​«Абысыным баласын алып қойды»: түркістандық келіншек неге кетіп қалғанын айтып берді

0
2 288

"Мүмкін бірнеше жылдан кейін баламмен кездесермін. Менің үлкен арманым осы ғана" дейді ол.


​«Абысыным баласын алып қойды»: түркістандық келіншек неге кетіп қалғанын айтып берді

Фото: liter.kz/wp-content

Ең жаман аурулардың қатарына бедеулік пен белсіздікті де қосуға болады. Егер дәрігер осындай диагноз қойса, не істеу керек? Бала асырап алу, әлде ажырасу?

Наным-сенімі мол қазақ халқы болғандықтан, медицина маманының нақты диагнозын естісе де, емді басқа жақтан іздеп, уақытты созып жүріп алатындар көп. Маржан да қаншама уақытының босқа кеткеніне қазір өкінеді.



Ол өкінішін ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Негізі бізге бір білікті дәрігер балалы бола алмайтынымызды ашып айтқан болатын. Бірақ біз сенбедік. Басқа дәрігерлерге тексерілдік, емделдік.

Күйеуім екеуміз балалы болудың барлық амалын жасап бақтық. Тіпті жұрттың айтуымен емдік-сауықтандыру орталықтарына да бардық. Балшықпен емделдік. Бақсы-балгерлердің де айтқанын жасап көрдік. Құрқылтай құстың ұясын да алып қолдандым. Ешбірінен шипа болмады.

Есептесем, ем іздеуге, емделуге баққандай жеті жылымызды арнаппыз. Оқушы кезімде «Үлкен отбасым болса екен. Құдай қаласа он бала туамын» дейтін арманымның ауылы алыстағанына жылаған түнім де, күнім де көп.

Мен бір балаға зар болып жүрген кезімде абысыным жетінші ұлын дүниеге әкелді. Алайда жетінші рет көтергенін білгенде, осы нәрестесінің қыз болғанын қалаған. Бірақ күткені болмаған соң, баласына мейірімі түспей жүрді. Мейірлене емізбеген соң дұрыстап сүт шықпайтын. Бәріміз бір ауылда тұрғандықтан үйлеріміз бір-біріне өте жақын болды. Баланың шырылдаған даусын естіп, абысынымның үйіне қалай жетіп барғанымды да білмей қаламын. Ол кейде көршілерінің үйіне кіріп, сағаттап әңгіме-дүкен құрып, қас қарайғанша отырып қалады. Баланың жылаған даусына тасжүрек болмасаң шыдап отыру мүмкін емес.

Сөйтіп жүріп, бір күні баланы өз үйіме алып кеттім. Абысыным бұл әрекетіме қуанбаса, ренжіген жоқ. Енді шырылдаған баласын маған әкеп тастап кететінді шығарды. Өзі той-томалақтан қалмайды, ортаны бермейтін биші. Баласын маған тастап, төркініне барып, бірнеше апта жүріп келеді.

Ол келгенше баланы бағып-қағып, ауырып қалса шыр-пыр болып емдеп, тамағын тойдырып отырамын. Күн өткен сайын менің балаға мейірімім түсе бастады. Алайда күйеуімнің жылы қабақ танытқаны байқалмайды. Сұрланған жүзінде мейірімнің титімдей ұшқыны жоқ. Бұл менің қаперіме кіріп-шықпайды. Бар ынтам балада. Оның қылығы күн өткен сайын тәтті бола бастады. Бала да маған бауыр басып кетті. Басқа адамдар шақырса бармайды, қолына алса жылай бастайды.

Маған қарап көзі жәудіреп тұрса бар қайғымды ұмытамын. Ол қуанса қуанып, онымен бірге жылап аламын. Қолға алып, күні бойы көтеріп жүруден де шаршамайтынмын. Қолымнан түскен сәтте анасы есікті ашып, алып кетіп қалатындай әсер ететін. Бойымды қорқыныш билеп, абысынымның үйіне қарай беремін.

Баласын бірнеше күн көрмесе де абысынымның оған деген сағынышы байқалмайтын. Нәресте күні-түні біздің жанымызда болды. Оған сиыр сауып сүтін ішкіземін, бақшамыздағы түрлі көкөністерді езіп беремін. Шырылдаған шақалақ осылай бір жастағы балпанақтай балаған айналды. Бір жасқа толғанша, одан кейін де абысыным мен қайнағам оны сұрай қойған жоқ.

Мен бізге баланы берді деп ойлап, қуанып жүрдім. Енем «Баланы өз анасынан ажыратпа» деген соң, бауырларымен бірге өссін деп жиі абысынымның үйіне алып баратынмын. Абысыным оған жолай қалса, қызғаныштан өзегім өртеніп кете жаздайтын. Мейірімі оянып, алып қоймай ма екен деген ойларыммен арпалыстым. Сірә, менің сол кезде қаншалықты қиналғанымды айтып жеткізе алмаспын.

Әсіресе, баланың ыстығы шығып, жөтеліп қалса абысыным жүгіріп келеді. Қызғанамын, бала тумасам да, қарай аламын ғой деп іштей ашуланамын. Ол аз болғандай күйеуім «Жақсылап қарасаң бала ауырмас еді» дегенде жарылып кете жаздаймын. Ал енем басу айтудың орнына: «Өз баласы болмаған соң бәрібір» дейді.

Кейін енем «Баласын шешесіне қайтарып бер, сен баға алмайсың» деп айтып бастады. Бұл сөздер жүрегімді тіліп өтетін. Енеме жауап қайтаратын дәрмен жоқ, күш-жігерім екі көзімнің жасына ғана шамасы келеді.

Күйеуімнен де қайран жоқ. Мені қолдап, жұбатудың орнына «Баланы шешесіне қайтарып бер де, кете бер» дейтінді шығарды. Баланы беретін кезде ойланбастан берді емес пе? Неге енді мен қайтып беруім керек?

Бірақ бір күні балам қатты ауырып қалды. «Жедел жәрдем» ауруханаға алып кетті. Әрине, онымен бірге абысыным кетті.

Ауруханадан шыққаннан соң ол баланы маған бермей қойды. Бермейтінін ашып айтты. Сол күні күйеуім сәл масаңдау еді, «Дұрыс, жеңеше, бұл туа да алмайды, балаға қарай да алмайды. Ажырасамын» деді.

Бәріне ашуланып төркініме кетіп қалдым. Содан бері бір жыл уақыт өтті. Күйеуім іздемеді, келмеді. Ортақ баламыз болмағандықтан, сот арқылы ажырасуға күйеуім арыз берген. Оңай ажырастық.

Қазір ойлап отырсам, қаншама жылымды жоғалтыппын. Дәрігер нақты диагноз қойған кезде-ақ абысынымынң баласын бауырыма баспай-ақ, басқа бала асырап алуға әрекет жасауым керек еді. Ал қазір не үйі, не күйеуі жоқ маған бала асырап алу мүмкін емес. Жасым 40-қа келгенде енді тұрмысқа да шықпайтын шығармын, бала да туа алмаймын-ау.

Енді, сол кішкентай ғана құлыншаққа Алладан анасының мейірімін төге көрсін деп тілеймін. Оған тек сырттай ғана тілекші болғаннан басқа қолымнан ешнәрсе келмейді. Ол жүрегімде жалғыз менің балам болып қала береді.

Кім біледі, «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» дейді ғой. Мүмкін бірнеше жылдан кейін баламмен кездесермін. Менің үлкен арманым осы ғана...»


Ұқсас оқиғалар:


«Өлген адамның ішкиіміне таласты»: шымкенттік әйел сұмдық жайтқа куә болғанын айтты

«Отбасылы әйел менің күйеуіммен жүреді»: шымкенттік келіншек көпшіліктен ақыл сұрайды