Проблеманы шешетін үш-ақ есік бар, қайсысын таңдайсыз?

0
2 059

Мысалы, басыңызға қиындық іс түсті. Үш-ақ жолы бар. Проблемадан шығатын үш-ақ есік. Біреуінде қолында қанжары бар қылмыскер, екінші есікте алты айдан бері тамақ жемеген аш арыстан, үшінші есікте өрт. Қайсы есіктен шығасыз? Ойлануға 15 секунд ғана уақытыңыз бар. Сонымен, сіз проблемадан құтылу үшін қай есікті аштыңыз?


Проблеманы шешетін үш-ақ есік бар, қайсысын таңдайсыз?

фото: entitymag.com

«Проблемасыз адам жоқ» дегенді жиі естимін. Мен бұнымен келіспеймін. Өйткені, кейбіріміздің проблема деп жүргеніміз әлдеқашан өздігінен шешімі табылып қойылған болуы да мүмкін.

Мысалы, басыңызға қиындық іс түсті. Үш-ақ жолы бар. Проблемадан шығатын үш-ақ есік. Біреуінде қолында қанжары бар қылмыскер, екінші есікте алты айдан бері тамақ жемеген аш арыстан, үшінші есікте өрт. Қайсы есіктен шығасыз? Ойлануға 15 секунд ғана уақытыңыз бар. Сонымен, сіз проблемадан құтылу үшін қай есікті аштыңыз?

Дұрыс шешім: екінші есік. Алты айдан бері аш арыстан әлдеқашан өліп қалған. Ал сіз арыстандай көрген проблемаңызға әлі бас ауыртып, қорқып жүрсіз-ау. Біліп қойыңыз, қолтырауын аштыққа үш жыл, аю үш ай, жылан бір жыл, ал арыстан төрт-ақ ай шыдай алады.

Қорқып жүрген проблемаңыздың санаңызда ғана қалғанын, ал өмірде оның төрт ай бұрын жойылғанын ұқтыңыз. Сізде енді проблема жоқ. Ал жақын араласып жүрген тамыр-танысыңызда ше? Оның проблемасы сізді қызықтыра ма? Басына түскен қиындығын айтып, сізден көмек сұраса не істейсіз?

МЫСАЛ: Бір қорада бірнеше жылдан бері жылқы, қой, тауық және тышқан бірге тұрады. Бір күні қораның егесі қақпан қойды. Бұны көрген тышқан жүгіріп келіп жылқыға «Қақпан қойылды» деді. Жылқы: «Оны неге маған айтып тұрсың? Тұяғыммен бір рет жаншысам, қирап қалатын қақпаннан мен не үшін қорқуым керек? Оның үстіне ол маған емес, саған қойылған қақпан» деп күлді. Жылқыдан жәрдем болмаған соң, тышқан қойға айтты. Алдында жем-суы болса, басқа ешнәрсеге мойын бұрып қарамайтын қой: «Қақпан маған арналса, оған шөп немесе бидай, арпа қойылар еді. Ал, қақпанда ет тұр, демек оның маған қаупі жоқ» деді.

Тышқан енді тауыққа келіп айтты. Тауық: «Қақпанның маған түк қатысы жоқ. Сенің проблемаң ғой, өзің шеш», - деп орнынан қозғалмады. Зәресі ұшқан тышқан ініне тығылады. Тәбетін тежеп, қақпанға жоламаудан басқа амалдың жоқ екенін түсінген ол проблеманың өздігінен жойылғанын тілеп, құдайға жалбарынады.

Осы кезде бір жаққа асығып кетіп бара жатқан жылан жол жиегіндегі қораны көреді. Асығыс болса да «Қораның ішінде не бар екен?» деген қызығушылықпен бұрылып кіреді. Жылдам аралап шықпақ болған ол асығыстықпен қақпанды аңғармайды. Құйрығы қақпанға түседі. Әр жерге басын сұғып жүретін қызығушылығынан проблема тауып алғанын мойындағысы келмей, ашуланып жатқан жылан кешке тауығына бидай шашпақ боп кірген әйелді шағады.

Үй егесі жыланды кетпенмен турап өлтіреді де емшіні шақырып әйеліне ем-дом жасатады. Емші өзі ұсынған дәрімен бірге әйелге тек тауық сорпасын ішу керектігін айтады. Үй иесі сол күні кешке қорадан тауықты алып кетеді. Бірақ, әйел келесі күні қайтыс болады. Жеті күндігін өткізуге қой сойылады. Ал, қырық күндігінде үй иесі қорадан жылқыны шығарып сояды.

Осы оқиғаның бәріне куә боп, інінен сығалап жатқан тышқан ойға шомады: «Арамыздағы ең мықтысы жылқы еді. Ол сол күні қақпанды тұяғымен таптап сындырғанда, қазір өзі де, үй иесінің әйелі де, қой мен тауық та, тіпті жылан да аман болатын еді. Қақпанды қиратуға қойдың да күші жетер еді ғой, бірақ ол да мені тыңдай қоймады. Ал, тауықтың шамасы жетпейді, бірақ ол қыт-қыттап жылқы мен қойдың миын ашытқанда мүмкін оны тыңдар ма еді...Әттең-ай!».

1-САБАҚ: Сізге қатысы жоқ болса да, жақын адамдарыңыздың проблемасына бей-жай қарамаңыз. Бірге тұрып жатқан достарыңыздың, ағайын-туыстың проблемасының зияны сізге де тиюі мүмкін. Досыңыз үшін өліммен бірдей болған проблема сізге «Жылқы секілді бір рет тұяқпен жаншығанда жойылатындай» түкке тұрғысыз болса, неге көмектеспеске?! Мүмкін қой секілді қауқарыңыз бар шығар, я болмаса қолмен жасалған проблеманы тіліңізбен шеше алатын шығарсыз.

2-САБАҚ: Мақсат жолында әр жаққа бұрыла бермеңіз. Басқа біреудің проблемасы сіздің проблемаңызға айналуы әп-сәтте. «Любопытная Варвара» болудың зардабы тимей қоймайды. Мұндайда жыланның оқиғасын еске алыңыз.

3-САБАҚ: Проблемаларыңызды отбасы мүшелерімен бөлісіп отырыңыз. Қораға қақпан қойғанын күйеуі әйеліне айтқанда, мүмкін ол аяғының астына қарап, қақпаннан алыс жүрер ме еді... Кішкентай проблеманың (тышқан), үлкен проблемаға (адам өлімі) айналмасын.

ҚОРЫТЫНДЫ: Тышқан проблемадан сақтану үшін, қақпанды аңдыды. Жыланның, тауықтың, қойдың және жылқының оқиғасын көрді. Қора бос қалғандықтан, оның егесі енді ол жерге кірмейтінін де, қақпан қоймайтынын да жақсы біледі. Сондықтан да тышқан ештеңеден қорықпай, емін-еркін тіршілігін жалғастырып жатыр.

Мүмкін сіздің де проблемаңыз әлдеқашан жойылған болар. Байқаңызшы, қақпан орнында жоқ. Тек тышқан сияқты оны бақыламағандықтан, сіз әлі де қорқып жүрген шығарсыз. Сондықтан да «проблемасыз адам жоқ, барлық адамда проблема бар» дейсіз. Ал, мен кейбір проблемалардың белгілі бір уақыттан соң шешілетініне (аш арыстанның өліп қалғаны секілді) сенемін.

Жазира СМАҒҰЛОВА.

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет