«Әр босанған сайын күйеуім басқамен кездеседі»: жас келіншек ерінің бұл қылығын түсіне алмай жүр

0
1 613

"Соның кесірінен енді жүкті болғым да келмейді" дейді ол...


«Әр босанған сайын күйеуім басқамен кездеседі»: жас келіншек ерінің бұл қылығын түсіне алмай жүр

Фото: gebelikicin.com

Бойына бала бітіп, дүниеге ұрпақ әкелу, ана атану – әр әйел үшін бақыт. Алайда, осы бір қуанышты күйіңді күйеуің су сепкендей басып отырса ше? Бақытың ортайып қалғандай болмай ма?


Мұндай ойды жазуымызға жас келіншектің ERNUR.KZ тілшісіне сыр ақтаруы себеп болды.

Сайтымыздың әлеуметтік желідегі парақшасына хат жазып, жан сырын ақтарған келіншектің жасы небары жиырма төртте екен.

«Әлі оң-солын дұрыс танып үлгермеген он сегіз жасымда тұрмысқа шықтым. Күйеуім «сүйдім» деді, мен «сендім» дедім, солайша отау көтердік. Алайда, тұңғышыма жүкті кезде-ақ сезімнің де, сенімнің де күл-талқаны шықты.

Бастапқыда бәрі жақсы еді. Жолдасымның мен дегенде шығарда жаны бөлек, қорғаным әрі қамқоршым болып жүрді. Аяғым ауырлағанын білгенде одан сайын асты-үстіме түсіп, бар керегімді түгендеп, не айтсам да жасайтын. Бірақ, ішім біліне бастағанда оның менен қашқақтай бастағанын байқадым. Құрсағым өскен сайын арамыз алшақтай берді. Жұмыстан кейін кешігуді, кейде тіпті түнеуге келмейтін әдет шығарды. Келгенде «қалайсың?» деп бір құшақтап, бетімнен сүйеді, ары қарай өзімен-өзі, маған мән бермейді. Кейде қасына барып еркелеймін, құшақтаймын, мойнына асыламын. Оны-мұны сөйлескен болады да, сәлден соң сытылып шығып басқа бөлмеге барып жатады. Ұят та болса айтайын, арамызда ерлі-зайыптыларға тән ешқандай жақындық қалмады. «Түнде ары-бері аунап, аяғым, қолым тиіп кетіп, ішіңді ауыртып қоярмын» деген сылтаумен бөлек жатуы мен үшін соңғы сигнал болды.


Ол ұйықтап жатқанда телефонын ашып көрдім. Бұрын мүлде қарамайтынмын. Соны білгендіктен, ешқандай құпиясөз қоймайтын. Сөйтсем, телефоны махаббат хаттарына толып тұр екен. Әлеуметтік желі арқылы да, қоңырау шалып та сөйлескен, видеоқоңыраулар да тұр. Ызадан жарылып кете жаздадым.


Әрине, бұл жайды біз ұзақ талқыладық. Ұрыс та, жай сөйлесу де, түсінуге тырысу да, «кетем, ажырасам» деп қорқыту да – бәрі болды. Оның ұрпағын көтеріп, дүниеге әкелуге дайындалып жүрген кезімде осындай опасыздық жасағаны жаныма аяздай батты. Бірақ, қанша ашулансам да, жыласам да, күйеуім бұл ісінен еш әбестік көрмейтінін айтып, кешірім де сұрамады. Айтуынша, маған жақындауға іштегі балаға зиянын тигізіп алам ба деп қорқады екен. Сондықтан, мен босанып, қырқымыздан шыққанша осылай басқа қыздармен сөйлесіп, қажеттілігін өтей тұрмақшы болыпты. «Бұл – уақытша, сенің жағдайыңды ойлап қой осылай жүргенім, сені дәл бұрынғыдай жақсы көремін» деп мені тынышталдыруға, сендіруге тырысты.

Күйеуімді шын сүйгеннен ба әлде жастығым ба, мүмкін дәрменсіздігім болар, көндім. Ары қарай да оның басқа қыздарға барып келетінін біліп жүрдім. Осылайша жылап-сықтап, стресте жүріп қызымды босандым. Қырқымыздан шықтық. Ай артынан айлар зулап өте берді. Күйеуім қайта бұрынғы қалпына келгендей. Ақыры бәріне көндіктім екен, енді есіме жиі ала бермейін, өз шаңырағымның шырқын өзім бұзбайын деп мен де ұмытуға тырыстым. Әрине, оңай болған жоқ. Бастапқыда одан жирендім, көңілім қатты суығандықтан, бұрынғы жақсы көрудің жұрнағы да қалмаған еді. Бірақ, қызымыздың толыққанды отбасында өсуі үшін деп барымды салдым. Арақатынасымыз біртіндеп қайта жақсарғандай...

Бірақ, екінші баламды босанар алдында осы жағдай тағы қайталанды. Тағы тура сол алдыңғы әңгіме. Маған жақындауға қорқады, баламыздың денсаулығына зиян келтіргісі келмейді...


Бірақ бұл кезде мен жүктілік кезінде денсаулық жағдайына байланысты дәрігер тыйым салмаса, жақын қатынасқа басқа ешқандай кедергі жоғын, қайта ол жеңіл босануға көмектесетінін білгенмін. «Маған да, балаға да еш зияның тимейді, қайта пайдалы екен» деп қанша айтсам да, алған бетінен қайтпады. Қанша ауыр тисе де, тағы көнуіме, мұны маған беріліп тұрған сынақ шығар деп қабылдауыма тура келді.


«Мұнысы – маған жасаған опасыздығы. Мені сыйламағаны. Жақсы көрген адам қалайша бұлай жүреді? Неге көніп жүрсің? Сенің ата-анаң, сөзіңді сөйлейтін адамың, барар жер, басар тауың жоқ па? Неге өзіңді басыңдырасың?!» - іштей осындай жаман ойлар жегідей жейді. Күнде түн жамылып жылап аламын. Сонда да оның «Уақытша ғой. Баламызды босанып, қалпыңа келіп ал, сосын бәрі қайта орнына келеді. Сені бұрын қалай жақсы көрсем, қазір де солай жақсы көремін» деген сөздеріне өзімді қинап, мәжбүрлеп сендіремін.

Бір қуанатыным, босану, қырқынан шығу уақыттары өткен соң бұл сынақтың артта қалып, бәрі қалпына келетіні рас секілді. Екінші ретте де солай болды.

Қазір шүкір, арамыз жақсы. Күйеуім маған бұрынғыдай қарайды. Тіпті одан да қатты сыйлап тұратындай. Қызымыз беске, ұлымыз төртке толады, бұйырса. Енді күйеуім тағы да бала керек деп жүр. Көпбалалы отбасы болғанымызды қалайды. Өзім де сәбидің иісін сағынып жүрмін. Бірақ баяғы сынақтың қайта оралатынын ойласам, бетім қайтып қалады. Сүйген күйеуіңнің өзге қыз-келіншектерге көз салғанын, көңіл жарастырғанын біліп жүріп іштен тыну – ауыр азап. Осы бір азапты жолдан қайта өткім келмейді. Күйеуім «Қорықпа, ол жағдай қайталанбайды» дейді. Бірақ мен сенуден қалғанмын. Осы қорқыныш пен сенімсіздіктің кесірінен екі баламен қалып қоямын-ау деген де ой келеді кейде... »


Жиырма беске жетпей жатып сатқындықтың ащы дәмін татқан келіншектің бүгінгі ең үлкен уайымы – осы.


Ұқсас оқиғалар:


«Ұлым асырап алған қызыма ғашық»: алматылық әйел мәселесімен бөлісті


«Үлкен балам үйден азық-түлік ұрлайды»: түркістандық ана тәрбиеде жіберген қателігін айтты