Осы ЕКІ НӘРСЕ сізді МАҚСАТЫҢЫЗҒА анық ЖЕТКІЗЕДІ

0
737
Қаншама жылдар бойы орындай алмай, жете алмай жүрген мақсатыңызға осы 2019 жылы жеткіңіз келе ме? Онда мына екі нәрсені білгеніңіз жөн.

Осы ЕКІ НӘРСЕ сізді МАҚСАТЫҢЫЗҒА анық ЖЕТКІЗЕДІ

2019 жылға жоспарлаған ең басты мақсатыңыз не? Есте ұстаңыз, көп мақсат қойып өзіңізді адастырмаңыз, шаршатпаңыз. Бір ғана нақты мақсат қойыңыз!

Сонымен, мақсатыңызды айқындап алдыңыз делік, енді мынандай екі нәрсені біліңіз!


1. ОЙЫҢЫЗДЫ ТЕК БІР ҒАНА МАҚСАТҚА ШОҒЫРЛАНДЫРЫҢЫЗ!

Мақсатыңыз көп екенін білемін. Бірақ, сіз тек бір мақсатты нақтылап, соған жетуді ғана ойлауыңыз керек! Осы мақсат туралы күні бойы ойлай беруіңіз қажет. Сонда оған жететін жолды да анық көре бастайсыз!

МЫСАЛ: Ертеде Дрона есімді ұлы садақ атушы болыпты. Оған садақ оғымен дәл тигізуден тең келер ешкім болмапты деседі. Дронаға садақ атуды үйренгісі келгендер кезекте тұрады екен. Шәкірті көп Дрона бір күні ағашқа мишенді іліп, шәкірттерінен не көріп тұрғанын сұрайды.

Біреуі былай деп жауап береді:

- Мен ағаш пен оған ілінген мишенді көріп тұрмын!

Екінші шәкірт:

- Ағаш діңгегін, жапырақтарын көріп тұрмын, - дейді.

Үшінші шәкірт:

- Аспандағы күнді, құстарды көріп тұрмын, - деп жауап береді.

Шәкірттерінің барлығы да осы сарындағы жауаптарды айтады. Дронаға шәкірттерінің жауабы ұнамайды. Ол көзінен оты көрініп тұрған шәкірті Арджуннанға бұрылып:

- Ал сен не көріп тұрсың? - деп сұрайды.

- Мен мишеннен басқа еш нәрсені көріп тұрған жоқпын, - деп жауап береді Арджуннан.

Осы кезде жауапқа көңілі толған Дрона басқа шәкірттеріне қарап:

- Естеріңде болсын, тек осындай адам ғана мақсатына жете алады, - деген екен.


2. МАҚСАТЫҢЫЗДЫ БӘРІНЕН ДЕ БИІК ҚОЙЫҢЫЗ!

Жолыңыздан кедергі де, қиындық та, кертартпа сөздер де шығады. Бірақ, бәрінен де мақсатыңыз биік тұрса, сіз міндетті түрде оған биыл жетесіз!

МЫСАЛ: Ертеде елді хандар басқаратын заманда бір патшаның үш әйелі болғанымен, жалғыз қызынан басқа перзенті болмапты. Қызы бойжетіп, балиғат жасынан асқанда хан күйеу бала іздестіруге кіріседі. Қартайған шағында алда-жалда өмірден озса, тағын кімге табыстап кетпек? Демек күйеу бала тек келбетті ғана емес, сонымен қатар өте ақылды болуы керек. Ел басына күн туғанда халқын, жерін қорғап, аман алып қалу үшін ол кез келген іске дайын болуы қажет. Бәрінен де ел мүддесін биік қоятын жан болуы қажет. Міне, хан осындай күйеу бала іздейді.

Ол алдымен, уәзірлерінің ішінен іздейді. Уәзірлерінің арасында жас болса да білімді, ойы ұшқыр бір жігіт бар. Бір күні оны қасына шақырып алып, «Үш сұрақ қоямын. Үш аптада жауап берсең, қызымды беремін және дәрежеңді көтеремін. Ал, жауап бере алмасаң, дарға асамын» дейді.

Уәзір жауап іздеуге кіріседі. Том-том кітаптарды ақтарады, басқа хандықтың уәзірлерінен сұрайды. Бірақ, ешкім жауап бере алмайды. Берілген үш аптаның бір аптасы осылай өтіп кетеді. Енді қайтпек?

Көрші елде бір данышпан қарияның тұратынын білетін. Соны іздеп жолға шығады. Ол кезде қазіргідей көлік те, ұшақ та жоқ, жолының өзіне бір аптаға жуық уақыт кетіп қалады. Шаршап-шалдығып данышпан қарттың үйіне де жетті-ау. Алайда өкінішке орай, қария бір ай бұрын қайтыс болған екен. Амалы құрыған уәзір жерге отыра кетеді.

Уәзірдің көз алдына ханның бұны дарға асып жатқаны елестеп, өз ойынан өзі шошып орнынан атып тұрады да басы ауған жаққа қарай қаша жөнеледі. Жан тәтті ғой, ол үш сұрақтың жауабын таба алмайтынына анық көзі жеткендіктен, қашады. Тау тастың арасынан ешкім таба алмас деген оймен тауға қарай қашады.

Сусап, тауға өрмелеп келе жатып, бір ескі лашықты көреді. Ішінде ешкім болмағандықтан, кіріп ұйықтап алуды жөн көреді. Әбден шаршаған уәзір тәтті ұйқыға батады.

Түс көреді. Түсінде хан нөкерлерімен бұны іздеп тауып алғанын көріп жатып оянып кетеді. Бетіне төніп үңіліп тұрған адамнан шошып, ыршып түседі. Ол сол лашықта тұратын қойшы екен. Үстіндегі киімі тозған, жүзі күнге әбден тотыққан шал «Тамақ даяр болды, жүр, тамақтанамыз» дейді.

Екеуі тамақтанып отырғанда қойшы шал уәзірден жөн сұрайды. Уәзір жағдайын айтады. Қойшы шал «Ол сонда қандай сұрақ?» дейді. Уәзір «Қаншама ақылды уәзірлер жауабын айта алмағанда, оны сен білермісің?» деп күрсінеді.

«Мен де кезінде бір ханның уәзірі болғанмын. Бұл жағдайға өз қалауыммен түсті деймісің. Дегенмен, айтып көр, мүмкін жауабын білермін?!» дейді.

Терең бір күрсініп алған уәзір «Енді ол сұрақтардың жауабы маған қажет те емес. Сонда да айтып көрейін» деп, бірінші сұрақты айтады.

«Ең үлкен шындақ не?», - дейді уәзір. «Мұны жер бетіндегі барлық адам біледі ғой. Ең үлкен шындық – өлім. Бұдан үлкен ақиқат болуы да мүмкін емес», - дейді қойшы.

Уәзір: «Расында да! Неге осы қарапайым жауапты білмедім. Әрине, басқа не болуы мүмкін?!» деп үнсіз қалады. Бір уақытта көзіне жан біткен уәзір «Екінші сұрақты айтайын, сен шал, бұның да жауабын білетін шығарсың?! Дүниедегі ең үлкен өтірік не?» дейді. Қойшы: «Ең үлкен шындық – өлім болса, ең үлкен өтірік – өмір болады ғой. Бұл сұрақтың несі қиын? Сен расында осы сұрақтың жауабын іздеп ел кезіп жүрсің бе? Ақымақ екенсің» деп күледі.

«Дүние – жалған» деп бекер айтылмаған. Иә, рас. Дұрыс айттыңыз» деп орнынан тұрып, шалды құшақтап уәзір қуанады. Одан соң дереу күнді есептей бастайды. Әлі үш күн уақыты бар екен. Уәзір алақайлап қуанып кеп тізерлей шалдың алдына отыра кетеді де: «Дәл айттыңыз! Енді үшінші сұрақтың жауабын да ойланып көріңізші, дүниедегі ең биік нәрсе не?» деп сұрайды.

Қойшы: «Бұл сұрағыңның да жауабы қиын емес екен. Бірақ, мұны мен айтпаймын» деп қырсығады. Уәзір жалына бастайды. Қойшы көнбейді.

Бір уақытта уәзір не қаласа да қолынан келгенінше орындайтынын айтып, хан сарайына уәзір етуге уәде береді. Қырсық қойшы ойланып отырып, «Жауабын айтайын. Бірақ бір шартым бар. Менің итіммен бірге сүйекке таласып, итаяқтан тамақ ішесің» дейді.

Уәзір үнсіз қалады. Қойшы шал итаяққа тамақ құяды және сүйек салады. «Жауабын білгің келсе, осыны тізерлеп тұрып ит секілді іш» деп алысырақ барып отырады. Итаяқтың түрін көріп шошып кеткен уәзір біраз ойланып тұрады да отыра қалып итаяққа жармасады. Осы кезде қабаған үлкен итпен ырылдап, бұны жолатпайды. Уәзір таласып, таланып... әйтеуір итаяқтағы асты ішіп тауысады. Ал, қойшы болса ішек сілесі қата күліп мәз болады. Күлкісін әрең жиған қойшы: «Міне, үшінші сұрағыңның жауабы осы» дейді.

«Түсінбедім, қалай осы? Айтың, мен шартыңызды орындадым ғой» деп уәзір жалынады. Сонда қойшы: «Дүниедегі ең биік нәрсе – мақсат. Сен өз мақсатыңа жету үшін қанша қиын болса да шартты орындадың. Итке таландың. Лас болса да итаяқтан ас іштің. Өйткені, мақсатыңды барлық нәрседен жоғары қойдың. Демек, ең биік нәрсе – мақсат» депті.

Түйін: Мақсатыңыз айқын болсын және оған жету үшін кез келген қиындыққа да, азапқа да жеңілмеңіз. Сонда 2019 жылы мақсатыңызға жететініңіз анық!

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Біз НЕГЕ қымбат затты, жақын жанды ЖОҒАЛТАМЫЗ?
Неге АҚКӨҢІЛ адамдардың өмірі ҚИЫН? Екі ЕРЕЖЕНІ сақтаңыз!
Ата-анасының мейіріміне қанбаған ҰЛ қыздардың МАХАББАТЫНАН да ҚҰР ҚАЛАДЫ
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет