңе ойламауға тырысып, назарымды да ештеңеге аудармаймын.

Үй тазарып, гүлдердің түбі қопсытылғанда жаным жай таба түседі. Бірақ әлі де бірдеңе істеу керек.


5. Монша немесе ванна

Әдеттегі жағдай секілді көрінгенмен мұндай сәттегі монша немесе ваннаның әсері өзгеше болады. Төбеңнен төмен қарай су құйған сайын шектен асып кеткен «қызу» бәсеңсіп, табан астындағы аққан сумен кетіп жатқандай әсерде боласың. Ал шыққан сәтте кеудені кере бір тыныстасаң, тіптен тамаша!


6. Телефонды тазалау

Ас пісіп тұр, үй тап-таза. Бәрі ретімен орын-орнына жайғасқан. Дәмді аспен күрең шайды терлеп-тепшіп ішіп алған соң бүгіннің басты кейіпкеріне айналған смартфонды қолға алу керек.

Ішінде кім, не жоқ десейші?! Ананың-мынаның жіберген суреттері, бір кезде қызық болған видео және т.б. Қайсысы керек, қайсысы керек емес?!

Сыыпырып-сиырып бәрін өшіріп тастаймын. Керек болса, ондай суреттердің интернетте мыңы бар. Жүктеп алу қиын емес.

Ендігісі – ең маңыздысы. Толып кеткен, танитын-танымайтын адамдардың телефон нөмірлері. Хабарламалар... Бәрін тазартып шығу керек екен. Артығының керегі жоқ. Қажет еткен адам сізді өзі-ақ іздеп тауып алады.


7. Болатыны – болады, болмайтыны – жүз қайнасаң да іске аспайды

Иә, «құдайсыз қурай сынбайдының» осындайда өте орынды екеніне тағы бір көз жеткізесің. Мың рет арпалыссаң да Жаратушы сәтін салмаса, ол орындалмайды. Сондықтан орынсыз күйгелектенудің, жүйке жұқартудың түкке қажеті жоқ екен.

Ендеше, іске аспаған істің, шешімін таппаған мәселенің тізімін жасап, уақыттың еншісіне қалдырған дұрыс. «Шамаң жеткенше жаса да, қалғанын құдайға тапсыр» деген екен. Құп айтылған.


Иә, бұл менің өз өмірімнен қалыптасқан тәжірибем, сабағым. Миым «ашып, қайнай» бастаса, осы ретпен қолданамын. Бар-жоғы бір күнім кетеді. Нәтижесінде, ертеңіне миымдағы қоқысты біреу келіп сыпырып-тазалап кеткендей тынығып қаламын. Қауашағымның сөрелеріндегі «папкалар» реттеліп, шаруамды неден бастайтыным айқындалып тұрады.

Қажетіңізге жаратып жатсаңыз, қуанып қалды деп біліңіз.

Қырмызы Сауран,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:

5 ҚАТЕНІ жөндесеңіз, айтқаныңыздың БӘРІ орындалады

"Өшейін" деп тұрған ЕРКЕКТІ өсіріп отырған ӘЙЕЛДІҢ сыры неде?

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет