​«200 мың теңге үшін екі адамды өлтіріп, өртеп жіберген»: шымкенттік әйел күйеуінің қалай қаза тапқанын айтып берді

0
2 081

«Күйеуім мен қайным еді...»


​«200 мың теңге үшін екі адамды өлтіріп, өртеп жіберген»: шымкенттік әйел күйеуінің қалай қаза тапқанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Адамнан мейірім кеткен заман болды. Теңге үшін туысын сатып, досын атып кететін адамдарды көрдік. Атып қана қоймай, мәйітті жауыздықпен өртеп жіберген. Қазір олар түрмеде отыр. Дегенмен олар жазасын өтегеннен менің жолдасым қайтып келе ме? Орны толмас өкінішпен өмірім өтіп жатыр...»


Шымкент қаласында тұратын Ұлдана есімді әйелдің айтуынша осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуін араласып жүрген достары өлтіріп, денесін өртеп жіберген екен. Оқиғаның қалай болғанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Күйеуім қақ-соқпен ісі жоқ, қолынан келсе кісіге көмек бергіш, ақкөңіл адам еді. Екеуміз сүйіп қосылдық, адал еңбегінің арқасында отбасын, туған-туысын асырап, кәсіп ашып, соны жүргізіп отырған арысым болатын. Бірақ оның аңғал мінезін ағайынды екі жігіт пайдаланып кетпек болды.


Оқиға күзде болған. С. Және Е. Дейтін екі жігіт біздің ағайынымыз болып келеді. Күйеуімді «аға, аға» деп жиі жағалайтын. Сөйлегенде іші-бауырыңа кіріп кете жаздайтын. Мен оларды о баста жақтырмайтынмын. Талай мәрте «солардан іргеңді аулақ салшы, сужұқпас адамдар ғой» деп айтқанмын. «Адамның адамға зияны жоқ қой, жүре берсін, нең бар» деп тыңдамап еді.


Солар бір кәсіппен айналыспақ болыпты да, жолдасымнан қарызға ақша сұрап келген. «Кәсіп ашып жатырмыз, аға. Соны сәл демеп жіберсеңіз болар еді. Небәрі 200 мың теңге жетпей тұр. Ісіміз ілгері басса, алдыңызда қарыздар болып қалмаймыз. Бізге екі ай уақыт беріңіз, бәрін қайтаруға сөз береміз» деп уәдені үйіп-төккен. Ақкөңіл жолдасым бір сөзге келместен көлік аламын деп жинап жүрген ақшасынан 200 мың теңгені әлгілердің қолына санап салды.


Бірақ белгіленген уақыттан асып кетсе де ағайынды жігіттерден хабар болмады. Күйеуім оларға талай мәрте хабарласып, қарызға алған ақшаны қайтаруларын сұраған. «Аға, әне болады, міне, болады» деп бес айға дейін созып жүріп алды. Қарыз ақша бергенде С. Мен Е. қолхат берген-тұғын. «Қолымда өздерің жазған қолхат тұр. Үстеріңнен арыз жазамын, мен сендерге сеніп, өзіме керек ақшаны беріп отырмын ғой. Бұларың адамгершілікке жатпайды» деп айқайлаған. Оны мен үйде жүргенде естігем. Әйелміз ғой, «кезінде айтқанда тыңдамап едің» деп бұрқылдағаным рас. Соның нәтижесінде күйеуім екеуміз ренжісіп те қалдық.


Әлі есімде, күн сәрсенбі болатын. Кішкентайдан бірге өсен сыныптасым сүндет той бергелі жатқан. Күйеуіммен тойға жиналып жатқанбыз. Ағайынды екі жігіттің үлкені хабарласты. «Аға, қарызды қайтарамыз. Ақша таптық. «Қайтпасқа» келіңіз, біз сол жерде сізді күтеміз» деді. Оны естігенде екеуміз де қуанып кеттік. Себебі күйеуім досының көлігін сатып алғысы келген. Оған шұғыл ақша керек болып, кеше ғана «алсаң ертерек алып қал, болмаса қызығып жүрген адам көп» деп еді. «Ұлдаш, көлікті алатын болдық. Той бәрібір ерте басталмайды ғой, сәл кешігіп барармыз. Мен алдымен ақшаны әкеліп алайын» деді.


Күйеуімнің тойға барғанда аздап «ұрттайтыны» бар еді. Сол себепті көлік жүргізуге ағайын інісін шақырған. «Серік, машинаны оталдыра бер, бірге барып келеміз» деп, екеуі бірге шығып кеткен. Сол кеткеннен қайтып оралмады ғой...


Арада екі сағат өтті, тиіп тұрған «Қайтпасқа» он барып келетін уақыт өтті. Екеуінен еш дерек жоқ. Той жайына қалды. Телефонға тыныштық жоқ, қайта-қайта хабарласамын, сөндірулі болды. Кәдімгідей уайымдай бастадым. Жүрегім бірдеңені сезгендей атқақтап соғып, қолдарым дірілдеп кетті. Сосын дереу қайныма хабарласып, болған жағдайды айттым. Ол үйге келіп, екеуміз полицияға хабар бердік. Олардың да қимылай қоюы қиын ғой, «Есі-басы бүтін, ересек адам екен, үш тәулікке дейін күтейік, оған дейін келмесе, онда іздеу жариялаймыз» деп кетті. Сол үш тәулік мен үшін үш жылға созылғандай еді. Біреуді күткеннен, хабарын білмегеннен асқан қасірет жоқ қой.


Үшінші күн дегенде полицейлер қимылдай бастады. Қарыз алған адамдарға да іздеу салды. Ақырында оларды Ташкенттен тапты. Оңбағандар қылмысын жасыру үшін шекара асып кеткен екен. Соның бәрі 200-ақ мың теңге үшін... Ойласам ет-жүрегім езіліп кетеді...


Ағайынды екі жігіт «Қайтпаста» болатын кездесуге өздерімен бірге заңсыз сақтап жүрген аңшы мылтығын ала шығыпты. Біреуі күйеуіммен әңгімелесіп тұрған да, екіншісі тасада тұрып көлік ішіндегі қайнымды атқан. Ол тіл тартпай мерт болыпты. Ал мен күйеуімді күшпен көлікке отырғызып, мылтықпен басынан атыпты. Сұмдық-ай! Сосын қылмыстарын жою мақсатында екі мәйітті салып алып, Сайрам ауданындағы бір ауылға апарып, көлікпен қоса өртеп жіберген. Айуандық емес пе? Екі дүниеде де 200 мың теңге үшін екі адамды өлтіріп, екі отбасының балаларын жетім қалдырғандар оңбасын деп күн сайын қарғап отырмын.


Сот оларды Қылмыстық Кодекстің 96-бабы, 2-бөлігінің «а», «ж», «з» тармақтарымен, сосын 187-баптың 2-бөлігінің «а» тармағымен кінәлі деп тауып, 24 жылға бас бостандығынан айырды. Меншігіндегі мүліктері тәркіленді. Сосын күйеуім мен қайнымның пайдасына 2 миллион теңгеден өтемақы өндірілсін деп үкім шығарды. Бірақ онымен арыстай азаматымның орны тола ма?


Міне, бесінші жылға аяқ басты, үйдің бүкіл жауапкершілігі өз мойнымда, қиыншылықпен өміріміз өтіп жатыр. Бәрінен де ағайынымыздың «баламыздан сендердің кесірлеріңнен айырылдық» деп ат-құйрығын кескені ауыр тиді. Оқиғаның бұлай аяқталарын білгенде қарғыс атқыр 200 мың теңгені садақа дей салар едік қой. Қайдан білейін?..


Осы жағдайдан кейін мен кісі баласына сенуден қалдым. Ақша жүрген жерде қылмыстың да қатар жүретініне көзім жетті. Сондықтан біреуге қарыз берерде сақ болған жөн. Өз басым біреуден қарыз алуды да, беруді де күйеуім кеткелі тоқтаттым».