Төзімді бол, бірақ көнбіс болма!

0
618
«Мінезің қандай – тағдырың да сондай болады» дегенді естігенсіз бе? Көбіне адам өмірін өзі қиындатып алады. Қиындыққа көбіне мінез-құлық себеп болып жатады. Осы орайда бір аңызды айта кетейін.

Төзімді бол, бірақ көнбіс болма!

«Мінезің қандай – тағдырың да сондай болады» дегенді естігенсіз бе? Көбіне адам өмірін өзі қиындатып алады. Қиындыққа көбіне мінез-құлық себеп болып жатады. Осы орайда бір аңызды айта кетейін.

Ертеде орманда аң-құстар өзара әңгімелесіп, «Осы дүниеде жамандық не себептен болады?» деп бірінен бірі сұрайды.Бұл сұраққа әр аң мен құс өз тіршілігіндегі оқиғаларды тамызық етіп ой бөліседі.

Қарға «Дүниедегі жамандық аштықтан болады. Аш болсаң, не болса соған ұрынасың, ешкімді тыңдамайсың. Аш кезде ашуланшақ боп кетесің. Ал, ашу келген жерден ақыл кетеді. Ашу кезінде ешкімді аямайсың. Меніңше, жамандықтың көбісі ашуланып тұрған кезде шешім қабылдағаннан болады, ашу үстінде айтқан ауыр сөзден басталады» дейді.

Көгершін «Жаманшылық сүйіспеншіліктен болады. Ақылдан адастырып, өзіңді ұмыттыратын осы сүю деген сезім болмағанда әркім өзі үшін өмір сүрер еді. Өзін ғана ойлап, өзі үшін тіршілік еткендер бақытты ғой. Оларда мәселе де аз болады. Сүйіспеншілік болмаса өмірде жұбың да болмас еді. Жұмысың да аз болар еді. Жұбың бір жаққа ұшып кетсе, оның аман-есен келгенін ойлап, қам жейсің. Жұбыңның ұрпағын көбейтемін деп денсаулығыңа, өміріңе қауіпті болса да бала туасың. Балаңа деген сүйіспеншілік жұбыңа арнаған сүйіспеншіліктен асып түседі. Енді балаларыңның тамағын тоқ, көйлегін көк етуді ойлайсың. Олардың қамын ойлап, басыңды тауға да, тасқа да ұрасың. Оларды оттан қорғаймын деп қанатыңды күйдіресің, бұршақтан қорғаймын деп басыңды ауыртасың. Осылай өмірің өтіп кетеді. Егер олар болмаса, өмірде қиындық та болмас еді деп ойлаймын» дейді мұңайып.

Жылан «Бұл жерде сүйіспеншілік сезімінің кінәсі жоқ. Тек шектен шығу жамандыққа себеп болады. Жақсы көру керек, бірақ ешкімді өзіңнен артық тым қатты сүюге болмайды. Тым қатты жақсы көрген адамыңның жылы сөзі жаныңды жадыратса, суық сөзі жаралайды. Сүйіспеншілігіңді арнаған жақындарың жаныңды жараласа ызақорға айналасың. Жамандық ызақорлықтан туады. Ызалансаң өш алғанша тынбай жорғалай бересің. Ақырында біреуді шағасың, ол қарап қала ма? Ол да ызаланады, өзіңді өлтіреді. Міне, жамандық ызақорлықтан, кек сақтаудан болады. Сондықтан кекшіл болмау керек, көпшіл болған дұрыс» деп өз ойын айтады.

Бұғы айтты:«Дүниедегі жамандық қорқақтықтан болады. Еш нәрседен, ешкімнен қорықпайтын болсақ, жақсы өмір сүрер едік. Ағаштың бұтағы сыбдырласа, жапырағы суылдаса, қорыққаныңнан есің кетіп қаша бастайсың. Өмірің үрейден, қашудан тұрады. Қашып келе жатып бір күні жардан құлап өлесің, не ит-құсқа жем боласың. Жаманшылық осыдан деп білемін».

Бұл аң-құстардың ойы. Әрқайсысы өзінің бойындағы табиғи болмысының кемшін тұстары тіршілік етуде қиындық тудыратынын осылай әңгімелепті. Бұлар – аң-құстар. Оларда сана жоқ. Ал, біз – адамбыз, өмірімізді қиындатқан, жамандық әкелген мінез-құлықтағы кемшілікті толықтыруға, артығын кемітуге ақылымыз жетеді.

Әсіресе, жас келіндердің көбісі өміріндегі жаманшылықтың бәрін көнбістігінен табатынын байқауға болады. Адам көніп жүре берсе, бір күні кәрілік жасқа жетіп қалғанын да аңғармай қалады. Сол кезде ғана ақын Ұлықбек ағамыздың «...айналайын ақ пейiл, атаңа нәлет, көнбiстiк!..» дегенін бірнеше жыл бұрын айта алғанына өкінеді.

"Бұл өмір шыдамдыны ұнатады" деп шыдай түсуге талпынады көбісі. Бірақ шыдаған сайын шылғау секілді аяққа таптай береді бәрі.

Шыдамдылық, төзімділік дегенді дұрыс түсініңіз. Мүмкін, оқырман, сіз де бұл ұғымдарды қате пайдаланып жүрген шығарсыз. Сіз аштыққа, суыққа төзуді қалай түсінесіз? Төзу деген, мысалы суыққа төзу, үсіп қалмауды ойлап қорғануды білдіреді. Аштықтан өліп қалмау үшін күресесіз. Демек, қорғану, күресу арқылы төздіңіз. Өзіңе ұнамайтын іске мәжбүрлейтін, намысыңды таптап, құқығыңа қол салатындармен де дәл осылай күресу керек, қорғану қажет. Төзімділік деп осыны айтады.

Құл еткісі, күңше жұмсағысы келгендерге қарсы тұра білген жөн. Ол тіпті, әке-шешең болса да, енең, күйеуің болса да.

Илегенге көне берген адамды көнбіс деп атайды. Ал, көнбіс адамды кебісше, жаялықша пайдаланады. «Тағдырдың бас­қа салғанын көресің», «Басқа түскен баспақшыл», «Маңдайға жазылғаны сол ғой, өзгерте алмайсың» деп көнбістікке итермелегендерді тыңдамаңыз. «Көппен көрген ұлы той» деп өзіңізді көнбістікке үйретпеңіз. Сіз, надан емессіз ғой, көзіңіз ашық, сауатыңыз бар. Профессор, саяси ғылымдарының докторы Сейілбек Мұсатаевтың сөзімен айтқанда көнбістік бұл ынжықтық пен надандыққа үзеңгілес ұғым. Олай болса, айтқанға көнгіш, айдағанға жүргіш көнбістіктен арылыңыз. Төзімді бол, бірақ көнбіс болма!
Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет