Таусылмайтын ПРОБЛЕМАДАН шаршасаңыз, "БЕС САУСАҚПЕН" шешуге болады

0
1 202

Өміріңізді біржолата реттеуге Рамазан айы өте ыңғайлы уақыт. Ал, Рамазан айының басталуына 1-ақ апта қалды. Олай болса, өміріңіздегі мәселелердің нақты шешімін тауып беретін бұл мақаланы дәл қазір оқыңыз.


Таусылмайтын ПРОБЛЕМАДАН шаршасаңыз,

Келеңсіздіктер, ұрыс-керіс, ауру, қарыз, жұмыссыздық, әйтеуір таусылмайтын проблема... Шаршадыңыз ба? Не істеу керек?


Айтыңызшы, проблемалардан құтылу үшін осы уақытқа дейін қандай әрекет жасадыңыз? Егер, әрекет жасамаған болсаңыз және шынында неден бастауды білмей отырсаңыз, онда сіз де «бір-ақ нәрсені білетіндердің» қатарынансыз. Иә, өміріңіздегі жағымсыз жағдайларға ренжуді, өзгені кінәлауды ғана білесіз. Өзгеге, тағдырға өкпелеуді доғарыңыз!


Шешімі бар! «Проблемаңыз таудай болса да олардан құтылып, өмірді реттеуге болады», - дейді белгілі хиромант Дмитрий Троцкий.

Осы тұста естеріңізге сала кетейін, хиромантия – алақандағы сызықтардың құпиясы туралы ілім, ал алақан сызықтары бойынша адам тағдырын болжайтын маманды хиромант деп атайды. Хиромант маманына болашағыңызды болжатқыңыз кеп кетті ме?

Санкт-Петербургтегі Хиромантия мектебін, Ришикештегі (Индия) Хиромантия университетін бітірген Дмитрий Троцкий алдыңызда отыр делік. Сіз оған қай сұрақты қояр едіңіз:

1.«Болашағым қандай болады?»

2.«Болашағым бақытқа, молшылыққа толы болу үшін не істеуім керек?»

Алақанға қарап болжаушыға бірінші сұрақты қойсаңыз, онда өміріңіз осы қалпынан өзгермейді. Ал, екінші сұрақты қоятын болсаңыз, онда Д.Троцкий сізге «Бес саусақ» теориясын жатқа біл, орында!» деген болар еді.


Қалай орындалады?


Оп-оңай, бірақ оны орындауға қиналатындар өте көп. Қысқа да нұсқа айтар болсақ, өміріңіз етене араласып жатқан негізгі бес адаммен қарым-қатынасыңызды реттеуіңіз керек.

Белгілі мотиватор, хиромант Д.Троцкий «Психологиялық 5000 кітап оқысаң да, 500 психологтан кеңес алсаң да, егер өміріңе қатысы бар бес адаммен ара қатынасыңды түземесең, бәрі бекер. Ешнәрсе өзгермейді. Бұл менің 20 жылдық тәжірибемде көз жеткізгенім» дейді.

«Бес саусақ» техникасын орындаудан бұрын өміріңіз байланысты 5 адамды анықтап алыңыз. Көбіне бұл бес адам әркімнің – ең жақын адамдары: ата-анасы (ата-енесі), бауырлары (абысын, қайны, келін), күйеуі (әйелі), достары болуы мүмкін. Иә, олардың кейбірінің мінезі, ұстанымы, өмір сүру салты ұнамауы мүмкін. Бірақ, өміріңіздегі қаржы, денсаулық т.б. мәселелерінен құтылғыңыз келсе, оларды сол қалпында жақсы көруге үйренуіңіз қажет.

Мысалы, оның бірі бас бармақ секілді өзін ең мықтыға санайтын шығар, екіншісі сұқ саусақ сияқты бәрін басқарып, өзіне бағындырғысы келетін болар. «Сұқ саусақтың» сіздің қателігіңізді «шұқып» көрсетіп отыратыны ұнамас. «Ортаң үйректің» айналасындағыларға «күл болмаса бүл бол» дейтініне, тек өз қарабасын күйттейтініне зығырданыңыз қайнайтыны да белгілі. «Аты жоқ саусақтың» өзін ханшайым (немесе хан) деп санайтынына ашуыңыз келетіні анық (Өйткені, көбіне осы саусаққа жүзік тағылады). «Кішкене саусақ» есейсе де өзін қашанда кішкентай бала санайды, осынысы қынжылтады. Оның ойынша, бәрі оған көңіл бөлу керек, проблемаларын да басқалар шешіп беруге міндетті.

Оның осы түсінігін өзгертем деп, талай ренжістіңіз бе? Ешкімді түзеуге тырыспаңыз, тек қарым-қатынасыңызды түзесеңіз болғаны.



Әр адамның айналасында, тағдыры қабысып жатқан осындай бес түрлі адам болады. Оларды өзгертуге уақыт шығындамай-ақ қойыңыз, керісінше қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз! Қалай?

...Реніш, кек, араздық, ұрыс-керіс... көргіңіз келмейді... араласпайсыз... сыртынан жамандайсыз... бір дастарханда шай ішсеңіз де сөйлеспейсіз...

Осыларды реттеу үшін, кешірім сұраңыз, кешіріңіз, татуласыңыз, жағдайын сұрап үйіне барыңыз, қиналып жатса көмектесіңіз, сөз жәрдемін беріңіз, кішілік ізетіңізді көрсетіңіз, құрметтеңіз...


Д.Троцкийдің «Бес саусақ» теориясы «Тағдырың өз қолыңда» деген нақылды еске түсіретін сияқты.

Меніңше, «Бес саусақ» техникасын орындауға Рамазан айы қолайлы ай. Өйткені, Рамазан – кешірім айы!


(суреттер ашық дерекөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

«ERNUR.KZ»


Тағы да оқыңыз:


РАМАЗАН қарсаңында «Конмари» әдісін қолданыңыз

10 күнде АҒЫЛШЫН сөздерін ОҢАЙ жаттай аласыз

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет