​«Ақшамды енем ұстайды»: Шымкенттік келін отбасындағы айнымайтын қағиданы айтып берді

0
3 942

«Маған рахат, ештеңеге басым қатпайды...»


​«Ақшамды енем ұстайды»: Шымкенттік келін отбасындағы айнымайтын қағиданы айтып берді

иллюстрациялық коллаж үшін суреттен интернеттен алдынды

Әр отбасының өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Ондай ережені орнату да оңай шаруа емес шығар. Осындай отбасылық қағиданың бірін шымкенттік келіншек ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген болатын.

Төрт баласымен өз алдына бөлек шаңырақта тұратын Сымбат есімді келіншек жалақысын енесіне беретінін айтып берді.

«Басында мұны қорлық деп түсінгенмін. Бірақ кейіннен көзім жетті. Ақшаны үйдегі нағыз жұмсап, жинай алатын және керек жеріне жеткізе алатын адамның ұстағаны дұрыс екен. Ал мен оны түсінбей қанша рет қарсы болып, тіпті бір рет төркініме де кетіп қалдым ғой», - дейді Сымбат өзінің алғаш келін боп түскен сәтін еске алып.


- Үйдің үлкен келінімін. Беташарым өткен күннің ертеңіне енем күйеуім екеумізді шақырып алды да, атамыздың көзінше бұйыра сөйледі. «Бүгіннен бастап жалақыларыңды түгелдей маған бересіңдер!» дегенде жас келін екенім есімнен шығып көзім бақырая қарап қалыппын. Күйеуім түртіп қалды да, «жарайды, мама» деді. Мен сұрап та үлгермедім.


Содан бастап ай сайын жалақымызды әкеліп түгелімен енемнің алақанына салдық. Екеуміз де жұмыс істейміз, күйеуімнің табысы жақсы еді. Бірақ маған бұл қорлық сияқты көрінді. Ерте тұрып таңғы асты дайындап, жұмысқа кетемін. Жұмыс істеп шаршап келгенде кешкі ас беріп, оның ыдысын жуу керек, одан басқа кішігірім жуылатын кір дайын тұрады. Шаршайсың. Сөйтіп жүріп тапқан ақшамды неге мен енеме беруім керек? Неге өзім еркін жұмсай алмаймын?


Осылай деп күнде күйеуімнің құлақ етін жеуші едім. Бірде сол үшін дауысымыз да қатты шығып, ұрысып қалдық. Енем келді де, «қарның аш па, әлде киімің жоқ па?» деді. Мен жауап бере алмадым. «Екінші рет бұлай деуші болма, екеуің бөлек үй боп кеткенше ақшаларың менде болады» деп қатты айтып кетті. Мен жылап қалдым.


Иә, тек мен ғана емес, енем қайнымның да, менен кейін түскен кіші келіннің де ақшасын ұстады. Атам екеуі үйге қажетті барлық азық-түлікті алады, той-жиынымыз болса, қанша десек соншасын береді. Жолға және басқа ақшамызды да күнде сұрап алуға әбден үйрендік.

Тек бір рет қана мен акциямен сатылып жатқан қымбат тонды алғым келгенде күйеуім де, енем де ақша бермеді. Сол үшін күйеуіммен ұрысып қалып, төркінімде бір апта жатып келдім. Үйге барған соң анам да ұрысты, «кеше ғана апардық қой артыңнан қымбат тонды, басыңа ұрасың ба?» деп.


Декретке шыққан соң басылдым, оның үстіне токсикозым ауыр болып ақша ойлайтын жағдайым болмады. Декреттік демалысымның ақшасын да, бала күтіміне алатынымды да енем ұстады. Бірақ ештеңеден тарықпадық, «памперс», балаға керектінің барлығы болды. Бесіктой үшін де біздің басымыз қатқан жоқ, енем өзі ұйымдастырып, өзі жасады бәрін. Маған рахат, жетеді-жетпейді деп ештеңеге басымды да қатырмадым.


Ең риза болғаным, бар ақшаның басын құрап бізге үй сатып алып берді. Екі балалы болғанша екі келін бірге тұрғанбыз. Үш бөлмелі пәтер сатып әперген ата-енем үшінші қызыма аяғым ауыр кезде бізді енші беріп, тойшық жасап бөлек шығарды. Пәтер жалдап қаңғымадық, ипотека деп те бас қатырмадық. Кең бөлмелі пәтерді сатып алып, жөндеуін де жаңартып жасап жап-жаңа үйге кіргізді. Тіпті, қажетті жиһазға дейін сатып әперді.


Осы кезде кіші келін сөйлеп қалған еді. «Біздің де үлесіміз бар бұл үйде, жалақымызды тиынына дейін санап беріп отырмыз ғой» деген оған енем бір-ақ сөзбен жауап берді. «Саған мынау даңғарадай үй қалады дүние-малымен, не арманың бар басқа?!» деген соң қайта сөйлемеді келін.

Сол күні өз үйімізде отырғанда енеме алғыс айтып сандығымдағы қымбат орамалды иығына жауып отырып алғысымды айттым. Егер енем жалақымызды ұстап жинамағанда, ұқсатып жаратпағанда не болса сол қыдырумен, қызығушылықпен босқа құрмар ма едік? Аз уақытта пәтер сатып ала алар ма едік?!

Сонда енем «енді өздерің ұстаңдар ақшаларыңды» деп жалақы алатын карточкаларымызды қайтарып берді. Күйеуім екеуміз аларымызды не алмасымызды білмей абдырап қалдық. Бірақ сол жылдар ішінде біз ақыл тоқтатып, ақшаның қадірі мен есебін түсінетін жасқа жеткен едік.


Қазір де ақшамыздың бір бөлігін енемізге беріп тұрамыз. Себебі, ата-енем әлі күнге үйімізге азық-түлік тасиды. Не алса да екі үйге бірдей алып, бөліп береді. Келіп тоңазытқышымызды толтырып кеткенде қалай апарып бермейсің ақшаны?! Жалақымызды берекелендіріп ұстауды үйреткен енеме алғыстан басқа айтарым жоқ. Ұзақ жасасыншы ортамызда деп тілеймін балаларымның ата-әжесі! – деп сөзін аяқтаған Сымбат разылығын да қоса білдірді.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Ұл туып бер» деп өлтіріп тынды»: түркістандық бойжеткен әпкесінің қазасына жездесін кінәлайды


«Туып алған соң ажырасып кетем деп ойлап едім»: шымкенттік келіншек қателігін айтты