«6 ай бойы АЛАЯҚқа жем болыппын»: шымкенттік келіншек қалай алданғанын айтып берді

0
2 680

​Бес ай, бес жыл алаяқтарға алданғыңыз келмесе 5 минут уақытыңызды бөліп, оқып шығыңыз.


«6 ай бойы АЛАЯҚқа жем болыппын»: шымкенттік келіншек қалай алданғанын айтып берді

Ерлі-зайыптылардың арасында сыр болғаны дұрыс па? Күйеуге нені айту керек, ал қай нәрсені одан жасыру керек?

Көбіне әйелдер жасырмай айтып қойғаны үшін опық жейтіні белгілі. Бірақ «айпағаны» үшін де зардап шегетін жағдайлар болады екен. Бұған шымкенттік Гүлсезім есімді келіншектің оқиғасын мысал етуге болады. Ол сол бір оқиғаны күйеуінен жасырғанына өкінеді. Ол қандай оқиға?


Бұл туралы Гүлсезім ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Бұл оқиға үш жыл бұрын дәл осындай қыс айында болған еді. Күйеуім жұмыста кезде кейде оның көлігін айдаймын. Сол күні бұрын бірге жұмыс істеген келіншектермен гәпке барғанмын. Көңілді отырыстан шығып, асығып келе жатқанмын. Жаяу жүргіншілер жолына жақындағанымда жылдамдықты басып, жан-жағыма мұқият қарадым. Ешкім жоқ еді, кенет бір жасөспірім қыз алдымнан жүгіре шықты.

Тежегішті басып үлгердім, бірақ оқушы қыз қорықты ма екен, қозғала алмай бір орында тұрып қалды да құлады.

Жерде сұлқ түсіп жатқан қызды көріп зәрем ұшты. Шынымды айтсам, өлтіріп алдым ба деп қорықтым. Не істерімді білмей әбігер болдым. Бүкіл өмірім бір минутқа жетпей көз алдымнан кино лентасындай зырлап өтіп жатты. Қыз қозғалғанда есімді жидым.

Тірі екен. Қуанып кеттім. Оны ауруханаға жеткізуді ойладым. Бірақ ол «Еш жерім ауырып тұрған жоқ. Ешқандай медициналық көмек қажет емес. Үйге баруым керек» деп, үстін қағып орнынан түрегелді. Үйіне дейін жеткізіп салмақ болған едім, одан да бас тартты. «Онда үйіңе таксимен жетіп ал» деп, қолына 5 мың теңге ұстаттым. Айыбымды жуып-шайғаным ғой. Алмады. Тірі болғанына қуанып, оған әйтеуір бір жақсылық жасағым келді. «Мейлі, онда жаңа жылға маникюр, педикюр тегін жасап беремін, хабарлас» деп, визиткамды беріп едім, алды.

Фото: zr.ru

Үйге жеткенше бірнеше рет уһіледім, құдайға тәубе еттім. Құдай сақтады. Әйтпесе көлігімен адам соғып өлтіріп қойып, қамалып кетіп жатқандар көп қой. «Пәле аяқ астында» деген рас екен. Сәл болмағанда істі боп шыға келер едім-ау. «Дүйсенбіден бастап намазға жығыламын» деп, өз-өзіммен сөйлесіп үйге жеттім.


Күйеуім – Шымкент пен Алматы бағытындағы пойызда жолсерік боп жұмыс істейді. Менің сол кездегі түтіккен түрімді көргенде бір жамандыққа ұрынғанымды біліп қояр еді. Үйде болмағанына қуандым. Түу, болмашы нәрселерге де қуануға болады екен ғой. Қыздың тірі қалғанына бір қуансам, күйеуімнің үйде болмағанына тағы да қуандым.

Күйеуімнің мінезі жаман. Бұл оқиғаны білсе, көлік рулін өмірімнің соңына дейін ұстатпайды. Ол бір-екі рет тамақ уақытылы дайын болмай қалғанда, сұлулық салонымды жауып тастамақшы болған. Бірақ салондағы жұмысым үйдегі тірлігіме зиянын тигізбейді деп, әрең көндіргенмін. «Бір рет мүмкіндік беру. Бір рет кешіру» деген оның түсінігінде жоқ. Айтқан сөзіне тіреліп тұрып алатын жаман мінезі бар.

Әйтеуір оны көндіріп, есік алдынан шағын әсемдік салонын ашып, жұмысын дөңгелетіп отырғаныма бес жылдай уақыт болған. Менің салондағы жұмысым кешке басталады. Қаладағы барлық әсемдік салоны жабылғанда, мен ашыламын. Салонның сұлулық шебері – өзім ғана. Бірақ қолымнан бәрі келеді, қас та теремін, шугаринг те жасаймын, тырнақ бояп, шаш та қиямын.

Күні бойы үй шаруасынан, төрт баламнан қолым тимейді. Сондықтан да тұрақты клиенттерімді кешкі уақытта қабылдаймын.

Бір күні салонға жасы 50-ге таяп қалған әйел келді. Тырнағына маникюр жасатты, шашын қидырып, боятты, кірпік жабыстырды. Қызмет ақысының қанша болғанын айтқанымда, «Төрт күн бұрын менің қызымды соғып, көшеде қалдырып кеткен сен бе?» демесі бар ма? Көзім шарасынан, ал жүрегім аузымнан шыға жаздады. «Ол жерде камера бар шығар иә? Сотқа шағымдансам да болар еді, бірақ жап-жас келіншектің түрмеге қамалғаны обал. Қатал заңнан бөлек адамдық заңы да бар. Түсінем. Адамның күні адаммен ғой» деді.

Фото: max4u.ru

Қорыққанымнан «Ешқандай ақы төлемейсіз. Сізге тегін. Келесі айда тағы да тырғаныңызды әрлеп, шашыңызды сәндеп берейін. Келіңіз» деп, шығарып салдым. Келмейтін шығар деп ойлағанмын. Жоқ, ол әйел ертеңіне тағы келді.


Көзі жасаурап тұр. «Қызым басының ауырғанын айтып жатып қалды. Құлағанда басынан соққы алған-ау шамасы. Сол күні оны ауруханаға апарып тексертуің керек еді. Қызым да көлік соққанын менен бір аптадай жасырып жүрген. Күйеуіме айтуға қорқам. Қысқасы, қызыма дәрі-дәрмек қажет» деді. Бұлай боларын білсемші, сол күні ол қызды сүйреп болса да көлігіме отырғызып ауруханаға апарар едім ғой. «Қанша?» дедім сасқалақтап. Сұрағаны 50 мың теңге болды. Үш-төрт күннен бері салоннан түскен бар табысымды қолына ұстатып жібердім. Сонымен тынса қанекей...

Екі аптадан соң әлгі әйел тағы да есік қақты. Оны көрсем Әзірейілді көргендей қалшылдап кететін болғанмын. Сәлем-сауқаттан соң «Маған 100 мың теңге керек боп жатыр» деді. Ары қарай сөзін тыңдамадым, одан ертерек құтылғым келді.

Өйткені үйде күйеуім бар еді, естіп қоя ма деп қорықтым. Екі күнде тауып беретінімді айтып, оны қайтармақ болғанымда «Жол полициясын ертіп келсем, одан да көп ақшаға түсесің ғой» деп қорқытты. Шынында мен одан қорықтым. Бір күн бұрын балалардың жәрдемақысын алғанмын, тағы да ақша қосып түгендедім. Әйтеуір құтылдым-ау.

Бірақ араны арыстандай әйел одан соң да талай рет үйге келіп мені бопсалады, қорқытты. Салоннан түскен ақшаның бәрін соған беріп отырдым. Соңында алтындарымды ломбардқа өткіздім. Неге сол кезде күйеуіме айтпағаныма өкінемін. Немесе заңгерлік орталықтарына барып, кеңес алсам да болар еді ғой, неге сонша уақыт жем болғанымды түсінбеймін. Түсінгенім, адам қорыққан кезде өз басымен ойлау қабілетін жоғалтып алады екен.

Бірде ол тағы да келіп, ақша тауып бермейінше кетпейтінін айтып тұрып алды. Қорқытып, үркітіп жатқанда күйеуімнің қасыма қалай келгенін байқамай қалдым. Бірақ күйеуім маған емес, мені қорқытып тұрған әйелге төне түсті.

«Неге менің әйеліме айқайлап жатырсыз? Үйіме келіп ұрыс шығаратын сіз кімсіз? Айқайлап тыныштығымды бұзғаныңыз үшін де, қақпамнан рұқсатсыз кіргеніңіз үшін де жауап беретініңізді білесіз бе? Дәл қазір бір емес, бірнеше заңды бұзып тұрсыз ғой. Заңды білесіз бе, әлде үйретейін бе? Полиция шақырамын» дегені сол-ақ, әлгі әйел мен сияқты дірілдеп қоя берді. «Сен емес, мен шақырамын полицияны» дей ме деп күтіп едім, ләм-мим деместен сүрініп-қабынып кетіп бара жатты.

Фото: westwindrecovery.com

Күйеуімнің тергеуі басталды. Амал жоқ, бәрін тәптіштеп айтып бердім. Сөзімнің соңына дейін сабырмен тыңдаған күйеуім, «Алаяққа алданыпсың ғой. Ақымағым-ай, жасырмай маған айтсаң болмас па еді» деді. «Сотқа арыз жазса қайтеміз?» деп, жылап қалдым. Күйеуім «Ол әйелдің аты-жөнін білесің бе?» деп сұрады.


Басымды шайқадым. «Сен сонда оның төлқұжатын көрместен сұраған ақшасын беріп отырдың ба? Мүмкін ол зардап шеккен қыздың анасы емес шығар. Көршісі, я болмаса оқиғаны пайдаланып қалмақ болған бөтен біреу болар. Оқиғаны көрген кез келген әйел қыздан визиткаңды сұраса, оқушы қыз бере салады ғой...» деп ұрысты.

Шынында да мен ол әйелдің кім екенін білмеймін. Талай рет ақша берсем де бірде-бір қолхат жаздырып алмаппын. Күйеуім маған күйініп кетті де үстелді жұдырығымен түйіп қалды. Қорыққанымнан жылап қоя бердім.

«Арыздана берсін. Адам өлтірген жоқсың. Көп болса 200 мың теңге айыппұл төлерміз. Көлік жүргізу құқығынан айырылуың да мүмкін. Бірақ бұл алаяққа жем болғаннан жақсы емес пе?» деп жұбатты. Сосын «Айтшы, осы уақытқа дейін ол әйелге қанша ақша бердің?» деді. Тағы да жауап бере алмадым. Бұл жолы өзімнің соншалықты ақымақ болғаныма ызам кеп жыладым.

«Мен тұрғанда ешкімнен қорықпа. Жылама!» деп, күйеуім құшақтады. Күйеуімнің сөзі кәдімгідей күш берді. Оның құшағы қорқынышымнан сейілтті. Еркекті апаларамыз бекерге «қорғаным» демеген екен ғой. Мен сол күні күйеуімнің нағыз қорған екенін сезіндім.

Әлгі әйел содан кейін қарасын көрсетпеді, сотқа да арызданбады. Ал мен сол оқиғадан кейін күйеуімнен ешнәрсе жасырмайтын болдым.

Әлі күнге дейін сол бір оқиға есіме түссе, алаяқ әйелге алты ай «сауынды сиыр» болғаныма өкінемін. Алты ай бойы өзімді іштей мүжігенімді, күйеуім біліп қоя ма деп қорыққанымды айтсаңызшы. Біреу қорқытса, бопсаласа, оны күйеуден жасырмау керек екен»


Гүлсезімнің кеңесін әр әйел есте ұстағаны жөн. Әлдекім қорқытып жүрсе күйеуіңізден жасырмаңыз. Өз құқығыңызды өзіңіз қорғай алмайсыз ба, қорғаныңызға айтыңыз. Еркек - қорған!


Ұқсас оқиғалар:


«Әр әйелмен жатады»: Қайнысының қылығына ашуланған келіншек не істерін білмей жүр


«Екі әйел алмаңдар!»: Екі отбасының ортасында жүрген азамат еркектерге кеңес бергісі келеді