​«Анам екі рет түрмеге түсті»: алматылық азамат анасының мейіріміне зәру боп өскенін айтады

0
1 483

«Екінші мәрте қылмыс жасап, қамалғанын кешіре алар емеспін»


​«Анам екі рет түрмеге түсті»: алматылық азамат анасының мейіріміне зәру боп өскенін айтады

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


"Жұрт маған қызыға қарайды. Тәп-тәуір отбасым, жақсы қызметім, мен деген ауданнан жер үйім, екі көлігім бар. Сонда да «сырты бүтін, іші түтін» адаммын. Іш дертімді досқа айтсам, табалап, сыртқа жаятын сияқты. Одан да ERNUR.KZ оқырмандарына ақтарылып, жеңілдейін дедім", - дейді Рахат (өз өтініші бойынша есімі өзгертілді) деген азамат.


Нағашыларының қолында өскен оқырманымыз түрмеде отырған анасына деген сағынышын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Анам жас кезінде Алматыда білім алып, сол жақта әкеммен танысып, тұрмысқа шыққан екен. Бірақ кейін дәм-тұздары жараспай ажырасып, анам мені көтеріп әке-шешесінің үйіне келеді. Мен ата-әжемнің алтыншы баласы іспетті, солардың бауырында ержеттім. Анам мені тастап, қайта Алматыға кетіп, үлкен қызметтерде істеді.


Обалы не керек, ата-әжем де, нағашыларым да маған жақсы қарады. Не ішем, не кием деген жоқпын. Атам колхоз бастығы боп істеді де, біздің үй ештеңеден таршылық көрмеді. Елдің қолы жете бермейтін қат болған кәмпит, шоколадтарды, импортный киімдерді біз киіп өстік. Нағашы әпкелерім мен ағаларым да дәл солай баршылықта ғұмыр кешті.


Мен ержете бастаған тұста анам мықты лауазымда қызмет етті. Соның арқасында бар тапқан-таянғанын бауырларына жұмсап, мемлекеттің қыруар қаражатын жымқырыпты. Қазынаның ақшасын судай сапырып бір інісіне машина, екінші бір сіңлісіне пәтер әперді, тағы бір інісін өз қаламыздағы лауазымды қызметке тұрғызды. Ауыл адамдарының басы қосылған жерде менің анам сөз болатын.


Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Мен мектеп бітірер жылы анамның қызметіне тексеру жүргізіліп, істі болды. Ұзақ жылға сотталып, бүкіл мал-мүлкі тәркіленді. Кішкентайымнан әжемнің бауырында өскен соң ба, шешемнің сотталғаны жаныма аса бата қойған жоқ. Сонда да ішімде оған деген бір сағыныш бар еді.


Мектепті жақсы тәмамдап, оқуға түсетін жылы ауылға туған әкем іздеп келді. Ол кісі де үйленіп, балалы-шағалы болған екен. Жақсы қызметте істейтінін білдік. «Апа, балама тәрбие беріп, өсіргеніңізге рахмет. Енді мен де әкелік міндетімді орындайын, баланы өзіммен бірге қалаға әкетіп, оқытайын» деп алдынан өтіп, мені алып кетті.


Обалы не керек, әкемнің екінші әйелі де, балалары да мені жақсы қабылдады. Үйінде тұрып университетте оқыдым. Мемлекеттік басқару саласы бойынша үздік бітіріп, қызыл дипломымды алдым. Бұл уақытта нағашыларымның жағдайы нашарлап қалған еді. Анам түрмеге түскесін нағашы ағам қызметтен кетті. Көлік әперген інісі адам қағып кетіп, ол да түрмеге отырып шықты. Екі сіңлісінің бірі тұрмыстан қайтып келіп, әжеме масыл болды. Телефон арқылы хабараларын біліп, анда-санда әжеме барып тұрдым.


Анам түрмеде де тыныш отырмапты. Ертерек босап шығу үшін түрме бастығымен байланысқан көрінеді. Ақырында аяғы ауырлап, мерзімінен бұрын бостандыққа шығыпты. Шыққан соң баяғы әуеніне қайта басып, елге «арзан пайызбен несие әперемін», «мемлекеттік бағдарламамен үй әперемін» деп алдап, талайдың ақшасын қалтаға басқан. Алаяқтықтың соңы тағы да түрмемен аяқталды. Қазір өзі түрмеде отыр. Түрмеде тапқан баласын қартайған әжем бауырына басып, бағып отыр. Шашы ағарып, уайымға салынып біткен. Баяғы күш-қайраты жоқ. Тұңғыш қызының қайта-қайта жаман атын шығарып, темір тордың ар жағына кеткені оңай ма?!


Ойлап отырсам, әжем мен атамның балаларының ешбірі оңбапты. Дүние, мансаптың арқасында дұрыс тәрбие бермеді дейін десем, әжем мені тәп-тәуір бала етіп өсірді. Бөтен ойға қия алмаймын. Шамасы, «баланың өзін тудым, мінезін тумадым» деген осындайдан шыққан шығар.


Маған қазір қызыға қарайтын адам көп. Алайда ішімде мәңгі бітпес жара, анаға деген реніш пен сағыныш жатыр. Анам түрмеде жатқанда мен қайбір жетісіп жүр дейсіз. Ерте ме, кеш пе, анам да түрмеден бір шығар. Сонда үйіме әкеліп бағармын. Бірақ өмірінің жартысын түрмеде өткізген шешем менің балаларыма дұрыс тәрбие бере ала ма, не үлгі-өнеге көрсетер екен? Ал анам ше, маған аналық махаббатын бермегенін ойлана ма? Әй, қайдам, ойланбайды-ау, ойланса екінші мәрте қылмыс жасап, түрмеге қайта түспес еді...»