​«Алғашқы махаббатым тұрмысқа шықпай қартайды»: түркістандық азамат ағалардың қателігін айтты

0
5 465

Бұл көп еркектің жіберетін қателігі дейді ол.


​«Алғашқы махаббатым тұрмысқа шықпай қартайды»: түркістандық азамат ағалардың қателігін айтты

Фото: fb.ru

«Қыз бала анасына жақын болады. Бірақ ол да біреудің анасы болу үшін жаралған. Сондықтан кішкентайынан «қыз – қонақ» деп құлағына құйып өсірген. Бірақ әке-шешеге ұлдар қарамаса ше? Амал жоқ бұл міндет қыз баланың мойнына жүктеледі. Мен білетін көп қыз ата-анасына қараймын деп, өзі ана болуды ұмытады», - дейді түркістандық Сауран есімді азамат.

«Ата-анаға ұлдар қарау керек», - дейді ол. Оның былай деуіне себеп бар. Оның мектепте бірге оқыған алғашқы махаббаты анасына қараймын деп оң жақта отырып қалыпты.



Бұл туралы Сауран ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді:

«Нәзия сұлу еді. Үздік оқушы болатын. Сыныптағы жігіттердің бәрі ғашық. Бірақ оның үш ағасы болғандықтан, сөз айтуға қорқатын. Батылдық жасап хат жазған мен ғана.

Талай рет хатымды жыртып тастады. Әйтеуір бір күні одан жауап келді. Біз екі жылдай хат жазысып жүрдік. Мектептегі Алтын күзде белінен ұстап вальс билегенім болмаса, оны ағалары би кешіне, сыныптастардың туған күніне де жібермейтін. Әлі есімде он бірінші сыныпта оқып жүргенімде түнделетіп үй жағына бардым. Бұл біздің алғашқы оңаша кездесуіміз болатын. Бірақ ағасы көріп қойды да мені аямай ұрды.

Содан соң Нәзияға жоламадым. Мектеп бітірдік те мен Алматыға оқуға кеттім. Ал Нәзия Шымкентке оқуға түсті. Сол қалада оның үлкен ағасы тұратын. Ағасының үйінде тұратын ол жазғы демалыста да сыныптастардың бас қосуына келе алмайтын. Қыз бойжетсе де ағалары оны қатаң бақылауда ұстады.

Әкесі қайтыс болған соң ағалары ауылдағы үйін сатып, қаладан Нәзия мен анасына екі бөлмелі пәтер сатып әперді. Бұл кезде Нәзия диплом алып, үлкен ағасының қолында жұмыс істеп жатқан.

Жалпы оның үш ағасы да білдей қызметкер еді. Білімді, көзі ашық жандар. Алайда жалғыз қарындасының тағдырына неге ешқайсысы алаңдамағанына қайран қалам. Қарындасқа қамқор, қорған болған дұрыс, бірақ бағын байламауды да ойлаған жөн.

«Жақсы жігіт жолықса тұрмысқа шық» деп рұқсат беру керек немесе жөні түзу жігітті өздері тауып беруі қажет. Қыз 20-дан асқан соң оны аңдып, ешқайда шығармау – отырып қалуға себеп болады.

Тағы бір қателігі, ағаларының бірі шешесін қолына алып, Нәзияны жалғыз қалдыру керек еді. Ол сонда жалғыздықтың дәмін сезіп, тұрмысқа шығуға қамданар ма еді деп ойлаймын. Анасының қасынан ұзамаған қыз сол өмірді қимайды. Әрине кім болса да мәңгі анасының қасында, сонымен бірге өмір сүргісі келеді.
Нәзияға тағы бардым. Ол анасының ауырып жатқанын, оны жалғыз тастап кете алмайтынын айтып ұсынысымнан бас тартты. Басқаға үйленіп кеттім. Нәзия қалалық ол кезде, ауылдың жігітін менсінбеді деп те ойладым.
Отбасы құрған соң әркім өз-өзімен, тек бас қосуларда ғана сыныптастар туралы сұраймыз. Жиырма жылдық жасамадық. Ал мектеп бітіргенімізге отыз жыл толғанда мен Нәзияны көрдім. Сол күйі ол мүлде тұрмысқа шықпапты. Сылтауы – ауру анасы. Бірақ үш жыл бұрын анасы қайтыс бопты.

«Соңғы он үш жылда көп ауырды. Ағаларымның жұмыстан қолдары босамайтын. Менен басқа кім қарайды? Дәрі-дәрмек, шипажай бәрін ағаларым төледі, ал мен анамның қасында жүрдім. Анама қарадым. Анам қайтқан соң ғана жалғыздықты сездім. Оған дейін тіпті тұрмысқа шығуды ойламадым, оның үстіне ешкім үйленуге ұсыныс та жасай қоймады» деді ол күрсініп.

Ешкіммен араласпаса, қыдырмаса, қайда барса да анасымен бірге жүрсе, ол қалай жігітпен танысады? Нәзия мейлі, ағалары, анасы, жеңгелері неге ойламады екен?

«Тым болмаса бір бала туып алу да ойға келмепті. Енді кеш» деп мұңайған Нәзияны аядым. Енді әйелі қайтыс болған алпыстағы біреуге тиер немесе жалғыздықпен өмірі өтеді. Аянышты...

Нәзия өмірінің көктемі қалай өтіп кеткенін аңғармағанына өзін кінәлады. Ал мен ағаларын кінәладым. Қарт ата-ана ұлдың қолында тұруы керек, солар қарағаны дұрыс. Ал анасымен бірге тұратын қыздың тұрмысқа шығуы қиын...»


Сауран тіпті анасымен бірге тұратын кейбір достарының да сүрбойдақ боп үйленбей қалып кеткенін айтты. Ол ата-аналардың ұл-қызын өбектей беруіне және ағалардың қарындасқа тым қатал болуы олардың бақытын табуына кедергі келтіреді дейді.

Ал сіздіңше, ұлдың, қыздың мүлде отбасы құрмай қартаюына не себеп?


Ұқсас оқиғалар:


«Атам ет бермейді»: түркістандық келіншек бір қора қойы бар қайынатасына өкпелі

«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген