«Абысынымның ішкиімін ұрлап кидім»: жамбылдық келіншек қалай балалы болғанын айтты

0
4 400

Сәби сүюді армандап жүргендер жасап көрсе болады.


«Абысынымның ішкиімін ұрлап кидім»: жамбылдық келіншек қалай балалы болғанын айтты

Халқымыздың салт-дәстүрінде қаншама ырым бар, бәрінің де астарында тағылым, тәлім және тылсым жатыр. Шын сеніп, ақ ниетпен ырым еткендердің дегені орындалады. Ал сіз ырымға сенесіз бе?

Жамбылдық Айша да бастапқыда ырымға сенбеген екен. Ол ұзақ уақыт бір балаға зар болған әйел. Қымбат дәрілерді ішкен, небір медициналық клиникаларда ем қабылдаған. Бірақ нәтиже болмаған. Соңында көптің бірі айтқан ырымдарды жасап, балалы болған. Содан бері ол ырымға сене бастапты.



Ол балалы болуына қандай ырым көмектескенін ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Мен кейбір қыздар сияқты бойжеткен шағымда карьера қууды, білім жолында жетістікке жетуді армандаған емеспін. Көпбалалы ана болып, күйеуімді жұмыстан күтіп алып, шығарып салып, өмірімді отбасыма арнауды ғана ойлайтынмын. Өйткені мен мектепте сабақ оқығанды жек көретінмін. Кітаптың бетін ашсам басым ауыратын. Сыныптан сыныпқа әупірімдеп әрең өтіп жүргенімді көрген анам «Ертең кім боласың?» деп ұрсатын. Сонда мен «Әйел болам, ана болам» дейтінмін. «Кім болсаң да соның ең жақсысы болмайынша, бақытты болмайсың. Онда осы бастан тамақ пісірудің шебері болуды үйреніп, келін болуға дайындал» деп, үй тірлігінен қолымды босатпайтын болды.

11 жылдық мектепті бітіргенше мен қамыр жаю, бауырсақ пісіру, ет асу, түрлі-түрлі тағам дайындауда бесаспап боп шықтым. Біздің үйде анам емес, әкем киімді жақсы үттіктейтін. Перде, төсек жаймасын үттіктеу оңай ғой, ал көйлек, шалбар үттіктеудің өз сыры бар. Бұны маған әкем үйретті.

Мен мектепті бітірген соң жоғары оқуға түспей, ханзадамды күттім. Бірақ адамның ойлағаны бола бермейді екен. Ешкім қолымды сұрап келмеді, танысқан жігіттер де үйленуге асықпады. Ауданда мүмкіндік аз болғандықтан, қалаға кеттім.

Әпкем мен жездемнің үйінде тұрдым. Олар базарда сауда жасайды. Ал мен балаларына қарап, үйін жинап, тамақ пісіріп қояымен. Әпкем ауырып қалғанда, бір маңызды шаруалары шығып қалса, оның орнына сауда жасауға шығатынмын.

Күйеуіммен аяқ киім сатып тұрғанда танысқанмын. Ол саудагерлерден тапсырыс қабылдап, Бішкектен тауар жеткізіп берумен айналысады екен. Менен алты жас үлкен. Сөз басы түзу, пысық жігіт. Ержігіттің мақтауын әпкем мен жездем де келтірді. Біз үш айдай кездесіп, шаңырақ көтердік.

Күйеуімнің екі бөлмелі пәтері бар. Табысы жақсы. Мен ешнәрседен таршылық көрмедім. Ержігіт үшін тамағы уақытылы дайын тұрса, үй мұнтаздай таза болса болғаны. Ал бұл менің қолымнан келеді.

Әйел ретінде бақытты едім. Бірақ ана бақыты кешеуілдей берді. Күйеуім ем-домнан ақша аямады. Еліміздегі ең мықты дәрігерлерден ем алдым. Алайда нәтиже бола қоймады әрі ешкім үмітімді де үзбеді. Бәрі де «Жақсылап ем қабыдасаңыз, балалы боласыз» деп шығарып салатын.

Фото: medicalstories.ru

Осылай үлкен үмітпен айлар аунап, жылдар жылжыды. Ел кезіп, дәрігерден ем алып жүргеніме, әр емнен соң балалы болуды күтімен 10 жыл уақытым өтті. Мен де, күйеуім де балалы болуға қабілеттіміз. Мүмкін халық тәжірибесіне сүйеніп, көптің айтқанын орындап көрерміз дедік. Көп ойланып, екеуміз Қазақстандағы он бес шақты киелі кесенелерді аралап та қайттық. Әруақтарға бағыштап мал да сойдық.

Айша бибі кесенесіне барғанымызда тәу етіп келген бір әйелмен сөзім жарасып кетті. Жоғымды айттым. Ол Жамбыл облысының бір ауылында тұратын емші әйелге баруға кеңес берді. Айтылған мекенжай бойынша емшіні іздеп таптық. Кезек күткен адам көп. Олардың айтуынша, сол емшінің себепші болуымен балалы болғандар жетерлік.

Үш күннен соң кезегіміз келді. Емші бала көтермеген əйелдердің белгілі және белгісіз ауруларын қара қойға көшіріп емдейді екен. Қара қой сатып алдық. Емші ауылдың сыртына ертіп барып, үлкен жолдың бойына жатқызды. Үстімнен қара қойды үш рет өткізіп «Дертіңді саттың ба?» деп, үш рет сұрады. Мен «саттым» деп үш рет жауап бердім. Содан соң қара қойдың басынан, белінен және аяғынан үш уыс жүн қырқып алып, өртеді. Өртенген жүнмен мені аластай бастады.

Емші әйелдің «Жеті күнде, жеті аптада немесе жеті айда жүкті боласың» дегеніне тоқ боп жүргенде тағы бір жыл сырғып өте шықты.

Бізді ажырасып кетеді деп қорыққан ағайын-туыс, құрбы-дос білгендерімен бөлісіп жатты. Балалы болған тоғыз әйелдің бұтының арасынан да өттім. Қаладағы балалар үйіне қайырымдылық жасап, ойыншықтар апарып бердім.

Бір күні базардағы саудагер әйелдердің бірі қызық ырым туралы айтып берді. Оның абысыны бір баладан соң жеті жылдай жүкті бола алмай жүріпті. Оның да мен сияқты бармаған жері, баспаған тауы қалмаған көрінеді. «Сол абысыным енемнің ішкиімін ұрлап киді. Менің енем он бала туған батыр ана. Абысыным шын ниет еткен-ау, сол жылы құрсақ көтерді» деді ол. «Менің енем қайтыс боп кеткен ғой» деп мұңайдым. «Көп бала туған абысындарың бар шығар, солардыкі де жарайды. Бұл жерде ең бастысы – сенімде ғой. Сенімің мықты болу керек, ниетің күшті болсын» деп ақылын айтқан еді.

Менің үш абысыным бар. Үлкенінде жетеу, екіншісінде екеу, ал үшіншісінде төрт бала бар. Үлкен абысынымның мінезі шатақтау, одан сұрасам түсінбейтіні анық. Ал ұрлап алсам, біліп қойса ше, не болады?

Қорықып, ыңғайсызданып үш айдай жүрдім. Үйіне барамын, бірақ ішкиімді ұрлауға дәтім бармайды. Бір күні бұл ырымды айтқан саудагер әйелге «Қолымнан келмейді екен, қорқам» деп едім, «Ішкиім ұрлау қорқынышты ма, әлде өмір бойы балалы бола алмау қорқынышты ма? Жасың 40-қа келсе, климкас басталған соң абысыныңның он ішкиімін кисең де туа алмайсың. Уақытты созба» деп ұрысты. Бала сүйе алмай қалудан қатты қорықсам керек, үш айдай үйіне жиі барсам да, ұрлығымды жасай алмай жүрген мен сол күні абысынымның балконында жайылып тұрған ішкиімді ұрлап кеттім. Асығып қолыма ілінгенді қалтама тыққанмын ғой. Үйге кеп қарасам, абысынымның ішкиімімен бірге қайнағамдыкін де алып кетіппін. Күйеуім көріп ішек-сілесі қатып күліп алды. Сосын «Әкел» деп, киіп алды. Ал мен абысынымдыкін киіп жүрдім. «Ұрлығымызды» үстімізден көрген сайын екеуміз әбден күлеміз.

Екі айдан соң шынында да мен құрсақ көтеріп, қызымды әкелдім дүниеге. Оны емізіп жүргенде тағы да аяғым ауырлады. Ұл тудым. Қазір қызым студент, ұлымыз биыл мектеп бітіреді.

Жақында осы бір ырым жайында бір келіншекке айтып бердім. Ол «Ішкиім көмектеседі дегенге сенбеймін. Екеуіңде сол сәттерде өте көңілді болғансыңдар. Әбден күлетін едік дедің ғой. Мәселені ұмытып, көңілді боп жақындасқанда көтергенсің ғой баланы» деп, психологиямен, көңіл күймен байланыстырды. Меніңше, ырым балалы етті. Ырымға сенем...»


Осылай дейді Айша. Ал сіз балалы болуға көмектесетін қандай ырымды білесіз? Білгеніңізді комментарийге жазып бөлісіңіз.


Ұқсас оқиғалар:

«Келініме деген кек пен реніш РАКқа шалдықтырды»: шымкенттік әйел өкінішін айтты «Енем ұлынан жасым үлкен екенін айта беретін»: алматылық әйел не үшін кетіп қалғанын айтты