​«9 рет құрсақ көтердім, бірақ тумадым»: жамбылдық әйел өкінішін айтып берді

0
2 092


​«9 рет құрсақ көтердім, бірақ тумадым»: жамбылдық әйел өкінішін айтып берді

Сіздіңше, мінездің жаманы қайсы? Ал Мадина «Ең жаман мінез – қырсықтық» дейді. Ол басындағы қайғысына, көңіліндегі азапқа қырсық мінезінен басқаны кінәлай алмай отыр.


«Адам бәрін мінезден табады екен» деген Мадина күйеуіне қырсығып жасаған ісі өмір бойы өкіндіріп келе жатқанын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


Ол былай дейді:

«Кішкентайымда әжем «Бұл мінезіңді қоймасаң оңбайсың» деп жиі ұрсушы еді. Бойжеткенімде де айналамдағы адамдар «Осы мінезің ұнамайды» деп айтатын. Бірақ мен қырсықтығым өкіндіреді деп еш ойламаған едім.

Әрине, жігіттің көбісі қырсық мінезіме шыдай алмаған. «Қырсық жігіт мал таппас, қырсық қыз бай таппас» деп бекерге айтылмаса керек. Мен қырсық мінезімнің кесірінен тұрмысқа кештеу шықтым. Бірақ сол жаман мінезден арыла алмадым. Ұққаным, қырсық мінезді адам ақымақтыққа көп барады екен. Марқұм әжем «қырсық адамның ақылы шолақ, ісі олақ болады» деп текке айтпаған екен ғой.

Тұрмысқа шыққанымда ең бірінші қуанған да әжем еді. Мен өзімнің сыныптасыма тұрмысқа шықтым. Бір айдай ауылда тұрдық та сосын күйеуімнің жұмыс бабымен қалаға көшіп келдік.


Күйеуім жұмыс істеді, ал мен үйде отырдым. Жұмыстың жоқтығы, қолымның бостығы мені аздырды ма, жоқтан өзгеге өкпелегіш боп алдым. Күйеуім айтпақшы, кір арзымас нәрсеге ренжіп тоңтеріс боп жүретінмін.

Таңертеңнен кешке дейін үйде отырған әйел зерігеді, істерге шаруасы қалмаған соң күйеуін аңдумен, әр қимылын, сөзін бағып ілік іздеумен болады екен. Күйеуім жұмысында сәл бөгелсе, кешігіп келсе күдікпен қарап, томсырайып сөйлемей, ұрыс шығаратын болдым. Ол қашанғы ақтала берсін, ашумен қатты сөздер айтып ренжітіп алады.

Сондай бір реніштен кейін ашуланып барып, құрсағымдағы үш айлық шарананы алдырып тастадым. Күйеуіме қиын қылғаным ғой. Қырсық-қыңырлығымның жетектеп апарған жері осы болды.

Ашуым басылған соң өкініш өзегімді өртеді. Бірақ мен бұған күйеуімді кінәладым. Жұмыстан келген күйеуіме «кешегі ұрыс маған ауыр соққы боп тиді-ау деймін, түсік тастап қойдым» деп алдадым. Дұрысы, оны айыптадым. Ондағы бір ойым күйеуім бұдан кейін маған дауыс көтермесін, кешікпесін, ешқайда бұрылмай үйге тіке қайтсын, қас-қабағыма қарап көңілімді тапсын дегенім еді.

Күйеуім менің айтқаныма сенді. Одан соң расында да ол маған көп көңіл бөліп, айналшықтап жанымнан шықпайтын болды. Бірақ мен күйеуімнің назарына іліккеніммен, Жаратушының назарынан қалғанымды кеш түсіндім.

Аборт жасатқанымда дәрігер қателік жіберіп алған ба, әйтеуір одан кейін құрсағыма біткен шарананың бәрі екі-төрт айдан соң түсіп қала беретін болды. Құдай да бергенінен танған жоқ, есептесем тоғыз рет жүкті болған екенмін, бірақ ешқайсысы тұрақтамады.

Емделдім. Күтіндім. Бірақ дәрігерлердің қолынан ешнәрсе келмеді. Олар жатырымда бала бекіп тұратын қабаттың қатты қырылғанын, аборттың сауатсыз жасалғанын алға тартады.


Жас өмірім жүкті болуды күтумен, ал аяғым ауырлаған соң оны түсіп қалмай ма екен деп уайымдаумен өтті. Әр шарананы түсік тастап қойғаннан кейін қайғырып жылаумен өткен күндерімді есіме алсам, сондай азапқа қалай шыдағанмын деп таң қаламын. Адам өзі кінәлі болса азапқа шыдайды екен ғой. Өзі күнәлі болса басқаның күнәсіне де көз жұма қарайды екен.

Климакс жасына жетіп қалғаныма да бірер жыл болды. Балам жоқ. Күйеуімнің басқа келіншекпен жүретінін, одан баласы бар екенін де білем. Бірақ оған ешнәрсе дей алмаймын. Бала туған әйел дауысын шығарып сөйлей алатын шығар, ал мен нені, немді міндетсінемін?

Амал жоқ, көнемін, көндігемін. Өйткені бұндай өмірді мен өз қолыммен жасағанымды мойындаймын...»


Өкінішті. Ал сіз қай ісіңізге өкінесіз, оқырман? Өкіндірген мінезіңізді жазып, комментарий қалдырыңыз, басқаларға сабақ болсын.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиға:


«Намазға жығады деп едім»: Келінінен көңілі қалған ана енді ұлынан ажырап қалам ба деп қорқады

«Түріктерше қолын сүйгізеді»: Енесінің қылығына налыған келіншек ренішін жеткізді