​Өмір сүру сіз ойлағандай қиын емес (видео)

0
1 672

Проблемадан құтылудың бір жолын Лао-цзы былай түсіндіреді: «Оқиға қалай толығымен қуат алып қалыптасса, қаншалықты мүмкін болса, соншалықты кейін шегініңіз. Назар аударып, оқиғаның табиғи жолмен жасалуына мүмкіндік беріп, уақыттың көп бөлігінде кейін шегініп, лидер, оқиға қалай қанағаттанарлық шешімге келетінін көреді. Көп істеп жібермеңіз. Жəрдем беруге тым дайын бола бермеңіз».


​Өмір сүру сіз ойлағандай қиын емес (видео)

фото: loveopium.ru

Құрбым телефонда біреумен ұзақ сөйлесті. Тұтқаны қойған соң «Өмір сүру неге қиын боп кетті?» деді. Менен емес, өзінен-өзі сұрады...

Өмірдің өз заңдылықтары бар, меніңше, оны білген адамның аузынан «қиын» деген сөз шықпайды. Бұл орайда мен «өмірді қиын» деп жүргендерге Лао-цзының кітаптарын, оның ішінде «Дао дэ цзин», «Дао да чинг»-ті оқуға кеңес беремін. Лао-цзының кітаптарында проблеманы пайда болмай тұрып «көруге» үйретеді. Мәселен, «Майыспайтын қатты ағаш майысқақ бұтақтардан басталады. Үлкен құрылыс күректей жерден басталады. Мың шақырымдық жол бірінші қадамнан басталады». Ал, проблемадан құтылудың бір жолын Лао-цзы былай түсіндіреді: «Оқиға қалай толығымен қуат алып қалыптасса, қаншалықты мүмкін болса, соншалықты кейін шегініңіз. Назар аударып, оқиғаның табиғи жолмен жасалуына мүмкіндік беріп, уақыттың көп бөлігінде кейін шегініп, лидер, оқиға қалай қанағаттанарлық шешімге келетінін көреді.Көп істеп жібермеңіз. Жəрдем беруге тым дайын бола бермеңіз».

Лао-цзының кітаптарын интернеттен табу қиын емес. Тіпті, кейбір жазбаларының қазақша аудармасы да бар. Мысалы, «Лидердің даосы» деп аталатын кітабын жазушы-ғалым Мырзагелді Кемел қазақ тіліне аударған. Кітаптан үзінді келтіре кетейін.

* Бір нəрсені сығу керек болса, оны алдын ала кеңітіп алу керек. Бір нəрсені əлсірету үшін, оны əуелі мықтау керек. Бір нəрсені жою үшін, оның гүлденуіне жол беру керек. Бір нəрсені біреуден тартып алу үшін, əуелі оған беру керек.

* Қиындықты жеңу жеңіл істерден басталады, ұлы істерді атқару аздан басталады, өйткені бұл əлемде қиын істер жеңілден құралады, ұлы нəрсе – аздан басталады. Сондықтан жетілген дана ұлы істен бастамайды, сонда да ұлы іс атқарады.

* Жек көруге мейіріммен жауап беру керек. Иә, сонда жеңесіз!

* Кім көп уəде берсе сенімге ие бола алмайды. Қай жерде жеңіл істер көп болса, сол жерде ауыр істер де көп. Сондықтан жетілген дана қай іске болсын қиын іске қарағандай қарайды, сондықтан ол қиындық көрмейді.

* Егер біреу сізбен күрескісі келсе, партизандар командирінің стратегиясын қараңыз: ешуақытта ұрыс іздемеңіз. Егер ол бастала қалса, жол беріңіз, кейінге шегініңіз. Өзіңнен өзің аттап өткеннен кейінге шегінген анағұрлым жақсы.

* Шабуылды бастаған адам онша жинақылана алмайды, сөйтіп, жеңіл лақтырып тасталады. Осыған қарамастан кез келген шабуылдаушыға құрметпен қараңыз. Қай жағдайда болсын, саналырақ күш ұтады.

* Адам дүниеге келгенде нəзік жəне əлсіз, ал өлім келіп жеткенде қатты жəне мықты болады. Барлық жəндік пен өсімдік туылғанда нəзік жəне əлсіз, ал өлгенде құрғақ жəне шірік болады. Қатты мен мықты – бұлар өліп бара жатқандар, ал нəзік пен əлсіз – өмір сүруді бастап жатқандар. Сондықтан құдіретті əскер жеңе алмайды, қатты ағаш өледі.

* Су – əлемдегі ең жұмсақ жəне ең əлсіз нəрсе, бірақ қатты мен мықтыны жеңуде ол жеңілмейді жəне жер бетінде оның теңдесі жоқ. Əлсіздер əлдіні жеңеді, жұмсақ қаттыны жеңеді. Мұны барлығы біледі, бірақ адамдар мұны жүзеге асыра алмайды...

Осы секілді қандай жағдайда қалай дұрыс шешім қабылдап, қалай ойлау керектігін, қиындықсыз өмір сүруді үйрететін Лао-цзы кітаптарын оқыған адам «өмір сабақтарынан» жаман баға аламайды деп ойлаймын.

Мен дана ойшылдың «жұмсақ қаттыны, әлсіз мықтыны жеңеді» дегенін ұстанамын. Өмірдің кейбір жағдайларында көбіне жұмсақ әрі әлсіз болуға тырысамын.

Лао-цзы атам «Білген адам айтпайды. Айтқан адам білмейді» дейді. Сондықтан да көп «айта» бермей, «өмір қиын» деп ойлайтындарға 1-2 минуттық ғана мына бір видеоны көріңіз демекпін. Сонда әркім өз өмірін өзі қиындатып жүргенін ұғар. Бұл менің ең жақсы көретін мультфильмдерімнің бірі.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

ERNUR.KZ

видео әлеуметтік желіден алынды


Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет