Отбасылық бақытыңды өзгенікімен салыстырма!

0
285
Адасу да, шатасу да – осыдан басталады. Соңы өкінішпен аяқталады.

Отбасылық бақытыңды өзгенікімен салыстырма!

фото: hochu.ua

«Истаграммен араласпа, туыстарыңмен аралас. Вацапыңды тастап, мақсатыңды орында. Фейсбуктағы әлдебіреулердің постын қарағанша, ата-енеңнің көңіліне қара. Баланспен телефоныңды толтырғанша, үйіңді балаға толтыратын келін бол».

Бір тойда тамада осылай деді жиналған жұртты күлдіріп. Әйтсе де, тамаданың сөзінің «жаны» бар. Оның «әлдебіреудің посты» демекші, «Кім ажыраспай жатыр дейсің...», «Әтешсіз де таң атады» дейтін кейбіреулердің постына, сөзіне еретін әйелдер көп. Сол сияқты, отбасылық бақытын басқаныкімен салыстырып өмір сүретіндер де бар. Адасу да, шатасу да – осыдан басталады. Соңы өкінішпен аяқталады.

Дұрысы, отбасылық бақытыңды ешқашан өзгенікімен салыстырмаған жөн. Алайда, өзгенің қателігінен сабақ алуға болады.


МЫСАЛ: Бұл жолы Кәмилә есімді келіншектің қателігін сізге сабақ етпекпін. Кәмилә қателігін былай баяндайды:

«...Колледжді бітірген соң өзім өскен аудандағы ауылдардың бірінде тұратын Жарқын есімді жігітпен таныстым. Ол мені жақын досының үйлену тойына ертіп барды. Осыдан соң мен де жігітімнің досының келіншегімен жақын араласа бастадым.

Бір жылдан соң біз де үйлендік. Жұбайлық өміріміздің алғашқы айлары бал татып өтіп жатты. Бірде күйеуім досы Нұржанның ажырасып кеткенін айтты. Ауылда мұндай сөз бір орында жатпайды ғой, гу-гу әңгіме боп жатты. Бірі Нұржанды, екінші біреу оның анасын, енді тағы біреу Әсемді кінәлады.

Әсем менен сырын жасырмаушы еді, бұл туралы ол маған айтқан емес. Оның енесін де, күйеуін де жамандағанын естімегенмін.

Әсемге қоңырау шалдым. Мән-жайды білгім келді. «Отбасы болған соң бәрі де болады ғой» деп қысқа қайырды. Бұл кезде де Әсем ешкімді жамандамады, кінәламады. Өміріне де шағымданбады.

Кейін тағы бір телефон соққанымда Әсем қаладан жұмыс тапқанын айтты. Содан соң ол телефон нөмірін ауыстырып жіберді ме, әйтеуір хабарласа алмадым.

Мен енді «Әсем қалада не істеп жүр екен?», «Қалада өмір сүргенге не жетсін, ал менің ауылда жүрісім мынау...» деген ойға берілетін болдым. Өзімді Әсеммен, ал өмірімді оның өмірімен салыстыратын күйге жеттім. Ажырасып кетсе де ол менен әлдеқайда бақытты өмір сүріп жатқандай түйілетін.

Нақты айтсам, мен өзімді емес, Әсем туралы көбірек ойлайтын болдым. Дәл осы сияқты күйеуім де ажырасқан досын көп ойлап, оның мұңын бөлісіп жүрді. Нұржан Әсеммен ажырасқаннан кейін ішімдікке үйір боп алған еді. Ол өмірге налып мұң-шерін айтып үйге келеді де күйеуімді ертіп кетеді. Үйге ғана емес, Жарқынның жұмысына да іздеп жиі барады. Жұмысынан досының көңілін жоғары қойған күйеуім ақыры жұмыстан қуылды.

Көп ұзамай Нұржан арағын қойып, адам қатарына қосылды. Тіпті, ол қаладан жұмыс тауып алды. Кеше ғана ішіп жүрген жұмыссыз Нұржанның аз уақытта өзгеріп, ал күйеуімнің әлі ішімдікке тәуелді боп жүргеніне ызам келді. «Сен бұрын мұндай емес едің ғой. Неге ішіп кеттің?» деп ұрысқанымда, ол «Жан досым ғой, әйелі мен баласынан ажырап қайғырып жүрген оның көңілін қия алмаймын. Кешірші. Бүгіннен бастап қоям. Түзелем» деді. Аңғал, көңілшек күйеуім-ай! Біреудің қайғысын бөлісем деп өзі қандай күйге түскенін ұқпайды-ау!

иллюстрациялық фото: dobrenok.com

Нұржан жұмысқа тұрып, ішімдігін қойған соң бұны ұмытып та кетті. Тым болмаса бір рет «Досым-ау, қойсайшы» деп айтуға жарамады.

Шынымды айтсам, күйеуімнің мұндай күйге түскеніне енді ғана, нақтырақ айтқанда Нұржан жұмысқа тұрып кеткен соң ғана ойланып мән бере бастадым. Күйеуімнің жағымсыз қылықтарын көрген сайын «Мен де Әсем сияқты ажырасып кетсем бе екен? Күйеусіз-ақ тамаша өмір сүріп жатыр ғой» деп ойланатын болдым. Бірақ, бұл уақытта менің аяғым ауыр еді. Үш жылдай құрсақ көтере алмай жүрген менің босаға аттағалы аңсаған, армандаған сәби сүю бақытына жеткенімді қайтейін, мен ары қарай күйеуіммен өмір сүре алмайтынымды ұқтым.

Ұл босандым. Қырқынан шыққан соң, жоқшылық пен араққа салынған күйеуіме төзе алмай төркініме кетіп қалдым. Балам бір жасқа толғанда анама тастап, өзім қаладан жұмыс іздестірдім. Шағын азық-түлік дүкендерінің біріне сатушы боп орналастым.

Бір күні аялдамадан Әсемді жолықтырып қалдым. Екеуміз отырып біраз әңгімелесіп сыр шертістік. Жүзбе-жүз бір-бірімізді көрмегелі 4-5 жыл уақыт болыпты. «Бұл уақыт аралығында талай нәрсе өзгерді. Мен де ажырастым. Ешнәрсе етпес, жалғыз болсақ та» дей бергенімде, Әсем «Біз Нұржан екеуміз қайта табыстық қой, естімедің бе?» деді.

Ажырасуына енесі себепші болған екен. Нұржан ұлын көру үшін үнемі келіп тұрыпты. Әсем қайта-қайта келіп кешірім сұраған күйеуіне «Ішімдігіңді қойып, қаладан жұмыс тапсаң ғана қайта табысамыз» деп шарт қойыпты. Олар қайта табысып, қазір бірге тұрып жатыр екен. Екеулеп ақша жинап, келесі жылы пәтер сатып алуды жоспарлап отырғанын да айтты.

Қоштасарында Әсем «Жарқынмен қайта табысуға кеңес беремін. Балаңа басқа біреу әке бола алмайды» деді.

Сол күні өз өміріме шолу жасап, көп ойландым. Ақымақтық жасаппын. Әсем де ажырасты ғой деп, күйеуімді оп-оңай тастап кете салдым. Шынында, мен күйеуімді күнде араққа сүйреген досынан, ал шаңырағымды шайқалудан қорғау үшін не істедім?

Ертеңіне-ақ ауылға барып, Жарқынмен жолықтым. Ол кәдімгі маскүнемге айналған. Сонда да оның арағын қоюын өтініп сұрандым. Алайда содан бері бір жылдай уақыт өтті, Жарқын арақтан ажырай алмады. Ал, оның досы ше, ол отбасы үшін, жаман әдетінен тез арылды. Мен шайқалған шаңырағымды қайтадан түзей алмадым, ал бұл Әсемнің қолынан келді.

Осы жағдайдан соң ғана мен өзіңді де, күйеуің мен отбасылық бақытыңды да өзгенікімен ешқашан салыстыруға болмайтынын түсіндім. Мен бұны кеш ұқтым».

Кәмилә айтпақшы, адамның ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды. Бұған әркімнің өзіне ғана тән генетикалық коды, ДНК-сы дәлел емес пе? Ол ешкімдікіне ұқсамайды.

Дәл осы секілді, әркімнің отбасы бақыты мен Жаратушының таңдап қосқан жары да ешкімдікіне ұқсамайды. Ұқсатуға, ұқсауға тырыспай-ақ қойған дұрыс. Өйткені, өз жолыңнан, мақсатыңнан адасу мен шатасу – осыдан басталады.

Ж. Нұрабайқызы,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет