​«Алдымен інісі, кейін өгей әкем зорлады»: бойжеткен кәмелетке толмаған кезіндегі басынан өткен сұмдық жағдайдың бетін ашты

0
5 160

«Істің соңы сұйылып, кінәлілер жазаланбады» дейді "Аналар үйін" паналаған жас ана.


​«Алдымен інісі, кейін өгей әкем зорлады»: бойжеткен кәмелетке толмаған кезіндегі  басынан өткен сұмдық жағдайдың бетін ашты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейбіреулерге Құдай бәрін үйіп-төгіп бере салады. Ал енді біреуіне дым да жоқ. Тіпті тағдырын тәлкекке салып, ит азапты өмірді пешенесіне жаза салады. Және оны сондай күйге түсірген оңбағандар еш жазаланбай, тайраңдап жүре береді. Сонда өмірдің әділеттілігі қайда?», - дейді енді ғана он сегіз жасқа толған Назерке есімді жас ана (кейіпкердің есімі өзгертілді).


Тоғызыншы сынып оқып жүргенде зорлықтың құрбаны болып, кейін өгей әкесінің езгісіне тап болған Назерке қазір «Аналар үйін» паналауға мәжбүр болып отыр. Басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне бүкпесіз айтып берді.


«Анам мен әкем 5 жасымда ажырасып кетіп, мен анаммен бірге қалғанмын. Әкемнің қазір қайда, нендей күйде екенін білмеймін. Анам ажырасқан соң біраз жыл жалғыз жүрді де, кейін өзінен он жас кіші жігітке тұрмысқа шықты. Анам 1975 жылғы, ал өгей әкем 1985 жылы туылған. Біздер Алматы қаласында тұрдық. Екеуі де араққа әуес еді, күн құрғатпай ішетін.


Тоғызыншы сыныпта оқып жүргем. Кешкісін мектептен қайтып келе жатқанымда алдыма бір көлік тоқтап, ішінен екі жігіт атып түсті де, мені қинап отырғызып алып кетті. Сол түні бір жігітке зорландым. Басында жағдайды түсіне алмай, есеңгіреп қалдым. Мұны біреуге айту да оңай емес екен. Ешкім білмесе екен дедім. Анама да жақ ашпадым. Өткенді ұмытып, «мұның бәрі түс» дегенге өзімді сендіруге тырыстым.


Бірақ көп ұзамай жүкті екенімді білдім. Ішім шығып, жүрегім айни бастағанда анам сезіктеніп, дереу тексертіп еді, ішімде үш айлық бала бар екен. Анам бірден айқайға басқанда ештеңе айта алмай, қатты қиналдым. Шешем жасы сорғалап, мені сұрақтың астына алған соң, әлгі жігіт туралы айтып бердім. Ең сұмдығы – ол өгей әкемнің туған інісі болып шықты. Мұны естіген өгей әке маған сенбеді. Бауырын қыспаққа алып еді, онысы мойындамай, ақырында бәріне өзім кінәлі болып шықтым. Іштей тұншығып жылағаннан басқа қолымнан не келсін?


Бұрыннан арақ десе жанын беретін анам мен өгей әкем менің жүктілігіме күйінген болып, ішулерін үдете түсті. Бірде түн ортасында мені қастарына шақырып алып, өгей әкем «Егер айтқаның шын болса, ішіңдегі бала менің де қаным. Ініммен жатсаң, енді менімен жатуың керек» дегенде үстімнен мұздай су құйып жібергендей, жүрегім тарсылдап, анама жалтақтап қарай бердім. Ол бұған титтей де таңғалған жоқ. «Келісесің бе, өзің біл!» деп бөлмеден шығып кете барды.


Өгей әкем сол түні жаныма жоламады. «Мүмкін екеуі де мас болып, не айтқандарын түсінбеген шығар» деп өзімді жұбатқам. Екін күннен соң өгей әкем төсегіме келіп, мені еркімнен тыс зорлады. Содан бастап өмірім қара түнекке айналды. Күнде ішіп келіп, маған тиісудің амалын іздеп тұрды.


Ең сорақысы, таңертең дым болмағандай, қамқор әкенің рөлін ойнап отыратын «Түнде саған тиіспедім бе, артық кетсем кешір!» деп шашымнан сипап, мүләйімсіп қалатын. Қазір ойлап отырсам, өгей әкемнің түпкі ойы мен болған екенмін ғой. Себебі үнемі мені жанына отырғызып алып, қол жүгіртетін. Құшақтап, бетімнен жиі сүйетін. Мен сорлы оның бұл қылығын әкелік қамқорлық деп түсініппін.


Бұндай азапты күндер екі айға созылды. Ішім әжептеуір білініп қалған. Сонда да баланы да, өзімді де өлтіргім келіп, талай мәрте дәрі іштім. Бірақ одан еш зиян болмады. Арқа сүйейтін ешкімім жоқ деп ішқұса болып жүргенде Алматының шет жағында тұратын анамның құрбысы есіме түсті. Бала күнімде үйге жиі келіп, мені алдына отырғызып, еркелетуші еді. Бір жыл бұрын үйіне барғанбыз. Бар үмітім сол болып, жолға шықтым.


Шешемнің құрбысы мені бірден таныды. Болған жағдайды естіген соң дереу учаскелік полиция шақырып, өгей әкемнің, оның інісінің үстінен арыз жаздық. Полицей шешемнің де жазадан шет қалмайтынын айтты.


Бірақ іс сол күйі соңына жетпеді. Өгей әкемнің нағашысы лауазымды қызметте екен. Ың-шыңсыз жауып жіберді. Анамның құрбысы мені «Аналар үйіне» әкеп, орналастырған. Мұнда барлық жағдай жасалған екен, оқуымды жалғастырып, балам жасына толғанша паналауға рұқсат етті. Екі айдан соң он сегізге толамын, ал қызым алты айдан асты.


Көкейімде қорқыныш пен үрей бар. Анам хабарласып, өкінетіндігін, мені алып кеткісі келетінін айтады. Бірақ әлі әлгі күйеуімен бірге тұрады екен. Өмірімді өксіткен адаммен қайта көріскім келмейді.


Басында баламды туып, одан бас тартқым келген. «Жаспын ғой, бір балаға зар болып жүргендер асырап алсын, өз өмірімді реттеп алайын» деп ойлағам. Бірақ мұндағы психологтар менің өмірге деген көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Баламнан бас тартпағаныма қазір өзім қуанамын.


Тек өгей әкем мен оның інісі тиісті жазасын алса деген тілегім бар. Жас өмірім қор болып, бар арман-мақсатым күлге айналып, тағдырымның тас талқаны шықты емес пе?! Олар жер басып, бостандықта жүргенде жүрегіме тыныштық орнай алмайтын сияқты. Құдайдан менің басымдағы жағдайды ешкімге бермесе екен деп тіледім…»


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:

«Құрбым күйеуін «прокатқа» берді»: түркістандық әйел отбасындағы ерекше жағдайды жайып салды


«Шашымнан сүйреп, басымнан тепті»: қызылордалық келіншек күйеуінен теперіш көргенін айтады


«Немеремнің әкесі бөтен біреу боп шықты»: шымкенттік әйел келінінің құпиясын біліп қойғанын айтады