Өзіңдегі "сасық иістен" құтылмасаң, ұяңды ауыстыра бергеннен пайда жоқ

0
5 904
Мен мұндай жігіттерді сасық көкекке ұқсатамын. Неге? Өйткені...

Өзіңдегі

суреттер: ашық дереккөзден

Әлемге Садхгуру деген атпен танымал йогин, мистик Джагги Васудевтен бір жігіт «Сіз көріпкелсіз бе?» деп сұрағанда, ол «Мен көріпкел емеспін, тек айналамдағы адамдардың іс-әрекетіне, жалпы болып жатқан жағдайларға зер салып қарап, әркімнің қатесін көре білем. Ал, мені бәрі көріпкел деп ойлайды» деп күледі. Өкінішке орай, өзгенің емес, өзінің қателігін білмейтін, көрмейтін адам көп. Білмегені мейлі-ау, білген, көрген адамның ақылына құлақ аспайтын, қатесінен қорытынды шығармайтыны қынжылтады.

Мысал үшін Есенді алайық. Ол Динаның інісі. Нақтырақ айтқанда Динаның ағасының ұлы. Ал, Дина менің жақын араласатын таныстарымның бірі. Есенді мен танымаймын, сондықтан ол туралы Динаның өзі айтсын. Ол былай дейді:

«... Жалғыз ұл ағам мен жеңгемдi күйдiрiп келе жатқанына талай жыл болды. Ол үш рет үйлендi. Ата-ана перзентiнен ненi аясын? Ағам мен жеңгем ұлына үш рет үйлену тойын жасап, құдалық шақырып шашылып-төгiлдi ғой. Бiрақ, сол үмiттi ақтаған ұл болмады.

Есеннің aлғашқы некесiнiң сәтсiз болғанына түсiнiкпен қарадық. Дегенмен, бір баласын жетектеп төркініне кеткен келiн өте жақсы едi. Қимасақ та қайтемiз, Есен оған күн көрсетпедi. Жоқ жерден ұрыс шығарып, ашуланғанда соққыға жығатын.

Бiрде үйге келген Есенге «Әйелге әлсiз еркек ғана қол көтередi. Мұның не?» деп, жөнге шақырмақ болғанмын. «Әпке, ол менi бақытты ете алмайтынына көзiм жеттi. Ажырасайық десем, келiспей қойды. Күнде соққыға жығыла берген әйел өзi-ақ кетiп қалмай ма? Шындығында, оның еш кiнәсi жоқ, үйден өз аяғымен кетiру үшiн әдейi жұдырық жұмсап жүрмiн», - деген ініме ары қарай не дерімді білмедім. Ақымақ дейiн десем аузым бармайды. Жоғары білімді, қоғаммен араласып, жұмыс істеп жүрген жігіт. Ал айтып отырғаны мынау.

Ол екiншi рет үйленді. Онысымен бiр жыл ғана тұрып «ажырасамын» дегенде тіпті қайран қалдық. Себебiн сұрасақ, «Мен Айдананы сүймеймiн» дейдi. Сүймесе, несiне үйлендi? Айдананың өмiрiн бүлдiрдi, өзiнiң де қайта-қайта ажыраса бергенi жақсы ма?! Ата-анасы да, бiз де ортаға түсiп, екiншi некесiн сақтап қалмаққа бел буғанбыз. Бiрақ біздің сөзіміз Есенге тоқтау бола алмады. Әке-шешесін тыңдамаған соң өзім оңаша сөйлестім. Бір себебі бар шығар, тетелеспіз ғой, мүмкін маған айтар дегенмін. Сонда ол не деді десеңізші. «Мен Айданағa махаббатпен үйленбегенмін, осы менің үлкен қателігім. Айданамен танысып, сезiм жарастырып жүрдiм. Бірақ, оған үйлену ойымда жоқ еді. Кейін бір отырыста сіңлісін көрдім де, сезімім ауды. Сiңлiсiне көңiлiмдi айтпақ боп сыртқа алып шықтым. Ол да «кет әрi» емес екен. Сiңлiсiн құшақтай бергенiмде, Айдана келiп қалды. «Не iстеп тұрсыңдар?» деп сөге жөнелген оны сөзге айналдырмақ болдым. Не iстерiмдi бiлмей дал болған менiң аузыма «Айдана, маған тұрмысқа шықшы» деген сөзден басқа тәуiрi түспей састым. Айданадан қорықтым ба, әлде, мастыққа жеңiлдiм бе, бiлмеймiн неге олай дегенімді. Көптен берi күтiп жүрген болар, Айдана «Иә! Қарсы емеспiн. Ұсынысыңды қабылдаймын» деп қуанып, мойныма асылып бетімнен қайта-қайта сүйіп жатты. Мастықпен сол күнi мен Айдананы үйге алып келдiм. Бiз осылай үйленген едiк.

Уақыт өте келе сүйіп кететін шығармын деп ойлағанмын. Бiрақ, бiр жыл бiрге тұрғaнымда сүймеген адаммен отбасы құрудың мәні жоқ екенін анық түсіндім. Қинамаңыздаршы, мен онымен ары қарай бiрге тұра алмаймын» дедi ашуланып.

Несін айтайын, Есенге әкесі де, анасы да ұрысып, Айдана екеуінің некесін сақтап қалмақ болды. Алайда, Есен бұл келіншегін де өз аяғымен ол үйден кетуге мәжбүр етті. Белгілі емес пе, ол үйiне қонбауды, ажырасқан келiншектермен сауық құруды шығарды. Айдананы құрметтеудi, сыйлауды доғарды. Оның көзінше басқа қыз-қырқынмен телефонда сөйлесіп отырады. Бірнеше рет оның бұл қылығына өзім де куә болғанмын. Бұл кезде Айдананың құрсағында үш айлық шаранасы бар еді. Есеннің жүрегін бұл да елжірете қоймады. Ақыры Айдана төркініне біржолата кетіп қалды.

Есен араға екi жыл салып тағы да үйлендi. Бұл жолы ол бұрын тұрмыста болған, бiр жасар қызы бар келiншекпен бас қосты. Ата-анасы ұлының бұл таңдауына қарсы болмады. Өйткенi, екi рет некелi болған жiгiтке тұрмысқа шықпаған қыз тимейтінi анық. Есеннiң үшiншi некесiнiң ғұмыры ұзақ болады деп сенгенбiз. Бірақ, ол тағы да күйдірді. Үшінші әйелімен тіптен үш-ақ ай бірге тұрды-ау. Араларын қандай қара мысық кесіп өткенін білмедік. Есен әйелінің киімдері салынған сөмкені подъезге шығарып лақтырып жібергенін көрдім. Артынша есіктен жылап шыққан әйелі қызын жетектеп, кетіп бара жатты.

Міне, содан бері бір жыл өтті. Есеннің ата-анасы, яғни, ағам мен жеңгемнің уайымы күн санап қалыңдап барады. Оларды аяймын. Ал, Есенге ақыл кірер емес, ол қателігін мойындағысы да келмейді. «Үш әйеліме де асығыстықпен үйленген екенмін. Олар маған лайық емес. Қазір 19 жасар студент қызбен жүріп жатырмын. Алла қаласа, күзде үйленемін» дейді үйге келген сайын. Ақыл айтайын деген едім, ол бәрібір тыңдамады.

Кінә үш әйелінде емес, Есеннің өзінде екенін ол ешқашан мойындамайды. Өйткені, ол өзінікі бұрыс болса да мойындағысы келмейтін және сын айтқанды ұнатпайтын адам. Мұндай адамды жауапкершілігі жоқ деуге болатын шығар».

Дина айтпақшы, мұндайды жауапсыз деген дұрыс болар. Сіз ше, үш рет ажырасқан мұндай жігітті қалай атар едіңіз?

Ал, мен бе? Мен мұндай жігіттерді сасық көкекке ұқсатамын. Неге? Өйткені, сасық көкек салған ұясында көп тұрақтамайды екен. Ұясынан жағымсыз иіс шықты деп, тұрағын тастап, келесі бір жерден ұя салатын көрінеді. Жиі ұясын ауыстыра берген оның бұл қылығын түсінбеген қарлығаш «Көкек-ау, неге ұяңды ауыстыра бересің» деп сұрапты. Көкек салған ұяларынан сасық иіс шыға беретінін, сол себепті басқа жерден ұя салуға мәжбүр боп жүргенін айтады. Сонда қарлығаш «Сасық иіс ұяңнан емес, сенің өзіңнен шығып тұр ғой. Өзіңдегі сасық иістен құтылмасаң, ұяңды ауыстыра бергеннен пайда жоқ» деген екен.

Сасық көкек секілді адамдар жамандықты өзгеден көріп, ажыраса бергенше немесе жұмысын ауыстыра бергенше, алдымен өзінің жаман мінез-құлқы мен ұнамсыз қасиеттерінен арылғаны жөн дер едім. Ал, сіз не дейсіз, оқырман? Сіздің айналаңызда сасық көкек секілді адам бар ма?

Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет