​«Әйелім пәтер үшін мені қаматып жіберді»: алматылық азаматты қайынжұрты істі қылған

0
1 194

«Одан бөлек үш мың долларды жоқ қылған»


​«Әйелім пәтер үшін мені қаматып жіберді»: алматылық азаматты қайынжұрты істі қылған

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Атам қазақ «Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді, жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» деп тауып айтыпты. Барлығы әйеліңе байланысты екен. Оны өзімнің басымнан өткізіп, түсіндім. Қазір әйелім мені қамату үшін барын салып, жанталасып жатыр», - дейді Сейдазым есімді азамат.


Үстінен іс қозғалған оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне болған жағдайды егжей-тегжейлі айтып берді.


«Әйелім екеуміз ессіз ғашық боп, бір-бірімізді өліп-өшіп сүйдік деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бізді достарымыз таныстырды. «Пысық қыз, жұмыртқадан жүн қырқады» деп мақтауын келтіргесін алғам. Басында бәрі өз ретімен келе жатқан. Кейін төркіні қалаға көшіп келді де, арамыз алшақтай бастады.


Обалы не керек, жақсы қызметте істедім. Жалақым да, одан бөлек түсетін табыс та мол болды. Екі перзентіміз бар, ештеңеден тарықтырмай өсіріп жатқам. Бір күні әйелім «ауылдағы мамам мен інілерімді көшіріп әкелейікші, қайта-қайта давлениесі көтеріле береді, мына жақта уайымдап өлетін болдым» деп күн сайын миымды жеп, ақыры көндірді. Олар ауылда тұратын, үйлері кіп-кішкентай, сатып, қаладан үй алуға жетпейді, сосын Алматының шет жағынан үш бөлмелі «времянка» алып, енем мен қайныларымды көшіріп әкелдім.

Ескі демесеңіз, іші-сырты тап таза, алдында фундамент құюға жарайтын жері, бақшасы бар. Қалаға келсе қайныларым жұмыс істеп, ары қарай іліп әкетер деген ой болды. Бірақ олар қалаға келгесін менің мойныма біржолата отырды. «Жұмыс істесеңдерші» деп бір-екі идея айтып едім, «ой, жұмысы ауыр, айлығы аз ғой» деп бас тартты. Шешелерінің пенсиясына ортақтасып, масыл болғаннан басқа тірліктері жоқ.


Енем қалаға көшіп келгелі әйелімнің қолында ақша тұрмайтын болды. Апта сайын артынып-тартынып барып келеді. Одан бөлек тағы да аударым жасап тұратынын сезем. Қысқасы, тапқан табысымның берекесі қаша бастады. Бәле-жаладан аулақ, ақша үшін ұрыспайын деп тыныш жүргенмін. Бірақ шыдамның да шегі бар екен. Бір күні жарылдым.


Қаладағы үш бөлмелі пәтерден қысыла бастадық, жер үй алсам ба деп, соған ақша жинап жүргем. «Мынаны қосып қой» деп әйеліме ұстатам. Бір күні жақсы үй шығып, жинаған ақшаны сұрасам мыңқ-мыңқ етіп жауап бере алмай тұр. «Мен үш мың долларын ініме бердім, біреуден қарыз екен, үйді алып қоямыз деп қорқытыпты. Басы аман болса тауып береді» деп міңгірледі. Қалған ақшаны түгелімен алып, банкке салып тастадым. Менің қаншама уақыт бойы маңдайымды терлеткен табысым қайдағы бір жалқау, жатыпішер еркектің қарызын жабуға кетіпті. Ашуланатын нәрсе ғой, иә?


Осы жағдайдан кейін әйеліме артық ақша ұстатпайтын болдым. Бәрінің есебін сұрап тұрам. Бұл оның ызасын тудыра бастады. Бірте-бірте арамызға енем түсіп, қызын маған айдап сала бастады. Ақырында ажырасып тындық. Үш бөлмелі пәтерді сатып, әйелім мен балаларға екі бөлмелі, өзіме бір бөлмелі пәтер алып, екіге кеттік.


Енді барлығы тыныш тапқан шығар деп ойлағанмын. Біраз уақыт өткеннен кейін әйелім менен кешірім сұрап қайта келді. Оны кешіре қоймайын десем, екі баламды ойладым, қасымда болғанын қалаймын. Сонымен қайтадан бірге тұра бастадық.


Соным бекер болған екен. Қайта қосылғалы бері әйелімнің бауырлары сол күйінше бізге тыныштық бермейтін болды. Тіпті маған өткізіп қойған міндеті бар секілді үлкені менің жағама жармасатын болды. Бір-екі мәрте шекісіп те қалдық. Әсіресе кіші інісі қызба, болмашыға төбелес шығара салады. Бір жолы намысыма тиіп, балағаттаған соң шыдай алмай қол көтергенім бар еді. Енді сол оқиға өзіме таяқ боп тиіп отыр.


Өткенде кешкісін жұмыстан келе жатсам біздің үйдің бұрылысында кіші қайным әлдекіммен ерегісіп тұр екен. Көлігімді қойып, жанына жетем дегенше болмады, ерегіскен адамы қайныма пышақ сұғып, қашып кетті. Қуып үлгере алмадым. Дереу сол жерде жедел жәрдем шақырып, басынан сүйедім. Қанша жерден ренжісіп жүрсек те ол да адам баласы емес пе, жаным ашып, дереу әйеліме, ағасына хабарладым. Бірақ олар келгенше қайным жан тапсырды. Пышақ бауырға тиген екен, ішке қан кетіпті.


Оқиға орнына келген әйелім мен қайным «сен өлтірдің» деп жала жауып, қайным мені сабап тастады. Артынша үстімнен іс қозғалып, түрмеге қамалдым. Тыныш өмірім артта қалды, өзіме қорғаушы жалдадым. «Ақтап алып шығамын» деп уәде берді. «Үш бөлмелі пәтерді анамның атына жазса, арызды аламыз» деп әйелім сәлем айтыпты. Яғни оларды бауырының өлімі емес, менің пәтерім қызықтырыпты. «Беремін, босатсын» деп жібердім. Басымның бостандығы үшін малым садаға. Енді көрмегенім әйелім мен оның бауыры болсын...»